Орал қаласында «Nur Otan» партиясының бастамасымен үш жылға арналған «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл 51 ауланы абаттандыру үшін жергілікті қазынадан 2 миллиард теңге бөлінген.
«Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы 2021-2023 жылдары жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысуға ниеттенген көпқабатты үй тұрғындары партия мен әкімдік сайтына өтініш қалдырады. Әрі абаттандыру жұмыстарына байланысты ұсыныс бере алады. Ауланы абаттандыру жобасын жасақтауда сол тұрғындардың ұсыныс-тілегі ескеріледі. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, өткен жылдың қазанынан бастап ақпараттық хабарламалар жарияланып, тұрғындардың өтініші жиналған. Жалпы, 120-ға жуық аула бойынша өтініш түсіпті.
– Өткен жылы облыс әкімі шаһар бойынша кемінде 50 ауланы абаттандыру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда бағдарлама аясында тұрғындардың өтінішін жинадық, олар ауладан не көргісі келетінін көрсетті. Тізімге сәйкес, алғашқы тіркелген 50 шақты аула бойынша смета дайындалды. Мердігерлер анықталып, жұмыстар басталды. Қазір жоспарланған 51 аула аумағының 12-сі бойынша жұмыстар аяқталып, тапсырылды. Бес ауладағы жұмыстар тамыз айында аяқталады. Абаттандыру жұмыстарында аулаға кіреберіс жолдардың асфальтталуына ерекше басымдық берілді. Өйткені тұрғындар тарапынан кіру-шығу жолдарына қатысты уәж көп түседі. Сондай-ақ бұған дейін әр аулада бөлек-бөлек мердігер мекеме жұмыстар жүргізген болса, биыл барлық ауладағы жұмыс бойынша бір мердігерден сұраныс болуы қаперге алынды. Осы орайда жаңарту жұмыстары көзделген барлық ауладағы жол төсемін төсеуді бір ғана мердігер жүргізеді. Барлық ауладағы спорт және ойын алаңдарын орнатуды бір мердігер атқарады. Осылайша, жалпы 4 мердігер ауланы абаттандырумен айналысады, – деді Мирас Рүстемұлы.
Абаттандыру жұмыстары басталған аулалардың бірі – Мәншүк Мәметова көшесінің бойындағы 60-үй. Қазір мұнда «Түркістан жол сервис» ЖШС асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мердігер компания директоры Жәмшит Махаметовтың айтуынша, жиектастар ауыстырылып, аялдама тұрақтары кеңейтіледі.
Үш жылға арналған бағдарлама болғандықтан, енді аулаларды абаттандыруға қатысты өтінімдер жиналатын болады. Қала басшысының орынбасары Мирас Рүстемұлы енді тұрғын үйді басқаруда серіктестік құрған аулалар бірінші кезекте абаттандырылатынын атап өтті.