Жеңісті күндерде жолығуды аңсайтын...
Жеңісті күндерде жолығуды аңсайтын...
481
оқылды

Қазақ журналистикасы тағы да қара жамылды. Спорт жур­налистикасында айрықша орны бар азамат, белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейіт­хан өмірден озды.

2000 жылдары «Хабар» арнасы Әлем чемпионаттары мен дүбірлі додаларды тікелей эфир арқылы көрсете бастағанда, көрермен осы есіммен етене танысқан еді. Ол әрдайым «Жеңісті күндерде жолық­қанша» деп қоштасатын.  Осылайша, аяқталатын репор­таждары байрақты бәсекелерді қалт жібермейтін қауымның жүрегінде мәңгі сақталады. Талай жеңісті бағындырған белесті сүйіншілеп еді. Футболдан Әлем чемпионатын қазақ тілінде жүр­гізген тұңғыш комментатор да өзі болатын. – Франция жеріндегі әлем бірін­шілігі әлі есте. Ол кезде ин­тернет деген жоқ. Ақпарат ала алмайсың, матч басталар алдында командалардың жаттығуын көр­сетеді, алаңға кімдер шығатынын сол кезде білеміз. Диас ағам да футболшы болған, ойыншыларды жете таниды. Ақылдасып отырып, негізгі құрамға кімдердің шы­ғатынын болжайтынбыз. Арна бас­шысы сенім артқан соң, қазақ тілі жарысқа қосылғанын түсініп, шаруаға жауапкершілікпен қарадық, – деген естелік те айтып еді осы тарихи сәт туралы. Оны талай қазақ баласы телміре тыңдап, теңеулеріне тамсанатын, ала допқа қызығып, арманын қанат­тан­дыратын. Әсіресе, Сидней Олимпиада­сындағы қуанышты хабарды, Бек­зат Саттархановтың алтын медалін сүйіншілеген сәті жұрттың жады­нан өшпейтіні анық. Арнаның  жаңалықтарын  орта жолдан шорт кескізіп,  қазақ баласының чем­пион болғанын сүйіншілегені бар. Ол спорт журналистикасына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Әсіресе, спорт коммен­та­торы ретінде айырықша танылды. Дәлірек айтқанда,  спорт бәсеке­лері­нен  берілетін тікелей эфир­лер­ді қазақ тілінде жүргізуімен, айрық­ша сөз саптауымен елдің қошеметіне бөленген-ді. Тіпті, талай теңеулер мен  сөз тіркестері Амангелді Сейітханның  репор­таждары, тікелей эфирлері арқылы  елдің сөздік қорына еніп кеткен-ді. 2002 жылғы Солт-Лейк-Сити­дегі қысқы Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша жүргізді. Таңсық спорт түрлерімен бұқараны таныс қылды. Оның ақындығы да бар еді.  Айтыс аламанында суырып салма ақындығымен көзге түскен-ді. Қалың көрермен іздеп отыратын, үлкенге ізетті іні, кішіге арқалы аға бола білген біртуар тұлға көзінің тірісінде-ақ аңыз адам еді. Енді мәңгілік аңыз, сағынышқа  айна­лып кетті. Амангелді Сейітхан 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1991 жылы «Спорт» газетінде бастады. «Қазақстан» ТРК-ның «Тұғыр» бағдарламасының авторы және жүргізушісі, спорт бөлімі бас редакторының орынбасары, «Құмсағат» бағдарламасының спорт ақпараттар продюсері болды. 1997 жылдан бері «Хабар» агенттігінде қызмет атқарды. Футболдан 1998 жылы Франция­дағы Әлем чемпионатының көрсе­тілімінде қазақ тілінде комментатор болды. Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарының, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарының, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі қысқы Олим­пиада­ның тікелей  эфир көрсетілімдері мен репортаждарын қазақ тілінде жүргізді. 2000 жылы спорт  журна­листеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлыққа ие болды. Сөйткен еңбекқор, ақжар­қын, адал азамат арамыздан кетті... AIQYN газетінің ұжымы спорт журналисі Амангелді Сейітханның өмірден озуына байланысты  отбасы мен туыстарына қайғырып, көңіл айтады. Бақұл болыңыз, әріптес!

AIQYN газетінің   ұжымы