Осыдан бірнеше күн бұрын көпқабатты үйдің балконында балалар қараусыз қалған. Осыны байқаған куәгерлер полицияға хабар берген.
Polisia.kz-тің мәлімдеуінше, оқиға Атырау облысында болған. 11 тамыз күні полиция учаскесіне көпқабатты үйдің балконында төрт баланың ойнап жүргені және олар құлап кетуі мүмкін деген хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу барған полиция қызметкерлері үйде балалардың жалғыз екенін байқаған.
Анықталғандай, келіншек Қызылқоға ауданының 31 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол Атырауда тұратын досының үйіне қонаққа келіп, балаларын қараусыз қалдырып кеткен. Сонымен қатар келіншек ішімдікке салынған екен. Оның үстіне, бұл жанұя - Ішкі істер органдарында «тұрмысы нашар отбасы» ретінде есепте тұр.
«Қазіргі уақытта осы іске қатысты барлық материал жинақталып, келіншектің ата-ана құқығын шектеуі тиіс деген ұсыныспен Атырау қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты комиссияға тапсырылды», – деп хабарлады полиция.
Қазір төрт бала Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.