Жуырда Аруна Тұрғын есімді қыз Instagram әлеуметтік желісіндегі «Критика Шымкент» парақшасына өзінің жанайқайын жеткізді. Ол Шымкент қаласы Silkway университетін бітіргенін, алайда қазір ол университеттің лицензиясынан айырылғанын айтады.
Арунаның айтуынша, студенттердің біразы университеттің лицензиясынан айырылғаны туралы ақпаратты Білім және ғылым министрлігінің сайтынан көрген. «Ал оқу орнындағы басшылық немесе кураторлар еш түсіндірме жұмыстарын жүргізбейді. Бәрін сырттан естіп жүрміз. Ал бізге диплом бермей жатыр, дұрыс, нақты жауап жоқ. Жұмысқа тұруымыз керек, не істейміз?» деп қалдырыпты ол өзінің жазбасында. Осынау жазбаға пікір қалдырушылардың біраз бөлігі аталған университет студенттері және студент жанашырлары енді не болатынын айтып алаңдайды. Шындығын айтсақ, осынау оқу орнының лицензиясынан айырылып, жабылғаны туралы ақпарат жұртқа тарамай қалды. Бұқара осыдан бір ай бұрын Silkway университеті өзінің атауын «Орда» деп өзгертіп, оған жаңа ректор тағайындалғанын ғана біледі. Ал білім ордасына қатысты мұндай жағымсыз ақпаратты көпшілік естімей қалды. Білім және ғылым министрлігінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Шымкент қаласындағы «Орда» университеті (бұрынғы Silkway университеті) ғана емес, «Мирас» университетінің де лицензиясынан айырылғаны жазылған. Ал аталған оқу орнының студенттері шарқ ұрып, сандалып, министрліктің сайтындағы ақпаратқа сенерін не сенбесін білмей дал.Қателікті түзеумен емес, соттасумен айналысқан
Осыдан 4 апта бұрын шыққан Білім және ғылым министрлігінің парақшасындағы ақпаратта Шымкент қаласының екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылғаны, олардың «Орда» (бұрынғы Silkway Халықаралық университеті) мен «Мирас» университеті екені айтылған. «2020 жылы «Орда» және «Мирас» университеттерін тексеру барысында білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар анықталды. Екі ЖОО-ның қызметі тоқтатылып, оларға анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілді. Алайда жоғары оқу орындары қателіктермен жұмыс жүргізбей, 8 ай комитеттің лицензияны тоқтата тұру туралы шешіміне шағымданумен айналысты. Бірақ соңында сот комитеттің шешімін өз күшінде қалдыру туралы үкім шығарды. Ал университеттің көптеген шағымы қанағаттандырылмады. Енді Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 1 шілдедегі шешімімен аталған екі жоғары оқу орны бас лицензиясынан айырылды», – деп жазылған онда. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының не үшін жабылғанына да түсінік берген. Екі жоғары оқу орны да мамыр айында қайта тексеріліп, олардың қателіктермен жұмыс жүргізбегені анықталған. «Ең басты мәселе кадрларды даярлау сапасында болды. Мысалы, «Орда» университетінде оқитындардың 97 пайызы шекті балдан өте алмады және оқу процесінде алынған білім мен құзыреттердің жеткілікті деңгейін растай алмады. Екі университетте де кестеге сәйкес жаппай сабақ өткізбеу фактілері анықталды. Бағалар қойылмаған, бекітілген кестеге сәйкес емтихандар өткізілмеген, пәндер толық көлемде оқытылмаған. Тиісті 5 кредиттің орнына тек 3 кредит игерілген. Барлық пән оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілмеген. Оқытушылардың бекітілген педагогикалық жүктемесі мен оның нақты орындалуы арасында үлкен айырмашылықтар бар, яғни оқытушыда жүктемеде белгілі бір пән