Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Корея мен Қазақстанның ірі компаниялары басшыларының жиынына қатысты, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларға Президент Мун Чжэ Инмен өткен мемлекетаралық келіссөздердің негізгі қорытындылары туралы айтып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның Қазақстан үшін аса маңызды стратегиялық әріптес екеніне тоқталды.
– Соңғы 15 жылда Сіздің еліңізден келетін тікелей инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда кореялық капитал салынған 550-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорациялар бар. Осы компаниялардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе, кореялық SK Engineering & Construction компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма тасжолының (БАКАД) құрылысын айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Kaspi.kz және басқа да компаниялардың басшылары қатысты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,7 миллиард АҚШ доллары болатын 34 келісімге қол қойылды. Оның 21-і коммерциялық және 13-і коммерциялық емес құжат. Корей технологиясын тартуға басымдық беретін бірлескен инвестициялық жобаларда, жоғары тиімділігі мен өндірістің экологиялық тазалығына басты мән берілген.