Жетісудағы 71 ауылдық округте өткен әкімдер бәсекесінде аты озғандар арасындағы екі нәзікжандының бірі – Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылдық округінің тізгінін ұстаған Венера Берікова.
Ауылды жерге қажетті екі бірдей мамандықты: ветеринарлық пен қаржыгерлікті қатар меңгерген Венера Берікқызы өзі әкімі болып сайланған Ойтоған ауылында туып, осы жерден үлкен өмірге қанаттанған. Қазірге дейін мемлекеттік қызметтің бірнеше баспалдағынан өтіп, шыңдалған, ысылған, ауылдың тірлігін жақсы біледі. Соған сай ол жаңа лауазымын лайықты атқаруда қинала қоймайтынына сенімді. Ауылын аудан, облыстағы алдыңғы қатарлы ауылдар қатарынан көргісі келеді Әуел бастан мемлекеттік қызметті таңдаған. Осы салада жүріп азды-көпті он бес жыл тәжірибе жинапты. Ендігі мақсаты – алған білімі мен жинаған тәжірибесін елінің, оның ішінде туған жерінің игілігіне жарату, жерлестерінің замана көшінен қалмауы жолында қызмет ету. Венера Берікқызы елімізде алғаш рет ұйымдастырылып, қалың бұқараның көңілінен шыққан ауыл әкімдерін тікелей сайлауды мемлекет тарихындағы аса маңызды демократиялық қадам деп санайды. Жаңадан сайланған әкімдер елімізде жүргізіліп отырған саясатты барынша қолдап, бірінші кезекте өздеріне үміт артқан халықтың қамын ойлап, өңірдің өркендеуіне күш салады деп ойлайды және оған қатысты сенімі де берік. Су жаңа әкім Қазақ ұлттық аграрлық университетін ветеринария мамандығы бойынша бітірген 2006 жылы өзі түлеген аудандағы қызмет жолын «Ақсу аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінде хатшы-машинистка болып бастады. Араға жыл салып барып «Қызылағаш ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің бас маманы, одан кейін «Текелі қалалық ауылшаруашылық бөлімі» мелекеттік мекемесінің жетекші маманы қызметтерін атқарған. Еңбек ете жүріп, Ө.Жолдасбеков атындағы құқық және экономика академиясын «қаржыгер» мамандығы бойынша аяқтаған Венера 2008 жылдың сәуір айынан бері «Ақсу аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінде бас маман болған. Енді, міне, өзі туған ауылдың әкімі міндетін орындауға кірісті. Астана қаласында өткен республикалық «Жас Отан» Жастар қанатының ІІ съезіне делегат болуы, «Nur Otan» партиясының Ақсу аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының мүшесі екені оның қай салада болмасын, белсенділікпен дараланатынын, жауапты істердің басы-қасында жүретінін аңғартады. Еңбектегі жетістіктері мерейтойлық медальдармен, төсбелгілермен, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен бағаланғаны да оның көшбасшылығын білдірері анық. – Адам қандай да болсын жетістіктерге өзін-өзі жетілдіру, қамшылау арқылы жетеді. Жоғары білім алған жылдарымнан басқа кездің барлығы ауылдың тірлігімен байланыста өрбіді. Қызмет баспалдақтарым да осында қаланды. Сондықтан жергілікті жұрттың жағдайын, ауылдастарымды не толғандарынатынын, қандай мәселелер мазалайтынын жақсы білемін деп сеніммен айта аламын. Әкімдікке сайлауға түсу аяқ астынан келге ой немесе оқыстан жасалған қадам емес. Ойлана, толғана, өз мүмкіндігімді саралай келе қабылданған шешім. Басында қобалжыдым, «Жұрттың сенімінен шыға аламын ба, олар артатын үмітті ақтауға шамам келе ме?» деп алаңдағаным рас. Сайлауда жолым болмаса, тауым шағылып, бетім қайтып қала ма деп те ойладым. Ең бастысы сенімге ие болу мен соны ақтау ғой. Ендігі жерде өзіме үміт артқан жерлестерімді жерге қаратпауға бар күш-жігерімді салып, білім-білігімді жұмсаймын, – деген әкім қарындасымыздың алдағы жылдарға белгілеген бағдарламасы да байыпты екен. Ауданның, оның ішінде Ойтоған ауылының экономикасындағы жетекші сала – ауыл шаруашылығы болғандықтан, осы бағыттағы барлық мүмкіндікті тиімділікпен пайдалану керек. Ол үшін ауылға инвесторлар тартып, сол арқылы егістік жерлерді заманауи технологиялармен игеруге күш салған жөн. Мал шаруашылығын дамыту, төрт түлікті асылдандыру, мал өнімдерін өндіру мен сатуды жолға қою да ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға жол ашары анық. Ол үшін қазір күйіп тұрған жайылым мен шабындыққа қатысты, жерге байланысты мәселелерді де заңға сай реттеу қажет. Жайлау жағдайын орман шаруашылығымен келісіп шешуді жүзеге асыруға болады. – Жастардың ауылдарда тұрақтауына жол ашатын қадамдарды ойластырған дұрыс. Ауыл жастарының дұрыс ұсыныстарына, бастамаларына, дарынды жастарға (шығармашылық, өнер, ғылым, спорт т.б. салалар бойынша) қолдау көрсетуге де назар аудару қажет. Сонымен бірге ауылдарда мәдениет ошақтарының жұмысын бүгінгі заман талаптарына сай жолға қою, тұрғындардың бос уақыттарын мәнді де, сәнді, өзіне де, қоғамға да пайдалы етіп өткізуін де ойластырамыз. Ойтоған ауылдық округі аумағында ауыл тұрғындарына жаңа жер телімдерін беру бағытындағы жұмыстарды бақылауда ұстау, аталған аумақта инфрақұрылымның (ауызсу, жол, электр энергиясы) қалыпты болуын қамтамасыз ету де кезек күттірмейді. Жеке шаруа қожалықтарына техникалар мен жабдықтарды несие мен лизингке сатып алуға көмектесу, ауылдарда орта және шағын бизнес өндіріс нысандарын ашуға арналған несие бағыттары бойынша жәрдемдесуге де көңіл бөлген жөн. Әлеуметтің жағдай әрдайым басты назарда болуы тиіс. Мүгедектердің қоғамнан оқшау қалмауын қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларына жәрдемдесу – қанымызда бар қасиет. Соны жоғалтпайық. Ең бастысы, ауызбірлігімізге, түсіністігімізге сызат түспесін, ынтымақ бар жерде ырыс та көп күттірмейді, – дейді Венера Берікқызы.Болат АБАҒАН, Алматы облысы