бойынша дәріс оқу жоспарлануы мүмкін, ал іс жүзінде ол оны оқымайды», – деп атап өткен БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы бақылау басқармасының басшысы Эльвира Сапарбекова. «Бұған дейін Тәуелсіз білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігі де осы жоғары оқу орындарын аккредиттеуді тоқтатты. Сондықтан бұл университеттер түлектерге диплом бере алмайды. Диплом алу және оқуды аяқтау үшін студенттер басқа университеттерге ауыса алады» делінген ресми парақшада. Осынау жазбаға пікір қалдырғандардың арасында жекеменшік оқу орны болса да, әкімдік грантқа ілінген студенттердің бар екені, олардың жағдайы не болатынына алаңдағандар кездеседі. Басқа ЖОО-на ауысқанда студенттің оқу орнын өзі таңдауға мүмкіндігі бар не жоғын білгісі келетіндер де кезікті. Тағы бірі «Лицензиясы 8 айға тоқтатылып, уақыт берілген кезде неге «Мирас» университетінің әкімшілігі оқу жылын жалғастырады? Бұл қаншалықты заңды? Неге сол кезде студенттерге ауысып кетуге мүмкіндік бермеді?» деп ренішін білдіріпті.«200 мың теңгені екі айда тауып беремін»
«Мирас» университеті 1997 жылы ғылыми-оқу орталығы негізінде құрылған. Бүгінде 40-қа жуық мамандығы бар осынау оқу орнын таңдаушылар да көбейген. Алайда жоғарыда аталып өткен кемшіліктер шынында оқу орнында лайықты маман шықпайтынын айғақтап отыр. Біз аталған жоғары оқу орнына барғанымызбен басшылықтан ешкімді таба алмадық. Басшылардың біразы кезекті еңбек демалысында, кейбірі денсаулығына байланысты емделуге кеткенін атап өткен студенттерге қызмет көрсету орталығының жетекшісі Жанболат Мелдехан оқу орнының лицензиясына қатысты ешнәрсе де айта алмайтынын жеткізді. Біздің көзімізше осынау сұрақтарға жауап беретін лауазымды тұлғамен телефон арқылы байланысқанымен, ол өзінің бізге хабарласатынын айтты. Біздің байланыс нөмірлерімізді алғанымен, сол күйі хабарласпады. Бірнеше мәрте Жанболат Бахытұлына шыққанымызбен еш нәтиже болмады. Мұндайға «сұрақтан қашып отыр» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Ал студенттерге қызмет көрсету орталығы бүгінде басқа оқу орнына ауысып кетушілер мен өзге оқу орнынан ауысып келгендермен жұмыс жүргізіп отыр екен. Университетте бірен-саран адам болмаса мүлгіген тыныштық байқалады. Алматыдағы мемлекеттік оқу орнынан ауысып келіп жатқан 3-курстың студенті мұнда оқу ақысының төмендігін, жыл бойына бар-жоғы 200 мың теңге төлеуге болатынын айтады. «200 мың теңгені 2 айда жұмыс істеп тауып беремін. Мұнда мұғалімдермен келісіп сабаққа бармай-ақ жұмыс істеуге де болады. Иә, оқу орнында кездесіп жатқан проблеманы естідім. Бірақ құжат қабылдаушылар университет жабылып қалған күнде басқа оқу орнына автоматты түрде өтетінімізді ескертті. Далада қалмапсыз», – деп жайбарақаттық танытты аты-жөнін атамауды өтінген студент. Тағы бір 2-курс студенті бұл оқу орнының ұнамағанын, күмәнді жәйттердің көп екеніне алаңдап, құжатын алып кетуге келгенін айтты.Лицензиясынан айырылған оқу ордасында мәселе көп
