Адам өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналған инфрақұрылымның ішіндегі аса өзектісі – жолдар. Алайда осы бір салаға қанша миллиардтаған қаражат бөлініп жатса да, қалың көпшілік оның сапасыздығына жиі наразылық білдіреді. Тіпті, жергілікті әкімдердің әлеуметтік желілері мен жеке блогтарына түскен арыз-шағымдардың негізгі бөлігі де осы жол жайында. Ақмола облысындағы жолдардың да жөндеу жүргізілгеннен кейін арада 6 ай өтпей жырым-жырым болып жататыны жасырын емес.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс аумағында биыл 700 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдардың жөнделетінін мәлімдеген. Аталған мақсатқа бюджет қоржынынан 36,3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Әкім жергілікті маңызды жолдардың сапасын 78 пайыздан 82 пайызға дейін жақсартылатынын хабарлады. Сондай-ақ облыста кейінгі үш жылда 1300 шақырым жергілікті және ауыл жолдарына жөндеу жүргізілгені аталды. Алайда жергілікті жолдардан көлік түгіл адам жүре алмайтын ойлы-шұңқырлар жиі ұшырасады. Шалғай ауылдарды айтпағанда, елорданың іргесіндегі Ақкөл, Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарындағы жолдардың жыры бітпей тұр. Жөндеу жүргізілсе де, араға жыл өтпей таз қалпына қайта түсетінін халық айтып жалыққан. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қара жолдың азабын тартқандардың жолдарды жөндеуді жалына сұраған жанайқайы жетіп артылады. Мәселен, облыс әкіміне шағымданған nur_dike есімді желі қолданушысы Ақкөл ауданындағы жолдардың жыл өтпей жатып жырым-жырым болғанына наразылық білдіріпті.«Ақкөл ауданында Ақкөл қаласынан Талқарға дейінгі жолға орташа жөндеу жасалған. Араға жыл өтпестен барлық асфальт бойындағы шайыр мен битум тұтастай жарылып, жырым-жырым болды. Неге облыстың Жол басқармасы мен Көкшетау жолдары кепілді міндеттеме шеңберінде келтірілген ақауларды түзетпейді? Аталған әрекетсіздік жол жөндеушілердің жөндеу кезінде сапасыз материалдар қолданды-ау деген ойға жетелейді. Сондай-ақ жұмысты сапасыз істеп, осы үшін 700 миллион теңге жұмсалыпты. Автожолдар басқармасына Ақкөл – Талқар жолдарындағы жарылған битумдардың ақауларын жөндеуге бірнеше мәрте өтініш жолданған. Бірақ тиісті түрде қаралмай еш нәтиже болған жоқ», – дейді ол жазған шағымында.Аталған шағымға назар аударған Ақмола облысы жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы филиалы бұл жолға тексеріс жүргізілетінін жазды. Өңірдегі жолдардың жөндеу жұмыстарының қалай тексеріліп жатқанын білмек мақсатында біз аталған ведомствоға да жүгіндік. Облыс аумағындағы жолдардың сапасыздығын және мердігерлердің өз міндеттеріне салдыр-салақ қарайтынын Ақмола облысы бойынша жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы филиалы да мойындады. Ведомствоның мәліметінше, облыстың жергілікті маңызға ие жолдардан алынған сынамалардың 29 пайызы нормаға сәйкес келмеген. Ведомствоның мәліметінше, орталық республикалық маңызы бар жолдарға 242 рет, облыстық, аудандық және жергілікті маңызы бар жолдарды тексеруге 118 мәрте шыққан. Зертханада жүргізілген қорытындыларға қарағанда, республикалық маңызы бар жолдардан 59 сынама алынып, соның 14-і нормативтік құжат талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған.
«Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 560 мәрте шыққан орталық инженерлері 164 сынаманың, яғни 29 пайызының талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Жолдардағы талаптарға сәйкес келмейтін ақаулар үшін мердігер компанияларға берілген ескертулер негізінде 58,8 миллион теңгеге заңбұзушылықтар қалпына келтірді», – деп толықтырды филиал директоры Талғат Жүсіпов.Ал Ақмола облысы Автомобиль жолдары басқармасының басшысы да жөнделген жолдардың сапасыз болғанын мойындады.
«Өңірде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 38 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 232 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, соның 172-сі биыл аяқталмақ. Жолдардың сапасы тексеріліп, 102,5 миллион теңгенің асфальт жабыны қайта төселді. 5 мердігер компания мен төрт техникалық қадағалау әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды», – дейді басқарма басшысы Владимир Кулаков.
P.S. Сонымен, өңірдегі жолдардың сапасын талапқа сай ету мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Тиісті мемлекеттік органдармен қатар әрбір азамат бақылауды күшейтпесе, баяғы жартас сол жартас күйі қала беруі әбден мүмкін...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы