Әлем елдерін шарасыз күйге қалдырып, дағдартқан пандемияның өткен жылғы қаралы көші жалғасып жатыр. Еліміздің батыс аймағындағы Атырау өңіріндегі той-думан мен дүниеден өткендерге құран оқыту қаделеріне баруға тоқтам болмай тұр. Мониторинг топтарының да жұмысы баяу болуы өңірдің «қою қызыл аймақта» ұзақ қалуына себеп болды.
Атырауда кейінгі кездері тәулігіне 500-ге жуық адамнан коронавирус анықталып жатыр. Алайда бастапқы кезде үйлену тойларына да қорқақтап баратындар бұл күндері мерейлі жастарын атап өтушілердің думанын да қалдырмайтын болды. Дүниеден өткен жандардың қаделеріне бармауға «Ұят» себепші болып тұр. Ұятты ойлап, қыдырыстаудың соңы жасанды дем алу аппаратына тәуелді болатын жағдайға жеткізген жайы бар. Атыраудың барлық ауруханасы науқасқа толы. Жансақтау бөлімінде 89 адам жатыр. Аймақта қалалық және аудандық аппарат әкімдерінің өкімдерімен 64 мобильді топ құрылып, қазір карантин шараларының сақталуына мониторинг жүргізіліп жатыр. Облыстық әкімдіктен берілген ақпаратқа сүйенсек, 2021 жылғы 1 қаңтар мен 11 тамыз аралығында 11418 рейдтік тексеріс өткізіліп, 46 796 нысан қамтылған. Облыс бойынша мониторинг топтарымен 739 құқықбұзушылық бойынша материалдар түсті. Оның ішінде жұмыс барысында – 90 материал,мәжбүрлі түрде жеткізуге – 29, 741-бабпен қысқартылғаны – 55, дәлелді материалдарды алуға полицияға жолданғаны – 57. Мониторинг топтары анықтаған барлық заңбұзушылық бойынша шағын және орта бизнес обьектілеріне және жеке тұлғаларға 505 айыппұл салынған. Оның жалпы соммасы – 73 млн 977 мын 829 теңге. Індет жұқтырудың шарықтау шегіне жеткен өңірде тамыз айынан бастап мониторинг топтарының жұмысы қарқын ала бастағандай болды. Айталық, Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес карантин шараларын бақылау мақсатында 6-8 тамыз аралығында арнайы мониторинг тобымен 100-ден астам адам жиналатын жерлер мен қоғамдық орындар тексерілген. Нәтижесінде, карантин талабына бағынбаған Royal Hall және «Император» мейрамханасы, Café inn, Foodline, Ginza, «Аққайың» кафелері, Sky бар, Wine Time, «Донерстан», Neft street food және «БР-2» серуендеу кемесі анықталды. Ал 8 тамыз күні қала маңындағы Береке ауылында «Атамекен» демалыс базасында той өткені дрон арқылы анықталды. Әуеден түсірілген бейнебақылау кезінде демалыс орнының аумағында көп көліктің тұрғаны байқалды. Тексеру нәтижесінде, 90-ға жуық қонақтың қатысуымен үйлену тойы өтіп жатқаны тіркелді. Бүгінде аталған 12 мекемеден түсініктеме алынып, барлық материал қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданған. Дегенмен тұрғындар үшін бұл тойдың таратылуы да сабақ болмады. Тойлар мен қонақтық қаделерді өткізу тоқтамай тұр. Ал 9-11 тамыз аралығында арнайы мониторинг тобы 60-тан астам адам көп жиналатын жерлер мен қоғамдық орындарды тексерді. Нәтижесінде, «Пивомаг» алкомаркеті маскалық режимді және шектеу уақытын сақтамаса, Box burger griil карантин талаптарындағы көрсетілген уақыттан жұмыс кестесін асырған. Сонымен қатар рейд барысында мобильді топпен Алмалы ауылдық округінде 50-ден астам адамға отбасылық іс-шара өткізгені анықталды. Ауылдық округке жедел жеткен арнайы топ отбасылық іс-шараны тоқтатып, адамдарды таратты. Бүгінде аталған 3 жағдай бойынша түсініктеме алынып, барлық материал қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Бұл – Атырау қалалық әкімдігінің берген ақпараты. Дегенмен халық көп жиналатын жерлерді дрон арқылы анықтау, халыққа түсіндіру жұмыстарының нәтижесі өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға көмектеседі деген үмітіміз ақталып отырған жоқ. Бүгінде Атырау қаласы мен Теңіз кенішінде індет жұқтырушылар саны артып тұр. Бүгінде Теңіз кенішіндегі эпидемиологиялық ахуал бас санитардың жаңа қаулысына сәйкес қатаң бақылауға алынған. Қазір Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда 409 науқас жатыр. Аудандардың көш басында Жылыой мен Исатай ауданы тұрғаны да ауыл арасында той-жиындардың әлі де болса жаппай болуы мониторинг топтары жұмысының қауқарсыздығын көрсетіп тұр. Оған үй жағдайында ем алушылардың саны күрт өскені дәлел. Бүгінде 6 564 адам үйде ем алып жатыр. Мобильдік бригада науқастардың шақыртуына үлгермей жатыр. Ресми көрсеткіштен соң, қала тұрғындары арасында ерікті түрде өткен сауалнамадан білгеніміздей, үйлену және мерейтойлар қала мен аудандарда, ауыл басында өтіп жатыр. Ауыл тұрғыны Ләззат Тастанқызы «Ауыл адамдары үшін үй мен ауладағы жазғы сарай «Той сарайы» нысанының орнын жоқтатпай тұр. Атырау шағын аймақ болған соң, барлық адам бір-бірін жақсы таниды деп айтуға болады. Сондықтан қазір тойдан аяқ тартып тұрғандар жер үй ауласында өтетін тойларға таңғалса, «Ұят болады» дегендер екі сағатқа ғана жарамды маскамен той мен қаделерден қалмай, ауыл арасын кезіп жүр», – деп аурудың асқынуынан қорқатынын ашық айтты. Бұған қосарымыз, әлеуметтік желіде күн сайын «Қыз ұзату», «Сырға салу» қуаныштарынан суреттер мен бейнежазбалар, дүниеден өткен жандардың қаделеріне шақыру туралы хабарландыруға толы. Ал мұны арнайы құрылған мониторинг топтары назарға алып, тоқтатса, бәлкім тәулік сайынғы жүздеген адамның көрсеткіші азаяр ма еді?..ТұрсынЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы