Жандарбек Бекшин жаңа қаулыны таныстырды
Жандарбек Бекшин жаңа қаулыны таныстырды
©sputnik.kz
200
оқылды

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин COVID-19 таралуының алдын алу шаралары туралы жаңа қаулысын түсіндірді.

"Алматы қаласындағы коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Тәулігіне 1,5 мың коронавирус жағдайы тұрақты тіркеліп жатыр. Бұл көрсеткіш 28 шілдеден бастап сақталып келеді. Тамызда бүгінгі күнге дейін 24,3 мың, жыл басынан бері 105,6 мың жағдай тіркелген", - деді Бекшин.

Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне, халық арасында дельта штамының қарқынды таралуына байланысты және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылын штаттық режимде ұйымдастыру мақсатында жаңа қаулы қабылданды. Құжатқа сәйкес, қаладағы нысандар коронавирустың таралуы бойынша "қою қызыл" аймақ талаптары бойынша жұмыс істейді. Ashyq қосымшасына қатыспайтын нысандар жұмысына тыйым салынған. Ashyq жобасына қатысуына қарамастан барлық мекемелер 17-31 тамыз аралығында демалыс және мереке күндері жұмыс істемейді. Демалыс және мереке күндері ойын-сауық саябақтары, аттракциондар, бөлшек сауда және қаладағы саябақтардың аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне тыйым салынған.

Жаңа қаулыға сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы үш айда коронавируспен ауырып шыққан адамдарды қоспағанда, педагогтер мен техникалық персонал, жатақхана мен асхана қызметкерлері 100% вакцина салдыруы қажет. Сондай-ақ қаладағы барлық білім беру және тәрбие беру мекемелеріне Ashyq жобасы енгізіледі. Мектептерде ауа райына байланысты дене шынықтыру сабақтары далада өткізіледі.

Медициналық қарсы көрсетілімі бар және соңғы үш айда сырқаттанған адамдарды қоспағанда, 18 жасқа толған барлық студенттер вакцина салдыруы қажет. Қаулы 17 тамыздан бастап күшіне енеді. Қаулының толық мәтінін мына жерден оқуға болады.