Елордалық білім басқармасы ҰБТ тапсыру кезінде алаяқтық жасады деп айыпталған Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты оқиғаға түсініктеме берді.
«Нұр-Cұлтан қаласының білім басқармасы барлық «Алтын белгі» иегерін білімге құштарлығы мен мақсатқа жетудегі табандылығы үшін ризашылығын білдіріп, оқушы Аманғали Ә.Т. мектепте оқу кезінде жоғары нәтиже көрсеткенін және шынымен де жылдық қорытынды бағалау нәтижелері бойынша «Алтын белгі» иегері екенін хабарлайды», – делінген басқарма хабарламасында.
Басқарманың хабарлауынша, тексеру барысында «Алтын белгі» беру кезінде заңбұзушылық болмаған, құжаттар белгіленген талапқа сәйкес келеді.
Еске салайық, заңгер Абзал Құспанның мәліметінше, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Аманғалидың орнына ҰБТ-да тест тапсыруға басқа адам кірген. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазды. Заңгер аталған ақпаратты сенімді дереккөзден алғанын айтып отыр. Тіпті бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс те қозғалған.