Мамай мен Иманбаева аппеляциясы: Байбекті негізсіз айыптағандарға тағайындалған сот шешімі өзгеріссіз қалды
Мамай мен Иманбаева аппеляциясы: Байбекті негізсіз айыптағандарға тағайындалған сот шешімі өзгеріссіз қалды
212
оқылды

Алматы қалалық сотында Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қарсы ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірді деп тану туралы шешімге қатысты жауапкерлердің апелляциялық шағымы бойынша азаматтық істі қарау аяқталды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың сәуір айында YouTube видеохостингіндегі «Демократиялық Қазақстан/Демократический Казахстан» арнасында, сондай-ақ Ж.Мамай мен И.Иманбаева Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшасында Б.Байбек Алматы қаласының әкімі болып жұмыс істеген кезіндегі қызметіне қатысты бейнероликтер салған болатын. Алматы қаласы Әуезов ауданының №2 аудандық соты 2021 жылғы 15 маусымдағы шешімімен, талапкер Б.Байбек туралы жауапкерлер тараптары таратқан материалдар шындыққа жанаспайды, оның ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп танып, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға жарияланған материалдарды жоққа шығаруға және алып тастауға бұйырды. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші инстанциядағы соттың шешімі, оның заңдылығы мен негізділігіне байланысты күшінде қалдырылды. Апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Алматы қаласы сотының апелляциялық сот алқасы өз шешімін түсіндіре отырып, соттағы жауапкерлер Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның өз материалдарында, оның ішінде әлеуметтік желілерден алынған ақпараттардың шындыққа жанасатынын растамағанын атап өтті. Осылайша, жарияланған ақпарат дәлелдермен расталмады және негізсіз болып саналады. Сонымен қатар, сот алқасы тараптардың назарын азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеуге аударды. Атап айтқанда, жауапкерлердің жарияланымдарында Б.Байбекке ауыр қылмыс жасады деген мақсатты түрде айып тағылған. Бұл жағдайда әрбір адам, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсі дәлелденбейінше және заңды күшіне енген сот үкімімен анықталмайынша кінәлі емес деп есептеледі. Жауапкерлер, әлеуметтік желілерде жарияланған және дау тудыратын бейнематериалдар – журналистік тергеу екендігін мәлімдеді. Сот, журналистік тергеудің негізгі мақсаты – шындықты анықтау қажеттілігі деп түсіндірді. Кез-келген журналистік тергеуден бұрын, журналист барлық дәлелдерді зерттеп, олардың дұрыстығын, жарамдылығын тексеріп, содан кейін ғана жариялауы қажет. Сонымен бірге, осы бейнематериалдарды жарияламас бұрын жауапкерлердің қарамағында мұндай дәлелдердің болмағандығы анықталды. Сонымен қатар сот талқылауы барысында жауапкерлер Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға тиісті дәлелдер ұсыну туралы соттың бірнеше мәрте өтінішіне мұндай дәлелдер ұсынылған жоқ. Бұдан басқа, әкімнің кез келген қаулысының заңдылығы немесе жарамдылығы заңды күшіне енген сот актісімен ғана белгіленуі мүмкін. Бүгінгі күні талапкер Б.Байбек әкім болған кезеңде қабылданған әкімнің бірде-бір қаулысы заңды немесе сот тәртібімен жарамсыз деп танылмағаны айтылды. «Қазақфильм» АҚ жерлеріне келетін болсақ, «Қазақфильм» АҚ-ның арыз талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы соттың күшіне енген заңды шешімі бар, осылайша осы дау бойынша жерді беру заңды деп танылды. Сондай-ақ сот алқасы журналистер немесе қандай да бір басқа мамандық иелерінің көпшілік алдында сөйлеген сөзінде негізсіз, қолдарыңда заңды күшіне енген тиісті сот актісі болмаса, кез келген мемлекеттік шешімнің заңсыздығы немесе жарамсыздығы туралы айтуына жол берілмейтінін атап көрсетті. Сонымен қатар әркім Конституцияны қатаң сақтауға, қорғауға жататын азаматтық құқықтарын, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Қаулы заңды күшіне енді.