«Талибан» Орталық Азияға қауіп төндіре ме?
«Талибан» Орталық Азияға  қауіп төндіре ме?
© shanyraq.info
393
оқылды
СанатСанат КӨШКІМБАЕВ, Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, саясаттанушы:

«Талибанның» өзгемен шекісу ниеті жоқ

– Меніңше,  «Тали­бан» күштерінің Орта­лық Азияға қарай жылжу ниеттері де жоқ.  Өйткені тәліптердің негізгі мақсаты Ауғанстандағы, Кабулдегі билікті  басып алу еді. Олар бұл мақсаттарына  өте тез қол жеткізді.  Бұл – ең бастысы. Енді олардың келесі мақсаты  билікті бекемдеу, билік вертикалдарын қалыптастыру болмақ.  Олардың Пяндж бен Әму­дариядан өте қояйық дейтін  ниеттері де жоқ.  Бұл түсінікті.  Айталық, олар шекаралық аймақтарды бақылауға алғанымен Өзбекстанға, Тәжікстанға қашқан  әскери қызметкерлердің ізіне түсіп, оларға қарсы оқ атпады. Сондықтан  тәліптерден тікелей қауіп төнбейді.  Олар  өзгелермен қарым-қатынас орнатуға, халықаралық қауымдастықтың өздерін мойындауына қол жеткізуге мүдделі.  Олардың күн тәртібінде тұрған ең басты мәселе. ҚазыбекҚазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы:

Ауғанстанда тұрақтылықтың орнауына мүдделіміз

– «Талибан»   көп­те­­ген мемлекетте, тіпті БҰҰ  Қауіпсіздік кеңе­сінде экстремис­тік ұйым ре­тінде та­ныл­ған. Өйт­кені олар­дың ұстанатын қағида­лары діни экстре­мизмге келіп саяды. Десек те,  осы күнге дейін Ауған­стандағы тұрақ­сыздық мәселесіне, елдің тарихына  назар аударсақ, тәліптерді  бұл елден ешкім бөліп қарай алмайды. Олар­дың Ауғанстандағы жағдай­лар­мен біте қайнасқанына ешкім шүбә келтірмейді. Жалпы алғанда, «Талибан» қозғалысының  саяси бағыты, ұстанымы, мақсаты, қағидасы Ауғанстандағы билікті қолға алуға негізделген. Өзге мемлекеттерге басқыншылық жасау, қауіп төндіру  олардың саяси мақсаттары мен  ұрандарының арасында  болмаған. Салыстырмалы түрде Сирияда пайда болған ДАИШ террористік ұйымын айтатын болсақ, олардың ұстанымы,  жария еткен мақсаты халифат құру еді. Соның ішінде Орталық Азия  мемлекеттерін халифатқа қосу сияқты ұрандары да болған.  Ал тәліптер ондай ұран көтермеді. Әрі әу бастағы мақса­тына қол жеткізіп, билікке келді. Меніңше «Талибан­ның» ендігі мақсаты Ауғанстан­дағы тұрақсыз­дықты жою, өзге де  мәселе­лерді шешу болатын шығар. Өйткені тәліптердің негізгі табыс көзі шекаралық саудадан түседі. Ал есірткі саудасы мен өзге де заңсыз әрекеттер «Талибан» бюджетінің 10 пайыздайы ғана. Сондықтан  тәліптер  көршілес мемлекеттермен қақтығысқа бармауға мейлінше тырысатын сияқты.  Керісінше көршілермен сауда-саттықты,  жалпы ресми қарым-қатынасты орнатуға мүдделі. Алайда  мәселе­нің екінші жағы бар.  Ол – «Талибан» қозғалысының ішкі құрылымы.  Олар  бірнеше топтан құралған.  Қозғалыс ішінде  өзбек, тәжік, пуштун,  хазари тәрізді этникалық топтар да, саяси ұстанымына сай жіктелетіндер де бар.  Олардың арасында радикалды көзқарастағы­лар да кездеседі. Сонымен бірге Ауғанстанда  жалпы алғанда жеңіліс тапқанымен, әлі де сақталған радикалды топтар да әлі сақталып отыр. Олар да қазір «Талибан» құрамына кіріп кетті. Міне, осындай ішкі құрамның әр түрлі болуының салдарынан тәліп топтары ортақ мәмілеге келе алмай көршілес елдерге, әсіресе Тәжік­стан территориясына қарай ша­буыл жасауы мүмкін деген  болжам айтуға болады. Өйткені алдағы күндері тәліптердің құрылымы қаншалықты тұрақты бола­тынын біз болжай алмаймыз.  Сондықтан  Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікмен­стан  арқылы тәліп топтарының кезіндегі Баткен оқиғасындағыдай  қауіпті қадамдарға  баруы мүмкін екенін жоққа  шығармау керек.  Сол себепті Орталық Азия мемле­кет­тері ортақ мәмілеге келіп, Ауғанстандағы саяси-экономика­лық жағдайды тұрақтандыруға  мүдделі болуы тиіс. Ауғанстандағы тұрақсыздық күллі Орталық Азиға әсер етеді.   МэсутМесут Эмре КАРАКӨСЕ, Сахипкыран стратегиялық зерттеу орталығының  жетекшісі, Түркия:

