Ақмола облысының Егіндікөл ауылында құдыққа бұқа құлап кетті. Абырой болғанда, төтенше жағдай қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері дер кезінде жетіп, бұқаны құдықтан аман-сау шығарып алды. Бұл туралы Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Егіндікөл аудандық өрт сөндіру бөліміне телефон шалған адам ескі қоқыс үйілген маңдағы ашық жатқан құдыққа бұқа құлап кеткенін хабарлаған. Дереу оқиға орнына екі төтенше жағдай қызметкері мен Егіндікөл ауданы әкімдігінің бір қызметкері және «Рустам» ЖШС-нің МТЗ-80 тракторымен екі қызметкері аттанған.«Жедел әрекет етудің арқасында жігіттер бұқаны құдықтан аман-сау тартып шығарған. Құтқарылған бұқаның иесі Надежда Романова құтқарушыларға алғысын жаудырды. Құдыққа құлап кеткен бұқаға ешқандай зақым келмепті», - дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы