«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы санитарлық талаптарды сақтап, қоғамдық қабылдауды онлайн және азаматтардың қолында ПТР-тест қорытындысы болған жағдайда бетпе-бет жүргізеді.
Осы жолы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың қабылдауына тұрғындар екі мәселе бойынша жазылған. «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы бойынша төрағасының орынбасары Байтас Жүнісов пен бірлестік мүшесі Мұратбек Балғабаев тұрғын үй және ядролық сынақтан зардап шеккендерге берілетін жеңілдіктер мәселесін көтерді. Қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалында бүгінде 53 адам тіркелген. Қабылдау барысында сала мамандары «Ардагерлер туралы» және «Семей ядролық полигонында зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау» бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, бүгінде «Ядролық сынақтарға қатысып, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға» 18 057 теңге көлемінде, ал «Ядролық сынақтарға қатысып, ҰОС мүгедегіне теңестірілген тұлғаларға» 22 024 теңге көлемінде ай сайынғы төлемдер жүргізу бекітілген. Ал енді Көкшетау қаласы бойынша қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруге қатысты мәселе қалалық мәслихатта қаралатын болды. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Саят Калкишова бала кезінен 2-топтағы мүгедектігі бар баласының баратын «Аялау» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталығының тар екенін алға тартып, соған орай оны кеңейтуге немесе басқа жерден орын қарастыруға қолдау көрсетуді сұрап келген. Ғалым Бекмағамбетов мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, әсіресе балаларды әлеуметтендіруге ерекше көңіл бөледі. Сондықтан сала басшысы Дина Ахметжановаға орталықтың аумағын кеңейту бойынша нақты ұсыныс дайындауды тапсырды. Сонымен қатар қаладағы спорттық сауықтыру орталықтарының басшыларымен жасы 18-ден асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кедергісіз қабылдау бойынша келіссөздер жүргізу қажетін айтты. Облыстық мәслихат депутаты А.Балташеваға «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау бойынша қоғамдық кеңес отырысында білім алуда ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтендірудің қосымша тетіктерін қарастыру тапсырылды. Ал «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы С.Бекішевке мүмкіндігі шектеулі азамат Ж.Шыңғысты әлеуметтендіру бойынша волонтерлік топты бекіту жөнінде бұйрық берілді.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