Шымкентте осыдан бір ай бұрын бірінші сыныпқа бала қабылдамай жатыр деген шу шыққан. Қаладағы 14 білім ұясының балаларды қабылдаудан бас тартуының салдарынан алғаш мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің 5 пайызы қайда барарын білмей отырғанын жазған желі белсенділері.
Мұны растаған Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева үш ауысымды 14 мектепке бала қабылдауға шектеу қойғанын мойындады. Себебі мұнда бала шектен тыс көбейіп кеткен. Сол себепті мұнда бастауыш сыныпқа қабылдауды 2-3 сыныптан асырмау керек деп тапсырма берілген. Өзге балалар мекенжайы бойынша өзге мектептерге, ал осы маңайда тұратындар жақын жердегі басқа білім ордаларына баруы тиіс деген болатын ол. Сонымен қатар Білім басқармасының басшысы биыл 18 732 орындық 32 мектептің құрысы басталғанын, оның ішінде 10 222 орындық 20 білім ордасы балаларға есігін айқара ашатынын жеткізген. Осылайша, жыл соңына дейін үш ауысымда оқитын мектептер саны 14-тен 9-ға дейін қысқарып, апатты жағдайдағы мектептер проблемасы толығымен шешілетінін де айта келіп, осынау мектептер ашылғанда әлі бала жетіспеушілігі де болуы мүмкін деген болатын. «Бүгінде 1 сыныпқа келуі тиіс 25 000 баланың 24 540-ы қабылданып қойды. Ал 81 құжат кері қайтарылды. Себебі үш ауысымды мектептерге алыс емес жерлерде де білім ұялары бар», – деген-ді Жанат Тәжиева. Біз жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалуына орай әлгі кері қайтарылып жатқан құжаттардың жағдайын, яғни мектепке қабылданбай жатқан балалардың бүгінгі жай-күйін сұрап, білім бөліміне хабарласқан болатынбыз. Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, биыл қалада 12 714 орынға арналған 23 мектеп пайдалануға берілмек. Оның 19-ы жаңа оқу жылында балаларды қабылдайды. Пайдалануға берілетін білім мекемелерінің төртеуі мемлекеттік, он тоғызы жекеменшік. Қалғаны жыл соңына дейін тапсырылмақ. Осылайша, үшінші мегаполистегі апатты мектеп мәселесі толық шешіліпті. Ал үш ауысымды мектеп 14-тен 9-ға кеміген. Бұрын 13 елді мекенде мектеп болмаса, енді оның саны 2-еуге азайған. Дегенмен әлі 11 елді мекенде білім ордасы жоқ деген сөз. Биыл Шымкент қаласында мектепке баратын оқушылардың қатары 8 000-ға көбейген. 785 білім ордасында 350 мыңға жуық бала тәлім алмақ. Басқарма басшылығы мектепке қабылданбай қалған бала жоқ екенін айтады. Үш ауысымды болуы себебінен 14 мектепке артық бала қабылданбағаны рас. Олар көрші білім ұяларына жолданған. Ал одан бөлек тағы да 21 мектептің бала толымдылығы шектен тыс болуына қарамастан онда 1-сыныпқа оқушылар қабылданған. Жалпы, биыл бірінші сыныпта 25 005 бала оқиды. Иә, Шымкентте халық санының жылдан-жылға өсуінен өткен бір жылда мектеп оқушыларының саны 20 889 балаға көбейген болатын. Ал биыл 8 000-ға артып отыр. Сондықтан мектеп мәселесі қашанда күрделілігін жоймай келеді. Дегенмен оқу орындарына сыймай жатқан оқушылар жаңадан ашылып жатқан 23 білім ұясына бөлінер болса, бірқатар мәселенің шешімін тауып қалатыны рас. Бірақ қалай десек те, осынша мектептің ашылғанына қарамастан биыл 14 үш ауысымды білім ордасының қатары 5-ке ғана кеміп отыр. Одан бөлек, 21 мектептің бала толымдылығы шамадан артып, үш ауысымдық оқуға ауысу қаупі бар. Шымкент әкімдігі үш ауысымдағы мектептер мәселесін 2023 жылға дейін шешуді жоспарлап отыр. Бұйырса, ол күнге де аз қалды. Әйтпесе, кейбір мектептерде «а» сыныбынан «т» сыныбына дейін созылып, тіпті әліпбидегі әріптер де жетпей қалуы мүмкін...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы