Шымкентте мектеп жеткілікті ме?
Шымкентте мектеп жеткілікті ме?
268
оқылды

Шымкентте осыдан бір ай бұрын бірінші сыныпқа бала қабылдамай жатыр деген шу шыққан. Қаладағы 14 білім ұясының балаларды қабылдаудан бас тартуының салдарынан алғаш мектеп табалды­рығын аттайтын бүлдіршіндердің 5 пайызы қайда барарын білмей отырғанын жазған желі белсенділері.

Мұны растаған Білім басқармасы­ның басшысы Жанат Тәжиева үш ауы­сымды 14 мектепке бала қабылдауға шектеу қойғанын мойындады. Себебі мұнда бала шектен тыс көбейіп кеткен. Сол себепті мұнда бастауыш сыныпқа қабылдауды 2-3 сыныптан асырмау керек деп тапсырма берілген. Өзге балалар мекенжайы бойынша өзге мектептерге, ал осы маңайда тұратындар жақын жердегі басқа білім ордаларына баруы тиіс деген болатын ол. Сонымен қатар Білім басқармасының басшысы биыл 18 732 орындық 32 мек­тептің құрысы басталғанын, оның ішінде 10 222 орындық 20 білім ордасы балаларға есігін айқара ашатынын жеткізген. Осылайша, жыл соңына дейін үш ауы­сымда оқитын мектептер саны 14-тен 9-ға дейін қысқарып, апатты жағдайдағы мектептер проблемасы толығымен ше­шілетінін де айта келіп, осынау мектептер ашылғанда әлі бала жетіспеушілігі де болуы мүмкін деген болатын. «Бүгінде 1 сыныпқа келуі тиіс 25 000 баланың 24 540-ы қабылданып қойды. Ал 81 құжат кері қайтарылды. Себебі үш ауысымды мектептерге алыс емес жерлерде де білім ұялары бар», – деген-ді Жанат Тәжиева. Біз жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалуына орай әлгі кері қайтарылып жатқан құжаттардың жағ­дайын, яғни мектепке қабылданбай жат­қан балалардың бүгінгі жай-күйін сұрап, білім бөліміне хабарласқан болатынбыз. Білім басқармасының басшысы Жа­нат Тәжиеваның айтуынша, биыл қалада 12 714 орынға арналған 23 мектеп пай­далануға берілмек. Оның 19-ы жаңа оқу жылында балаларды қабылдайды. Пай­далануға берілетін білім мекемелерінің төртеуі мемлекеттік, он тоғызы жекемен­шік. Қалғаны жыл соңына дейін тапсы­рылмақ. Осылайша, үшінші мегаполис­тегі апатты мектеп мәселесі толық шешіліпті. Ал үш ауысымды мектеп 14-тен 9-ға кеміген. Бұрын 13 елді ме­кенде мектеп болмаса, енді оның саны 2-еуге азайған. Дегенмен әлі 11 елді мекенде білім орда­сы жоқ деген сөз. Биыл Шымкент қаласында мектепке баратын оқушылардың қатары 8 000-ға көбейген. 785 білім ордасында 350 мыңға жуық бала тәлім алмақ. Басқарма бас­шылығы мектепке қабылданбай қалған бала жоқ екенін айтады. Үш ауысымды болуы себебінен 14 мектепке артық бала қабылданбағаны рас. Олар көрші білім ұяларына жолданған. Ал одан бөлек тағы да 21 мектептің бала толымдылығы шек­тен тыс болуына қарамастан онда 1-сы­ныпқа оқушылар қабылданған. Жалпы, биыл бірінші сыныпта 25 005 бала оқиды. Иә, Шымкентте халық санының жыл­дан-жылға өсуінен өткен бір жылда мектеп оқушыларының саны 20 889 балаға көбейген болатын. Ал биыл 8 000-ға артып отыр. Сондықтан мектеп мәсе­лесі қашанда күрделілігін жоймай келеді. Дегенмен оқу орындарына сыймай жат­қан оқушылар жаңадан ашылып жатқан 23 білім ұясына бөлінер болса, бірқатар мәселенің шешімін тауып қалатыны рас. Бірақ қалай десек те, осынша мектептің ашылғанына қарамастан биыл 14 үш ауысымды білім ордасының қатары 5-ке ғана кеміп отыр. Одан бөлек, 21 мектептің бала толымдылығы шамадан артып, үш ауысымдық оқуға ауысу қаупі бар. Шым­кент әкімдігі үш ауысымдағы мектептер мәселесін 2023 жылға дейін шешуді жоспарлап отыр. Бұйырса, ол күнге де аз қалды. Әйтпесе, кейбір мектептерде «а» сыныбынан «т» сыныбына дейін созы­лып, тіпті әліпбидегі әріптер де жетпей қалуы мүмкін...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы