Машина жасау – Қазақстанда нөмірі бірінші нарық. Мәселен, елдегі барлық тауар импортының жартысына жуығы, яғни 48,9 пайызы машина жасау өнімінің импорты. 2020 жылы салада 3 007 кәсіпорын тіркеліп, шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Әйтсе де, кәсіпорындардың көбінде білікті мамандар жетіспейді. 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған Машина жасауды дамытудың жол картасында дуальді білім беру жүйесін жетілдіру қарастырылған.
Кадрға да қам керек
Штаб-пәтері АҚШ-тың Калифорния штатының орталығы Лос-Анджелесте орналасқан Korn Ferry басқарушылық консалтингтік фирмасы жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша, 2030 жылға қарай дамыған елдерде мамандар тапшылығы өте қатты туындайды екен. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай әлемдік экономиканың баяулауына және оның шамамен 8,5 трлн АҚШ долларын жоғалтуға әкелуі мүмкін. Тіпті, барлық салада технологияның баяулауына әсер етуі ықтимал. Сондықтан да сарапшылар кәсіпорындарға кадрлық әлеуетті арттыруға баса назар аударуға кеңес береді. «Білікті мамандар – кез келген өндірістің басты және маңызды факторларының бірі. Басқа салалар сияқты машина жасау да жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігіне тап болады. Мәселен, әлемнің ең ірі төрт бухгалтерлік фирмаларының қатарына кіретін, штаб-пәтері Лондонда орналасқан, мультинационалды профессионалдық қызмет түрлерін көрсететін PriceWaterhouseCoopers фирмасы биыл еліміздің 60 кәсіпорны басшылары арасында сауалнама жүргізді. Олардың 90%-дан астамы білікті мамандар тапшылығын өндірістік мәселелер арасындағы басты проблема ретінде атап көрсеткен. Сондықтан да 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған Машина жасауды дамытудың жол картасында саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету басты міндеттердің қатарында тұр. Оны мемлекет дуальді білім беру жүйесін жетілдіру есебінен шешпекші. Атап айтқанда, өндірістік тәжірибеден өтуге жұмсалатын шығындар бірлесіп қаржыландырылады. Атап айтқанда, шығындардың 70%-ын мемлекет және/немесе оқу орны, 30%-ын жұмыс беруші өтейді. Кәсіпорындардың оқу орындарымен тығыз ынтымақтастығы оң нәтиже бермек»,– дейді «Qazindastry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов. Бірқатар кәсіпорындар мамандар жетіспеушілігі мәселесін бейінді білім беру мекемелерін қамқорлыққа алу немесе толық иемдену арқылы шешіп жатыр. Бұл студенттер мен курсанттарға өндірістік процесс шеңберінде ең қажетті білім беруге мүмкіндік беріп, оқушылар нақты жұмыс орындары мен табысты қызметке тұратынына сенімді болады. Сапалы білім беру процесі еңбек нарығына серпін әкеліп, оны дамытуға мүмкіндік береді. Білім беру стандарттарын бизнес үшін өзекті салалық біліктілік шеңберіне және кәсіби стандарттарға бейімдеу қазақстандық машина жасау саласын одан сайын жандандырмақ.Импорт – $17,3 млрд
Әйтсе де, білікті кадрлардың тапшылығы бүгінде ауыр өнеркәсіп саласы үшін үлкен кедергі болып отырған жоқ. Әзіргі көрсеткіштеріміз көңіл көншітерлік. Мәселен, 2020 жылы салада 3 007 кәсіпорын тіркелген болса, оның 63-і ірі, 102-сі орта және 2 842-сі шағын кәсіпорын. Осы мекемелерде 14,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыр индустрияландыру жеңіл өнеркәсіпке де тыныс беретінін ескерсек, мұнда бір жұмыс орнын құру сабақтас салаларда бес-алты жұмыс орнының ашылуына әсер етеді. Осы есеппен алғанда бұл кемі 70-80 мың адам жұмыспен қамтылды деген сөз. Шын мәнінде, 10 жыл ішінде елімізде машина жасау өндіріс орындарының саны 76,8% өсті. Индустрияландыру бағдарламасы басталған 2010 жылға дейін олардың саны 1700-ге жетпейтін еді. «Елдегі барлық тауарлар импорты 35,4 млрд АҚШ долларынан асатын болса, оның жартысына жуығы, яғни 17,3 млрд АҚШ доллары машина жасау өнімінің импорты. 