Жуырда ғана атын «Орда» деп өзгерткен оқу орны бұдан бұрын да бірнеше мәрте атауын ауыстырған болатын. Бүгінде 30 жылға жуық тарихы бар бұл оқу орны 1992 жылы Шығыстану университеті болып ашылған. Кейін 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, одан соң 2018 жылы халықаралық Silkway университеті деген атауды иемденді. Қалай болғанда да, қалыптасқан атауды ауыстыра беру күмәнді. Әсіресе, университеттерге! «Орда» университетінің алды ығы-жығы. Келушілердің басым бөлігі құжаттарын алып кетпек. Біразы талапкер. Оқу орнына құжат тапсыруға келіпті. Шалғайдан келген ана «осы оқу орнында оқиды» деген анықтаманы ала алмай тұрғанына қапалы. «Жәрдемақы алу үшін керек құжатты бермей жатыр. Неге екенін білмеймін. 25-нен кейін келіңіз» деп шығарып салды», – дейді ол. «Оқу орнының жабылғаны туралы әркімнен естідік. Бірақ кураторымыз ешнәрсе айтар емес. Сұрасақ, білмейміз деп жауап береді. Жаңа оқу жылы басталып келеді. Сосын далада қалармыз деп қорқып, құжатымызды алуға келдік. Оқу ақысына 180 мың теңге төлейтін едік, басқа жекеменшік оқу орнында да солай екен», – дейді филология факультетінің бір топ студенті. Бірінші курсты тәмамдаған жігіт былтыр шекті балға жетпесе де, 35 балмен таныс тауып, ақша беріп, оқуға қабылданғанын айтты. Бірақ шекті балға жеткізу үшін 4 мәрте мүмкіндік беріледі екен. Төртінші мүмкіндік бойынша тест тапсыруым керек дейді ол. Университет президентінің кеңесшісі Ирина Евгеньевна қазір университеттің лицензиясы жоғын растады. Соған қарамастан студенттердің оқуын одан әрі жалғастыруы үшін өзге жекеменшік оқу орындарымен бірігу шаралары жүріп жатыр екен. «Негізінен, Шымкент университетімен серіктестік құратын шығармыз. Әрине, оған дейін барлық студенттің өз қалауы бойынша Қазақстанның кез келген аймағындағы оқу орнына ауысуына мүмкіндігі бар. Лицензиямыздың жоғына орай талапкерлерді қабылдап жатқан жоқпыз. Министрліктің келісімімен Орталық Азиялық инновациялық университетімен келісіп, бітіруші түлектерімізге диплом бергелі жатырмыз. Оқу орнының сайтына қандай факультетке қай күні диплом беретініміздің кестесі жазылған. Ал дефектология мамандығы бойынша аздап мәселе болып тұрғаны рас. Себебі жекеменшік оқу орындарында мұндай мамандық жоқ екен. Сонда да мемлекеттік оқу орындарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Таяу күндері шешіліп қалады. Министрлік мұның бәрінен хабардар», – деді Елена Ефимовна.Студенттердің обалы кімге?
Иә, жанайқайын шырылдап жеткізген Аруна Тұрғын да дефектология мамандығын бітіріп жатыр екен. Оның айтуынша, белгісіздіктен шаршаған. Жетекшілері мардымды жауап бермейді, «сұрасақ өзіміз де білмейміз деп ұрысып береді» дейді ол. «Басқа мамандықтар бойынша бітірушілер диплом алатын болыпты. Ал біздің мамандық бойынша әлі келіссөз жүргізбеген. Ата-анамыз да күніге сұрайды. Өздері баруға алыс ауданда тұратын болғандықтан жете алмай отыр. Біз ешнәрсені шеше алмаймыз. Жаңа оқу жылы басталып қалды. Осы уақытқа дейін дипломымызды алып, магистратураға тапсыруымыз керек еді. Әрі жұмысқа да тұра алмай отырмыз. Бәрінен кеш қалатын болдық», – деп шағымданады Аруна. Дәл қазір екі группадағы 60 студент дипломын алатынын не алмайтынын білмей сандалып жүр. 5 000-ға жуық студенті бар осынау іргелі оқу орнының басшылығы әрбір факультетке, кураторларға нақты мәселені ресми мәлімдеп, студенттердің даурықпауын айтып түсіндіруге, серіктес жоғары оқу орындарының атынан диплом алатынын айтса болмас па? Біз кезіктірген студенттердің барлығы да күдік, күмәннан шаршағанын жеткізді. Одан бөлек, 8 ай бойы кемшілікті түзетумен емес, министрлік шешімінің күшін жоюмен айналысқан оқу орындарынан не қайыр?Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы