Жылжымайтын мүлікті тегін бағалайтын онлайн қызмет іске қосылды
Жылжымайтын мүлікті тегін бағалайтын онлайн қызмет іске қосылды
Сурет: depositphotos.com
311
оқылды
Бұдан былай пәтердің нарықтағы бағасын онлайн әрі жылдам анықтауға болады. Қызмет Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент, Ақтау, Петропавл, Тараз, Павлодар және Өскемен қаласында қолжетімді, – деп хабарлайды Informburo.kz басылымы. Онлайн бағалаудың бірнеше артықшылығы бар:
  • сатушылар пәтерінің құнын жылдам анықтап, басқалармен салыстырып, оны тиімді бағада сатып жібере алады;
  • сатып алушыларда саудаласу үшін нақты дәлел болады;
  • риэлторлар бұрынғыдай бағалау жүргізуге және оны зерттеуге көп уақыт жұмсамайды.
Тегін бағалау кезінде үйдің орналасқан жері мен салынған жылынан бастап, жиһаздың бар-жоғына дейін ескеріледі. Сондай-ақ, мыңдаған ұқсас пәтермен салыстырылады.
"Біз машиналық тәсілдерді пайдаланамыз. Жасанды ақыл базада жарияланған 1 млн хабарландырудағы объектілерге талдау жасайды. Кейін түзетулер енгізіп, үйдің бағасын шығарып береді. Сипаттамасы ұқсас пәтерлер салыстырылады. Бағалау нәтижесі нақты акті болмаса да, ол сатушы үшін де, сатып алушы үшін де тамаша көмекші", – деді Krisha.kz жетекшісі Севиль Дарган.
Қызметті пайдалану үшін:
  1. Krisha.kz сайтына немесе қосымшасындағы "бағалау" бөліміне кіріңіз;
  2. Міндетті параметрлерді толтырыңыз: қала, мекенжай, бөлме саны, үйдің аумағы және салынған жылы. Кейін "бағалау" батырмасын басыңыз.
  3. Нәтижесінде үйдің шаршы метрінің және осыған ұқсас жылжымайтын мүлік бағасы белгілі болады.
Егер үй бағасының дәл бағаланғанын қаласаңыз, қосымша параметрлерді толтырыңыз. Ол жиһаз, жөндеу жұмыстарына қатысты болуы мүмкін.