«Талибанның» джихад идеясы өңір халқына әсер етуі мүмкін

– Ауғанстан әдет­­те Орталық Азия­­­­ның «құлпы және бақылау мұнарасы» саналады. Орталық Азияға ықпал етуді көздейтіндер алды­мен Ауған­станға  иелік етуі керек.  Кезінде  Ұлы­британия Ауған­стан арқылы  Орталық Азияға қарай жыл­жы­мақшы болды. Кеңес Одағы да Орталық Азияны түгел өз ықпалында ұстау үшін Ауғанстан­ды уысында ұстауды көздеген. АҚШ пен одақтастары  Қытай, Үндістан тәрізді аймақтық күштерді бақылап, Орталық Азиядағы ықпалын ұстап тұру үшін Ауғанстанда 20 жыл бойы  әскер ұстады. Бұл елдің маңызды аймақ екені осыдан-ақ белгілі болады. Ал «Талибан» қозғалысына келсек, олардың  джихад идеясы Өзбекстан мен Тәжікстан және аймақтағы өзге елдердің халқына әсер етуі мүм­кін. Сонымен бірге Қытайдың  Шыңжан өлке­сінде де бұл идея өз жақтастарын табуы ықтимал.  Яғни, джихад идеясы таралу қаупі бар. Екіншіден, «Талибан» арқылы Сауд Арабиясы да аймаққа ықпал етуді көздейтін шығар. Әл Каида мен ДАИШ  соның мысалы. Демек, бұл күштер аймақ елдерінің арасындағы  түсініспеу­шілікті өз пайдаларына шешуге тырысады. Сондықтан Орталық Азия мемлекеттері, әсіресе Тәжікстан мен Қырғыз Республикасы қатарлы елдер  араларындағы  келіспеушілікті  ысырып,  ортақ қауіпке қарсы бірлесе күресуі керек. Олай болмайынша,  мил­лиондаған  адамның босқын болып, аймаққа ағыл­уы ықтимал. Ондай жағдайда аймақтағы онсыз да қалт-құлт етіп тұрған  тепе-теңдік бұзылады. Біздің бұл сөзімізге  Ауғанстанның  теріскей шекараларына қарай қашқан  халық нөпірі дәлел болады. Елдің солтүстігінде көбіне өзбек, түркімен қауымдары өмір сүреді. Ал «Талибан» күштерінің басым бөлігі пуштундар болып отыр. Бұл жағдай этникалық сипаттағы қақтығыстарға алып келуі де мүмкін. Бірақ қозғалыс тікелей Орталық Азия елдерін нысанаға алады деп ойламаймын.