«Талибан» қайта билікке келді
«Талибан» қайта билікке келді

Жыл басынан бері әлем қауымдастығы мен сарапшылардың назары Ауғанстанда болды. АҚШ пен НАТО әскері елден кететін болған соң «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) бірден шабуылға көшті. Ай сайын жендеттердің бақылауына қанша аудан, провинция өткенін есептеп отырдық. Кабулдың да кезегі алыс емес екенін білдік. Жексенбі күні, яғни 15 тамызда қолына қару ұстаған «Талибан» өкілдері ел астанасына басып кіріп, президент сарайын иеленді. Президент Ашраф Ғани билікті қолдан беріп, елден ұшып кетті. Енді не болмақ? Әлемде террористік деп танылған ұйым қандай мемлекет құрады? Босқындар, түрлі радикалды ұйымның басбұзарлары Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға лап қоймай ма?

«Талибан» мұндай жылдам­дықпен бүкіл елді жаулап алады деп ешкім болжаған жоқ. Себебі АҚШ Доха келісімінен соң елден бір күнде кете қалған жоқ. Жер­гілікті ауған армиясын жаттық­тырды, белгілі көлемде әскери техника қалдырды. Деректерге сенсек, осы мақсатқа АҚШ 88 млрд доллар жұмсапты. Алайда алдымен Ауғанстанның солтүстік аудандарын жаулап алған қоз­ғалыс өкілдері кейін басқа аймақ­тарға қарай жылжи бастады. Ал маусым айында Ауғанстан армия­сының сарбаздарын Тәжікстан, Өзбекстанға қарай ығыстырып тастады, шекараны кесіп өтуге мәжбүр етті деген ақпараттар келе бастады. Ал осы аптада Герат, Кандағар және Мазари-Шариф секілді Ауғанстанның ең ірі қалалары «Талибан» қарамағына өткені мәлім болды. Көп жағдайларда полиция бекеттері, әскери базалар қарулы қақтығыссыз беріліп жатты. Ал сенбі күні ауған же­ріндегі өзбек халқының жетекшісі маршал Абдул Рашид Дустум өз жақтастарымен бірге Өзбекстан шекарасын кесіп өтіп, Термез қаласына орныққаны хабарланды. Олар да талибандықтардан аман қалу үшін бас сауғалап, көрші Өзбекстаннан пана іздеді. Әлеу­меттік желілерде кезінде Кеңес әскері Ауғанстанды тастап шық­қан Әмударияның үстіндегі Достық көпірі арқылы Дустумға қарасты көліктердің өзбек ше­карасына қарай бет алғаны туралы видео тарады. Көп өтпей Жа­ла­лабад қаласының ақсақалдар кеңесі де шаһарды ұрыссыз беруге шешім қабылдады. Ең соңында Кабул да «Талибан» бақылауына өтті. Ауғанстанда болған бұл әскери про­цесте көптің көкейіндегі басты сұрақтың бірі – «Талибан» қалайша қысқа уақытта елді жаулап алды? Себебі деректер бо­йынша Ауғанстан армиясында 300 мыңдай жауынгер болған. Ал АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы Кабул әлі 90 күндей шыдас береді деп болжам айтқан. Алайда жағдай жылдам өзгерді. Әрине, жоғарыдағы сұрақтың жауабы ретінде төменде келтірілетін аргументтің басым бөлігі болжамдар. Соның алғашқысы – Ауғанстан армиясы шабуылдар барысында АҚШ-тың әуе қолдауынан айырылды. Өйткені АҚШ-тың әуе шабуылы оның негізгі басымдығы еді және «Талибанның» құрлықтағы талай қозғалысын тоқтатқан. АҚШ армиясы елді тастап кеткен соң ауған армиясы осы қолдаусыз қалған және бетпе-бет ұрыста жеңіліп жатты. Ауған армиясының да өз авиациясы болды, алайда әлсіз еді, оған қоса, пилоттар жетіспеді. Талибандықтар да ең алдымен әскери ұшқыштардың көзін жоюға тырысты. Келесі себеп – ауған армиясында кең жайлаған жемқорлық. Жоғарыдағы 300 мың сарбаз ешқашан болмаған деген ой да айтылады. Себебі дала командирлері жоқ әскерге де ақша алып отырған. Оған қоса, армиядан қашу, пара беру әдеттегі іс болған. Үшінші себеп – ауған армиясының сарбаздарын өздері бұрын тұрмаған аймақтарға жіберген. Онда жауынгерлер жергілікті тайпалардан қолдау таппаған. Кейін «Талибан» содырларымен соғысқан­да осы себепті әскери база, бекеттерді жыл­дам тастап кетіп отырған. Яғни, Ауға­нстан­да әлі де тайпалық қарым-қатынас мықты. Олардың рөлі ескерілмеген. Төртінші фактор – есірткі бизнесінен түсетін қаражат, Пәкістаннан келетін көмек және ауған армиясының тастап кеткен қару-жарағы. Соңғысы талибан­дық­тарға үлкен көмек болды. Себебі бұл қарудың басым бөлігін АҚШ әскерилері Ауғанстан армиясына тегін қалдырды. Ал ұрыс барысында басын аман алып қашқан ауған жауынгерлері ірі арсеналды қарсы­ластарының қолына беріп кетті. Талибан Сондай-ақ сан жылдар бойы соғыстан көз ашпаған халықтың белгілі бір идео­логияны бекем ұстанып, ол үшін күресуі екіталай. Ұрыс жағдайында кескілескен арпаластың орнына Ауғанстан армиясы­ның сарбаздары жылдам капитуляция жасап, тірі қалудың қамын жасаған. Мыңдаған жауынгердің Тәжікстан, Өзбек­стан шекарасын кесіп өтуі – соның айғағы. Ал есесіне «Талибан» ақпараттық насихат тұрғысында басымдыққа ие болды. Өз жендеттерін үкімет әскерін жеңу деген ортақ мақсат аясында біріктіре білген сыңайлы. Ал Ауғанстан мемлекет деп танылғанымен, ел территориясында бір билік, бір бақылаудың болмауы да өз кесірін тигізді. Бұл қарулы қақтығыс барысында рухани әрі шешуші басымдық бергендей. Бір сөзбен айтқанда, сипат­талған осы факторлар кешенді түрде қару­лы дала жасақтарының қысқа уақытта жеңіске жетуіне жағдай жасаған сияқты. Сонымен, 16 тамыздағы жағдай қан­дай? «Талибан» қозғалысы соғыстың аяқталғанын ресми түрде жариялады. Олар ауғандықтар мен дипломатиялық өкілдік­тердің қауіпсіздігіне кепілдік берді. Сондай-ақ Ауғанстан Ислам Әмірлігі құрылғанын хабарлады. Президент Ашраф Ғани елден ұшып кетті. Бұл талибандық­тардың талабы болған. Осылайша, билік қолына қару ұстаған қозғалыстың қолына көшті. Соңғы дерек бойынша, енді экс-президент атанған Ғани Өзбекстанға табан тіреген. Ал Кабул халқы кешеден бері әуежайға лап қойды. Олар бар мүмкіндікті пайдаланып, елден ұшып кетуді көздейді. Бірақ әуежай жеке ұшақтардың көкке көтерілуіне тыйым салды. Тек әскери ұшақтарға рұқсат. Кеше АҚШ, Франция, Британия Кабулдағы дипломаттарын алып кету үшін әскери ұшақтар жіберді. Ендігі негізгі қауіп бұған дейін Батыс мемле­кеттерінің елшіліктерінде жұмыс істеген ауғандықтарға төніп тұр. Сонымен, Орталық Азияның – оңтүс­тік шекарасында жаңа саяси күш пайда болды. Державалар енді бұл күшпен қаласа да, қаламаса да санасуына тура келеді. Өйткені Ауғанстан аймақтағы жағдайға ықпал ететін ел. Саяси, эко­номикалық тұрғыда емес, діни, қауіпсіздік мәселесінде маңызы артпақ. Әрине, қазіргі жағдай Орталық Азия мемле­кет­терін қатты алаң­датады. Неге? «Талибан» қозғалысы ескі әдетіне салып, өзінің жендеттерін, діни уағызшыларын ең алдымен осы аймаққа (Өзбекстан, Түрік­мен­стан, Қырғыз Республикасы, Тәжік­стан, Қазақстан) жібер­уі мүмкін. Оның ең негативті салдары – террактілер мен алданып, ауған жеріне аттанған азаматтар болуы мүмкін. Әлеу­меттік желідегі уағызға сеніп, Сирияға мыңға жуық отандасымыз аттанғаны есімізде. 6 тамыз күні Ашхабадта Орталық Азия елдерінің басшылары кездесу өткізді. Басқосудың басты тақырыбы да Ауғанстан болған шығар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сенбіден бері осы мәселеге орай екі отырыс өткізді. «Талибан» – қатаң билігімен ерекше­ленген қозғалыс. Билікке келген соң 1990 жылдардағыдай шариғат заңдарын қайта орнатуы мүмкін. Бұл елден жаппай бос­қын­дар шартарапқа бас сауғалауы мүмкін деген сөз. Әрине, босқындардың бір ба­ғыты тағы да Орталық Азия болатын шы­ғар. Жақында ғана АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Блинкен мен Қазақстанның Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді телефон арқылы сөйлесті. Негізгі тақырып босқындар болуы да ғажап емес. Алайда СІМ өкілі еліміз қандай да бір босқындарды қабылдауымыз жайлы ақпарат берген жоқ.

Нұрмұхамед БАЙҒАРА