2009-2020 жылдар аралығында өндіріс көлемі ақшалай алғанда 6,4 есе өсіп, рекордтық ең жоғары көрсеткіш – 1,8 трлн теңгеге жетті. Индустрияландыру жылдарында қазақстандықтар жаңа тауарлар: электровоздар, жолаушылар вагондары, қуаты аз тракторлар, автотіркеуіштер, пресс-жинауыштар, желдеткіш жабдықтар, теміржол дөңгелектері, осьтер және теміржол саласына арналған басқа да жиынтықтауыштар, Орталық Азия нарығы үшін өндірісі бірегей – аса қуатты трансформаторлар, модемдер мен коммутациялық жабдықтар және тағы басқаларын жасауды меңгерді», – дейді «QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму дирекциясының басшысы Әсет Адахаев. QazIndustry орталығының мәліметінше, Қазақстандық машина жасауда қосылған құнның жаһандық өндірістік тізбегін құру бойынша үлкен перспективалар бар екен. Қазір көптеген кәсіпорын әлемдік машина жасаудың ірі брендтерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Өскемендегі «Силумин Восток» компаниясы «Шнайдер Электрик» компаниясымен ынтымақтастықта жоғары экспорттық құрамы бар электр машина жасау өнімдерін шығарады. «АВЗ» ЖШС мен әлемге әйгілі LG Electronics арасындағы ауаны баптау және желдету жүйелері өндірісіндегі ынтымақтастықты да атап өткен жөн.Экспорт басты назарда
Машина жасау өндірісін дамыту негізінен Қазақстанның ішкі нарығына бағдарланған. Дегенмен сала өнімдерінің экспорты да артып келеді. 2009 жылдан бастап экспорт көлемі 3,3 есе өсті (2009 жылы 395,3 млн АҚШ доллары, 2020 жылы 1 309,4 млрд АҚШ доллары). Өткізу нарықтары кеңейтілді. ЕАЭО елдерінен басқа, отандық өнімді жақын және алыс шетелдер – Әзербайжан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, БАӘ, Бенин, Люксембург, Венгрия пайдаланады. Өсімді негізінен мұнай-газ, теміржол машина жасау және электр жабдықтары өнімдері қамтамасыз етті. «Отандық автомобиль жасау саласы да экспорттық позицияларын нығайтуда. Егер 2010 жылы Қазақстаннан тек 3 машина экспортталса, 10 жылдан кейін, яғни 2020 жылы 8 122 көлік экспортталды. Экспорттың негізгі бағыты – Өзбекстан мен Ресей. Алайда біздің автоөнеркәсіптің мақсаты – ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру. Өткен жылы 77 400 автокөлік жиналып, биыл оны 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр», – дейді ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков. Мемлекет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдына үшінші бесжылдыққа маңызды индикаторлар қойып отыр. 2025 жылға қарай машина жасау мен өңдеу өнеркәсібінде экспорттық көлем екі есе, еңбек өнімділігінің нақты өсімі 1,6 есе, негізгі капиталға салынатын инвестициялар 1,6 есе өсуі тиіс. Отандық машина жасау саласының әлеуеті зор. Импортты алмастыру есебінен ғана 16,5 млрд АҚШ долларынан астам көлемде тауар өндіруге болады. Ал мұндай әлеуетті өнеркәсіп тек қана білікті мамандардың есебінен сәтті жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан да мемлекеттің техникалық мамандықтарға гранттарды көптеп бөліп, мұндағы әлеуметтік қолдауды бұрынғыдан да арттыра түскені ләзім.Нұрлан ҚОСАЙ