Олимпиада жүлдегерлері баспаналы болды
Олимпиада жүлдегерлері баспаналы болды
268
оқылды

Токио Олимпиадасында қоржынға түскен сегіз медальдің екеуін жетісулық спортшылар – ауыр атлеттер Зульфия Чиншанло мен Игорь Сон жеңіп алды. Күні кеше Алматы облысы әкімдігінде қос жеңімпазға және олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді. Екі жүлдегерді қабылдаған облыс әкімі Амандық Баталов оларға су жаңа пәтерлердің кілтін тарту етті.

«Сіздердің ел спортына сі­ңірген еңбектеріңіз бен Олим­пиада төріндегі жеңістеріңізді Мемлекет басшысының өзі жо­ғары бағалады. Екеуіңіз де мем­лекеттік наградалармен мара­патталдыңыздар. Зульфияның кеудесіне ІІ дәрежелі «Достық» ордені тағылса, Игорьдың ерлігі «Құрмет» орденімен бағаланды. Сіздер – еліміздің мақтанышы­сыздар! Олимпиада ойындарында қола медальге ие болу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Бұл жетістік сіздердің және жат­тықтырушыларыңыздың жылдап төккен тері, жұмсаған күш-жі­герлеріңіздің арқасы. Мемлекет тарапынан спорт­шыларға жан-жақты қолдау тұ­рақты көрсетіледі. Облыстық дең­­гейде де көмек жасалып жа­тыр. Алдағы кезде қазіргі мүм­кіндігімізге сай қажетті қолдаулар жалғаса береді. Бүгін сіздерді жетісулықтар атынан жарқын же­ңістеріңізбен құттықтай оты­рып, спортта жаңа белестерді ба­ғындыратындықтарыңызға се­нім білдіремін», – деген облыс бас­шысы қос жеңімпазға өзінің Құрмет грамотасы мен пәтер­лердің кілтін тапсырды. Зульфия Чиншанло үш бөл­мелі пәтерге ие болса, Игорь Сон­ға екі бөлмелі баспана бұ­йырды. Спортшылардың бапкер­лері де құр қалған жоқ. Олардың әрқайсысына 2 миллион теңгенің ақшалай сертфикаттары берілді. 2019 жылғы әлем чемпиона­тының күміс, биылғы Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері Игорь Сон өзінің толқынысын төмендегіше жеткізді: «Бізге көр­сетіп отырған қолдауларыңызға үлкен рақмет! Бірінші кезекте азды-көпті еңбегімізді елеусіз қалдырмаған ел Президентіне шын жүректен ризашылығы­мыз­ды білдіргенді жөн көріп отыр­мын. Өз тарапымнан айтарым, маған артылып отырған үмітті ақ­тауға бар мүмкіндігімді сала­мын. Алда Азия ойындары күтіп тұр. Ендігі мақсат, соған дұрыстап дайындалып, ең жоғары нәтижеге қол жеткізу», – деді Токио Олим­пиадасының қола жүлдегері. Игорь Сонның бапкері, Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебері Владимир Седов та қалыс қалмай, ел даңқын асырғандарды алқалап отырғандарға алғысын айтты. Кезінде өзі де ауыр атлетикада атой салған Седовтың спортин­тернатта жаттықтырушы болып жүргеніне 13 жыл толыпты. Сол жылдары екі бірдей Олимпиада жүлдегерін баулып шығарған. Оның бірі Карина Горичева болса, екіншісі – Игорь Сон. Вла­димир шәкірттерінің же­тіс­тіктерге жетуіне олардың жат­тығуына қажетті жағдайлардың барлығы жасалғаны да оң ықпал еткенін айрықша атап өтіп, ал­дағы кезде жақсы нәтижелер болатынына уәде етті. Жүздесу кезінде спортшылар өздерінің болашаққа бағытталған жоспарларын айтып, арман-мақсаттары мен спорттық дайын­дықтың ерекшеліктері жөнінде әңгімеледі. Өңір басшысы Алматы облы­сының ел спортына талай даңқты есімдерді тарту еткенін, қазіргі же­тістіктері де жоғары екенін ай­та келе, бүгінгі кезде облыста спорт­ты дамытуға айрықша назар аударылып отырғанына тоқтал­ды. Расында солай, осыдан біраз бұрын Талдықорғанда Орталық Азияда теңдесі жоқ олимпиадалық жүзу бассейні пайдалануға берілді. Қазірдің өзінде осында жүзудің қыр-сырын меңгеруге 850-ге жуық бала жазылып, ірік­теу сынынан өтіп жатыр. Олар­дың арасында жеңістерімен қуан­татын болашақ чемпиондар бар­лығы анық. Елбасының ел аума­ғында 100 денешынықтыру-са­уықтыру кешенінің құрылысын жүргізу жайындағы тапсырмасын орындау барысында аймақта қазірдің өзінде 13 осындай дене­шынықтыру-сауықтыру кешені жұмысқа кірісіп, тағы бесеуі са­лынып жатыр. Олардың шалғай­дағы Балқаш ауданында орналас­қан біреуі жақында пайдалануға беріледі. Облыста спорттық ны­сандардың құрылымына, қо­лайлылығына, қолжетімділігіне, материалдық-техникалық база­сының дұрыстығына баса назар аударылады. Соның арқасында бұқаралық спортты барынша өрістетіп, жаңа таланттарды табу­ға жол ашылып келеді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы