Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға байланысты жексенбіден бері екінші рет жиын өткізді.
«Жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, күштік құрылымдардың, атап айтқанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері, Бас прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі басшылары мен Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қатысты.
Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл осы елмен бұдан былайғы ынтымақтастық бойынша шешім қабылдау үшін аса маңызды» деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Б.Уәли Facebook-та.
Ал жексенбі күні Ауғанстанға байланысты жиын өткізгенін Президент Тwitter-де жазған болатын. «Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда.
Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр», – деді Қ.Тоқаев.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Ауғанстаннан келуі мүмкін босқындарды елге кіргізу немесе кіргізбеу жайлы да нақты шешімге келген жоқ. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook-та жазған пікіріне қарағанда ел ішінде тарап жатқан босқындар жайлы ақпараттар шындыққа жанаспайды. «Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады» деп жазды Берік Уәли.