Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің екінші кезеңіне құжаттар қабылдау басталады
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің екінші кезеңіне құжаттар қабылдау басталады
371
оқылды
1 - 30 қыркүйек аралығында Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің екінші кезеңіне өтінім мен құжаттар қабылдау басталады. Іріктеуге Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған азаматтары қатыса алады. Жоғары білімі, кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі және мемлекеттік тілді меңгеруі В1 орта деңгейінен төмен болмауы қажет (ҚАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST сертификаттары болуы шарт). Осы талаптарға сай келген кандидат Президенттік жастар кадр резервіне қазан – желтоқсан айларында өткізілетін кезеңдік іріктеуден өтеді.
  • Алдымен pkrezerv.gov.kz сайты арқылы өтініш беріп, қажетті құжаттарды жинақтап, жүктеу қажет.
  • Содан соң қатысушылар конкурстың мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттері бағаланатын бірінші кезеңіне жіберіледі.
  • Қарапайым бағалау әдісімен ең жоғары балл жинаған үміткерлердің 50%-ы сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау үшін сандық тест тапсырады.
  • Келесі кезеңде осы қабілеттер верификациялаудан өткізіледі, оған жоғары нәтиже көрсеткен 1000 кандидат қатысады.
  • Осы үміткерлердің тең жартысы ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңіне өткізіледі.
  • Ал ассессмент-орталығы 250 адамның құзыретін бағалайды. Бұл кезеңнің қорытындысымен құзыреттілік сұхбатына 125 үміткер жіберіледі.
  • Сараптамалық комиссиямен сұхбатқа 100 адам өткізіледі.
  • Әрі қарай Ұлттық комиссияның отырысы болады, онда 65 адамның кандидатурасы қаралады. Олардың 50-і ғана конкурс қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадрлық резервіне енеді.
  Іріктеуге мемлекеттік қызметшілер ғана емес түрлі саланың өкілдері де қатыса алады. Резерв жедел шешім қабылдап, кез-келген жұмыс жағдайларына бейімделе алатын мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтерін атқаруға әлеуетті жастарды біріктіреді. Дегенмен Резервке енгендер міндетті түрде мемлекеттік лауазымдарға тағайындалады дегенді білдірмейді. Қажетті бос орындар болған жағдайда алдымен Резервте тұрған тұлғаның кандидатурасын Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия ұсынады.