Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы жылдамдықты шамадан тыс асырғандар мен мас күйінде рөлге отырғандар екен. Биылдың өзінде елімізде 10 мың азамат алкогольді ішімдік ішіп, есірткіге еліткен күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік қамауға алынса, 12 мың адам көлік басқару құқығынан уақытша айырылды. Ал мас күйінде көлік жүргізген мыңға жуық азамат жүргізуші куәлігімен өмір бойына қош айтысты. Алайда ережені елең қылмайтындар үшін жасалған мұндай жаза жол апатын азайта ала ма?
Камера саны көбейтілді
Қазір қауіпсіздік белбеуін тағып, рұқсат етілген жылдамдықпен жүретін жүргізушілер аз. Көлік тізгіндегендердің көбі рөлде келе жатып телефон шұқылап отыратынын жиі байқауға болады. Бағдаршамның қызыл түсінен қиқулатып өте шығатын жүргізушілер де, жаяу жүргінші жолағында қатты жылдамдықпен жүйткитіндер де баршылық. Ал масаң күйде көлік басқаратындарды жауапкершілікке тартқызғанмен, жаза мерзімі біткен соң «ескі әніне» басатындары жетерлік. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер арасында көлік дөңгелегінің астына түсіп, дүниеден озып жатқандар көбейді. Апта соңында тұрғындардың арыз-шағымын онлайн режимде қараған Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев аймақтағы жол-көлік оқиғаларының 95,1 пайызы жол ережесін елең қылмайтын жүргізушілердің кінәсінен болғанын айтты. Ал ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің айтуынша, биыл тәртіп сақшылары бақылау камерасының көмегімен 1,6 млн бұзушылықты анықтаған. Соның ішінде әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің жылдамдықты асыруынан болып отыр. Сол үшін былтыр жергілікті атқарушы органдармен бірге қосымша 3,5 мың камера орнатылды. Бүгінде жол ережесін бұзғандарды бақылайтын камера саны 13 200-ден асады. Полицияның қатысуынсыз, камералар анықтаған жол ережесін бұзу фактілері қазірдің өзінде он пайызға артып, 150%-ға жеткен.Жүргізу куәлігінен бірден айыру керек
Әлем елдерінде тасжолдағы тәртіпті ретке келтіру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Былтыр Ресей Федерациясы кеңесінің мүшесі Сергей Леонов алкогольді және есірткі қолданып, жол қозғалысы ережесін бірнеше рет бұзғандарға жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру жазасы қолданылу керек деп мәлімдеді. «Егер көлік тізгінін масаң күйінде басқарса, оны бірінші рет бір жылға, екінші рет екі жылға, ал үшінші рет өмір бойына құқығынан айыру керек», – деді сол кезде кеңес мүшесі. Биыл осы ұсыныс көрші елдегі жол қозғалысы ережелеріне қатысты заң нормаларын өзгертуге септігін тигізді. Ресей конституциялық соты ішімдік ішіп көлік жүргізгендерді жүгендеу үшін осындай жаза қолдануды құптап отыр. Дегенмен сот шешіміне қарсы пікір айтушылар да көбейген. Олардың пікірінше, мұндай жаза тым қатал құқықтық салдарға әкеледі. Мәселен, Калининград облысында бір азамат 14 рет мас күйінде көлік жүргізіп, төрт рет сотты болған. Астрахань облысында да көлік тізгінін мас күйінде басқаратын біреу 2016 жылдан 2018 жылға бірнеше рет жауапқа тартылыпты. Бұл жазаны қаншалықты қатайтқанмен, жауапкершілікті сезінбейтіндердің санын қысқартпайтынын көрсетіп отыр. Бірақ мемлекеттік дума маскүнем жүргізушілерге сабақ болатын жаңа заңды күшіне енгізуге барынша қолдау білдірді. Латвияда да соңғы екі жылда жол ережесіне байланысты заңға бірқатар өзгеріс енгізді. Оның ішінде есірткі немесе алкогольді мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1,5 промилледен 1 200-ден екі мың еуроға дейін айыппұл және бес жылға дейінгі мерзімге құқығынан айыру тағайындалды. Егер алкогольді масаңдық 1-1,5 промиллені құраса, айыппұл 850-ден 1 400 еуроға дейін, үш жылға дейінгі мерзімге құқықтан айыруға жазаланады. Ал алкогольді немесе есірткіні пайдалану арқылы жол-көлік оқиғасын жасаса, 1 200-ден 2 000 еуроға дейін айыппұл, бес жылға дейінгі мерзімге құқығынан айыруға әкеліп соғады. Есірткі заттарының немесе алкогольдің болуына талдау тапсырудан бас тартуға да жаза бар. Ал жазадан кейін де көлік тізгінін ішімдік ішіп, бірнеше рет ұсталса, жүргізуші куәлігінен өмір бойы айырылады. Молдова билігі өзге елдермен салыстырғанда жол ережесіне жүрдім-бардым қарайтын жүргізушілерге тым қатал. Бұл мемлекетте мас күйінде көлік жүргізушілерінің санын едәуір қысқарту үшін біраз жылдан бері жазаны қатайтты. Мәселен, мас күйінде бірнеше рет рөлге отырғандардың көлігі тәркіленіп, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру жазасына кесіледі. Дегенмен осы жазаның өзін тым жұмсақ екенін айтқан молдавалық заңгерлер пробация инспекциясында есепте тұрған адам саны 2017 жылы 700 адамға өскенін айтқан. Сондықтан олар көлік жүргізу кезінде алғаш рет мас болған жүргізушілерді де бірден жүргізу құқығынан айыруды ұсынды. Өйткені дәл осындай жаза Тайланд пен АҚШ-та бұрыннан қолданылады екен.Стандартқа сай жол жасалсын
Заңгер-құқықтанушы Ирак Елекеев жол апатының артуына жүргізушілердің жүгенсіздігі ғана емес, мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстың жүйесіздігі де себеп болып отырғанын айтады. «Қалааралық жолдарды екіжолақты етіп салу керек. Өйткені көлік жүргізушілері көп жағдайда қарсы бағытқа шығып, жол апатының алдын аламын деп жол-көлік оқиғасын жасайды. Батыс Еуропа–Батыс Қытай көлік жолын осы стандартқа сай салдырдық. Осы жолдағы жол-көлік апаттары азайғанын немесе көбейгеніне зерттеу жүргізген ешкім жоқ. Екіншіден, шетелдегідей әрбір көлікті спутник арқылы космостан бақылап отыратын мүмкіндікті қарастыру қажет. Шетелде талай болдық қой. Көптеген елде кешкі сағат 9-дан таңғы сағат 6-ға дейін ауыр жүк көліктері мен автобустарды жүргізбейді. Себебі түнгі уақытта жол апаты болудың қауіп-қатері басым. Бізге де сондай ережені енгізу қажет. Бізде қазір жылына 3 000 адам жол-көлік оқиғасынан қаза табады, қаншама адам жарақат алып жатыр», – дейді Ирак Елекеев. Белгілі заңгер Абзал Құспанның айтуынша, жартылай қабылданған шешімнің соңы мәселенің шешімі бола алмайды. «Кешенді түрде кіріспеген соң шикі шешім жол-көлік апатын азайтуға септігін тигізе алады дегенге сенбеймін. Жол ережесін жиі бұзатын адамдардың жүргізуші куәлігін алып жазалаудан бұрын осы куәлікті беретін кезде бас ауырту керек еді. Көлік үйрену курстары мен куәлік беретін орындарды тексеруден бастау керек» деп санайды заңгер. Сондай-ақ елдегі қырық жылдан бері жөндеу көрмеген ойқы-шойқы жолдардағы жауапкершілікті мың жерден қатайтқанмен, сапасыздықтың соңы орны толмас оқиғамен аяқталуы әбден мүмкін. Көлік жүргізушілері де заңгерлердің пікірімен толығымен келіседі. Олардың ойынша, сапалы жол салып, бақылауды күшейтсе, жүргізушілер тарапынан да ережені ескеріп, тәртіпке бағынатындардың қатары артуы мүмкін. Ең бастысы, тасжолдың бойындағы тәртіп жөнге келіп, жол-көлік оқиғасының саны азаяр еді.Жадыра МҮСІЛІМ