«Серпіндіктер» солтүстікте неге тұрақтамайды?
«Серпіндіктер» солтүстікте неге тұрақтамайды?
239
оқылды

Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы мектептердің құры­лысы, «Жас маман», «Серпін» бағ­дарламаларын жүзеге асыру барысы, жастардың Ре­­­сейге ағылуын тоқтату, жаңа мектептерге педагог ма­­­ман­дар даярлау мәселе­лері «Nur Otan» партиясы жа­нын­дағы білім мен ғылымды да­мыту жөніндегі республи­ка­лық қоғамдық кеңестің Петро­павл қаласында өткен көш­­пелі отырысында қарал­ды.

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Парла­мент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова партияның сайлауалды бағдар­ла­масында көрсетілген міндеттердің орындалуын бақылаудың маңы­зына тоқталды. Солтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың баяндама­сынан белгілі болғандай, өңірде жылдан-жылға оқушылар саны артып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда шәкірттер саны 5 мың адам­ға, яғни 70 283-тен 75 316 ба­лаға дейін көбейген. Бұл мектеп­терде орын тапшылығын туғызған. Қазір үш ауысымда білім беретін мектептерді жою міндеті өткір тұр. Олардың саны – үшеу: Аққайың ауданындағы №3 Смирнов орта мектебі, Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданның орталығы Новои­шим­ка ауылындағы №1 орта мек­теп және Петропавл қаласындағы №23 мектеп. Сонымен қатар Тайын­ша және Вишневка орта мек­тептері апатты жағдайда. Сон­дықтан жаңа білім ошақтарын салу қажеттігі туындап отыр. «2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысында 16 мектеп құрылысы жоспарланған. Қанатқақты жоба аясында Петропавл қаласында ерекше қажеттіліктері бар бала­ларға арналған 400 орындық мек­теп және мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен 1,2 мың орын­дық екі мектеп салынбақшы. Со­нымен қатар ауылдарда 13 мектеп бой көтермек. Жол картасы ая­сын­да алдағы бес жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 416 мектеп қайта жаңғыртылмақ. Ғимарат­тарды ағымдағы және күрделі жөн­деу оларды пайдалану мерзімін ұзартып, апатты жағдайға ұшы­рауы­ның алдын алады, оқу­шыларға қолайлы жағдай туды­рады», – деді Білім басқармасының басшысы. «Жас маман» жобасын Сол­түс­тік Қазақстан облысында 9 кол­ледж жүзеге асырып отыр. Нәти­жесінде, колледждердің материал­дық-техникалық базасы 36 пайыз­ға жақсартылды, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы маман­дықтары бойынша кадр даярлау деңгейі арттырылды. «Серпін» бағдарламасын жү­зеге асыру барысындағы кемші­ліктер кеңес төрайымының на­зарынан тыс қалған жоқ. «Серпін­діктердің» оқуын тастап кетуіне ең алдымен баспана жоғы себеп болып отырған көрінеді. Ал оқуын жаңа бітірген еңбек өтілі жоқ жас маманның еңбекақысы орташа есеппен 80-100 мың теңге шама­сында. Бұл ақша бар шығынын жабуға жеткіліксіз болғандықтан, түлектер Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына ағылуда. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін Гүлмира Кәрімова «Серпін» жобасының түлектеріне жалдамалы пәтер беру немесе бастапқы жарнасыз ипотека беру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ оларды ыстық тамақпен, тегін жатақ­ха­намен, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керегі туралы сөз болды. Ең бастысы, өңірде сұра­нысқа ие мамандықтарға грант бөлу қажеттігіне де назар аударды. Гүлмира Кәрімова мектеп түлектерінің басқа жаққа кетуінің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды. Салдарынан түлектердің кетуі 4 жылдың ішінде 2,5 есе азайған. М.Қозыбаев атындағы универси­теттің ректоры Ерлан Шуланов жаңа оқу-зертханалық корпу­сы­ның ашылуы да жастардың ше­телдерге жол тартуын азайтады деген ойын білдірді. Көшпелі отырыс барысында М.Қозыбаев атындағы универ­ситеттің Аризона (АҚШ) уни­верситетімен ынтымақтастығы, қос диплом бағдарламасын енгізу және Назарбаев университеті тәжірибесі бойынша өңірлік университет ашу мәселелері қоз­ғалды. Кеңес төрайымы Жұлдыз Досбергенқызы студенттер Ари­зона университетіне қандай кри­терийлер арқылы қабылдана­ты­нын және ол жақтың про­фес­сор­лары СҚУ-ға қандай критерийлер арқылы келетінін, әлемдік білім сапасы қалай сақталып қалатынын біліп, нақты тетіктерін жасауды ұсынды. Ал жергілікті университет­ке «Кәсіби бағдар» бағдарламасын қабылдауды, алдағы уақытта еліміз бойынша салынатын 800 мектепке маман даярлауды, инклюзиялық білім беру аясында педагог кадр­ларды даярлаудың кешенді бағ­дарламасын әзірлеуді тапсырды. Жалпы, PISA нәтижелері бойынша Солтүстік Қазақстан облысы білім сапасы жөнінен елімізде үздік бестікте екеніне тоқталған Жұлдыз Досбергенқызы өңір тәжірибесін насихаттап, таратудың маңызын атап өтті.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы