Ауғанстандағы БҰҰ қызметкерлері мінген ұшақ Алматыға қонды
Ауғанстандағы БҰҰ қызметкерлері мінген ұшақ Алматыға қонды
250
оқылды
Алматы әуежайы Ауғанстандағы БҰҰ қызметкерлері мінген ұшақты қабылдады, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі.
«Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың шиеленісуіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) өзінің Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қаласына уақытша орналастыру туралы Қазақстанға өтініш білдірді. Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы рухы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады», - делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Айта кетсек, 18 тамызда UNAMA қызметкерлері бар алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. СІМ Алматы әкімдігімен, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдауда. Келген қызметкерлер – халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері. Алматыда UNAMA және басқа да БҰҰ агенттіктерінің кеңселерін орналастыру және олардың одан әрі қызмет етуі уақытша, яғни, Ауғанстандағы жағдай тұрақталғанға дейін, шамамен жарты жылға созылады деп күтіліп отыр. Қызметкерлердің тұруы, кеңсе мен үй-жайларын жалға алуы және т.б. барлық шығыстары толығымен БҰҰ-ның бюджетінен қаржыландырылады.