Бұқаралық спорттың халықтың денсаулығын сақтау мен саламатты өмір салтын қалыптастыруға қосар үлесінің зор екенін жұрт жақсы біледі. Тіпті, бұқаралық спорт кәсіби спортшылардың өсіп шығатын бастапқы мектебі саналатыны тағы бар. Президент Қ.Тоқаев та бұл бағытқа айрықша назар аударып отыр. Бұқаралық спорт үшін жақсы инфрақұрылым да қажет. Ал елордада бұл бағытта жасалып жатқан істер аз емес.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының төрт ауданына қарасты елді мекендерде жаңадан денешынықтыру-сауықтыру кешені салынатыны белгілі болды. Қала әкімдігі мамандарының сөзіне қарағанда, бұл кешендер азаматтардың өз үйлерінен, аулаларынан ұзамай-ақ спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Яғни, шеткері орналасқан елді мекендердің тұрғындары спортпен тұрақты түрде айналысу үшін қаланың орталығында жайғасқан спорт кешендеріне қарай сабылып жүрмейді. Жолға уақыт та жоғалтпайды. Өздері тұратын аймақта спортпен шұғылдана беруге мүмкіндік туады. Қаланың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасында таныстырылған эскиздердің бірінде Алматы ауданындағы «Теміржолшылар» елді мекеніндегі №17 және ЖД2 дейтін жобалық атаулары бар көшенің қиылысында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы көрсетілген. Құжатта кешеннің жалпы аумағы 2634,2 шаршы метр екені жазылған. Нысанда баскетбол, волейбол, күрес және бокс секілді спорт түрлеріне арналған залдар, сондай-ақ қарт адамдарға арналған қызығушылық клубы болады. Әрі кешенде Халыққа қызмет көрсету орталығы да орналасады. Екінші қабатта кітапхана, балалар алаңы, тамақ ішетін орын, әкімшілік және тұрмыстық үй-жайлар орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, елді мекен тұрғындары үшін барынша ыңғайлы жағдай жасалған. Азаматтар спортпен айналысумен қатар, қажет кезінде ХҚКО қызметін де пайдалана алады. Сөйтіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтары үшін қаланың орталық бөлігіне келу қажеттілігі жойылмақ. Рас, елордалықтардың мемлекеттік қызметті элекронды түрде алуға әбден дағдыланғаны жасырын емес. Бірақ қалада әлі де болса дәстүрлі қағаз құжатты алуды құп көретін, заманауи гаджеттерді қолдануға ықылас таныта қоймайтын азаматтар бар. Тіпті, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің мемлекеттік қызмет алу және спортпен шұғылданудағы қолайлылығынан бөлек, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да әсер ететінін ұмытпаған абзал. Қарт адамдардың хоббиіне қажет клубтың болуы, кітапхана мен өзге де орындар осынау адами қатынастар үшін қажет. Дегенмен кешенді салудағы ең басты мақсат – бұқаралық спортты насихаттау. «Денешынықтыру-сауықтыру орталығы бұқаралық спортты насихаттау мақсатында салынған, бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Полицентрлік қағидат бойынша мұндай спорт нысандары елорданың 4 ауданында (елді мекендер) салынған. Сонымен қатар спорттық аймақтарға және ашық кеңістіктерге деген үлкен сұранысты атап өтуге болады. Көше спортына арналған инфрақұрылымды құру жұмысы қаланың барлық ауданында «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары бойынша жалғасатын болады», – деп атап өтті Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев. Жалпы, соңғы жылдары елордада халыққа қолайлы жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыту, аулалар мен шет аймақтарды абаттандыруға айрықша көңіл бөлініп келеді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тұрғындар үшін көптеген мүмкіндіктер жасалғанын айта келе, азаматтардың денешынықтыру-сауықтыру кешендеріне тегін бара алатынын да айтқаны бар. Бұл дегеніңіз – әкімдіктің қаланы жайлы мекен қылу бағытындағы ерекше бастамаларының бірі. Әрі қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың барлығына бірдей жасалған тең мүмкіндік. Яғни, спортпен артық-ауыс қаржысы мен бос уақыты барлар ғана емес, кез келген азамат айналыса алады деген сөз. Ал ірі кешендерде кейбір спорт түрлерімен айналысу ақылы екенін ескерсек шет аймақтардағы жаңа нысандар бұқараның сүйікті орнына айналуы бек мүмкін. Жобалардың өзгеше сыры да осында. Елорда әкімдігі тура мағынасында Конституцияда сипатталған «әлеуметтік мемлекет құрудың» қалаға тән үлгісін көрсетіп отыр. Әрі бұл жұмыстар биыл ғана басталған жоқ. Осынау кешендер салынып біткен соң да аяқтала қоюы неғайбіл. Өйткені Қазақстан астанасы тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз, жайлы, сәулеті мен дәулеті келіскен шаһарға айналып келеді. Заман талабы қалай өзгерсе, қаланың дамытылуы да соған сәйкес болуы керек. Әйтпесе, жаһандағы ірі шаһарлармен бәсекелесу оңайға соқпайды. Айтпақшы, сөз басында бұқаралық спортты дамыту мен аймақтарды абаттандыру жұмысының биыл ғана басталмағанын айттық қой, енді соған біраз мысал келтірейік. Қала әкімдігінің мәліметтеріне қарағанда, елорда әкімінің тапсырмасына сәйкес аулалар мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүзеге асырылып жатыр екен. Былтыр қалада 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік, яғни саябақтар, скверлер, бульварлар абаттандырылыпты. Биыл 190 нысан салынып, жөнделетін көрінеді. Демек, қала жыл сайын гүлденіп, жайнай түседі деген сөз. Ең бастысы, елорда азамат тұрмысына қажет дүниенің барлығын ұсына алатын, қауіпсіз, тыныш, жайлы қалаға айналып келеді. Күндердің күнінде «жайлы қала» дейтін мәртебесі арқылы да Нұр-Сұлтан жаһандағы үздік шаһарлар қатарына қосылатын шығар. Қазір атқарылып жатқан істер сондай күнге жету жолындағы алғашқы баспалдақ болса керек.Ардақ СҰЛТАН