Бэтмобильді құрастырған Теміртау тұрғыны өнертабысын 425 миллион теңгеге бағалап отыр.
Евгений Бондаренко Instagram парақшасында «Кім сатып алғысы келді, асығыңыз» деп жазып, сату туралы хабарлама қалдырды. Автокөлік сипаттамасына келсек, Batmobile Tumbler кеңістік рамада нөлден бастап жасалғаны көрсетілген. Өнертапқыш қозғалтқышты Toyota маркалы көліктен алған. Бағасы – 425 миллион теңге. Евгений Бондаренко көлігін таныстырғанда бұл соманы жұмыс үшін лайық екенін, бағасын түсіру ойда жоғын жазады. «Бұған қаншама күш жұмсалды. Арзандатудың жөні жоқ. Дәл мұндай көлік әлем бойынша сатылымда жоқ» деп жазды ол. Желіде пікір білдірушілер болса, бағаның қымбат екенін айтып, Қазақстанда мұндай ақшаға ешкім көлік сатып алмайтынын жарыса жазып жатыр. «Қымбат, 100-200 мың долларға бағалауға болады», «Мен бұл ақшаға 200 көлік сатып аламын», «Еңбек екені рас, бірақ бағасы тым қымбат. Мұнда оны ешкім сатып алмайды және бізде сатылымға қоюдың мәні жоқ. EBay-ге қойыңыз, сол жақта тез өтіп кетуі мүмкін» деп жазды желі қолданушылары. Ал кейбірі Евгенийге өнертабысын басқа маркалы автокөлікке айырбастауды ұсынды. Ол дәл сол ақша үшін тек ұшақ ұсынуға болатынын жеткізді. Жалпы, Евгенийдің бұл туындысы жайында маусым айынан бастап айтылды. Ол бала кезінен Бэтмен және Кристофер Ноланның The Dark Knight фильмдерін сүйіп көретінін жеткізген. Сондай-ақ бэтмобильді құрастырып шығуға үш жыл уақыт жұмсаған.Айбике ЖАНАСЫЛ