Антальяның әуежайында төлқұжатсыз қалып қойған 15 жастағы отандасымыз 16 тамыз күні елге оралды. Жағдайдың мән-жайын БАҚ-қа анасы хабарлаған.
Асыл Несіпбаеваның 15 жастағы қызы Антальяда төлқұжатсыз қалып қойған. Оның айтуынша, бұл баланың жанына сенімді өкіл болып барған кісінің кінәсі. Қазір кәмелетке толмаған баланы бөтен елде қалдырып кеткен сенімді өкіліне қатысты қылмыстық іс қозғалған. «Қызым Қазақстанға жетті. Бізге Сыртқы істер министрлігі көмек көрсетті. Ол туристермен бірге қонақүйде болды. Министрлік өкілдері қызымды ұшақтың бортына дейін апарып, мінгізді. Осы орайда олар қызметкерлері баламның кіммен, қашан және қалай баратынын тыңғылықты нақтылап берді», – деді А.Несіпбаева. Оның сөзіне қарағанда, консулдық баланың елімізге сапарлауы үшін анықтама берген. Осы құжат арқылы ол Қазақстанға келген. Белгілі болғандай, жақында 15 жастағы қазақстандық қызды сенімді өкілі Түркиядағы Антальяның әуежайында қалдырып кеткені туралы ақпарат тараған. Дереккөзге қарағанда, аталған сенімді өкіл қыздың әкесімен азаматтық некеде тұрады. Олар Түркиядан Қазақстанға аттанар алдында жеткіншектің төлқұжаты жоғалғаны анықталған.Айбике ЖАНАСЫЛ