Алматы полициясы қаладағы медициналық жоғары оқу орындарының бірінде оқитын Тәжікстан азаматын ұстады. Ол ПТР нәтижесін қолдан жасап сатқан екен.
Polisia.kz. хабарлауынша, 25 жастағы Тәжікстан азаматы жеке медициналық орталықта жұмыс істегеніне бірнеше күн болған. Сол аралықта ол жалған медициналық қорытынды шығарумен айналысқан.
"Ер адам бұл қызметі үшін 20 мың теңге алған. Дерек қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі ("жалған құжат жасау") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Азамат Х. кінәсін толық мойындады. Ол тек бір жалған құжат жасауға қатысы бар екенін мәлімдеді", – деді Алматы қаласы криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
ПТР анықтамасын қолдан жасағаны үшін күдіктіге ірі көлемде айыппұл салынады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.