Алматы облысында 21 және 23 жастағы екі полиция қызметкері жол апатынан көз жұмды
Алматы облысында 21 және 23 жастағы екі полиция қызметкері жол апатынан көз жұмды
173
оқылды
Алматы облысында жол апатынан екі полицей мерт болды, - деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Оқиға 17 тамызда сағат 22:00 шамасында «Алматы-Өскемен» автожолында болған. Анықталғандай, Toyota Camry көлігінде Алматы облысы Іле аудандық полиция бөлімінің екі инспекторы болған. Олар 21 жастағы Мұхтар Нұртілеу және 23 жастағы Санжар Омарбек. Екеуі де оқиға орнында тілге келместен көз жұмды. Үшінші полицей - 21 жастағы Мақсат Рамазан түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы әлеуметтік желі арқылы жүргізген тікелей эфир барысында оқиғаны растады. Сонымен қатар марқұмдардың жақындарына көңіл айтты.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, Toyota Camry маркалы автокөлігінің жүргізушісі Алматы-Өскемен автожолының бойымен солтүстік бағытта 46 км. жүріп өтіп, алдыңғы сол жақ доңғалағы тесіліп, соның салдарынан автокөлік 90 градусқа бұрылған. Осы сәтте оның артынан келе жатқан Hyundai Accent маркалы автокөлік жоғарыда аталған автокөлікпен соқтығысқан. Жол апатының салдарынан оқиға орнында Toyota Camry көлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысы көз жұмды»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ Өтеген батыр кентіндегі орталық ауруханаға түрлі жарақаттармен осы көліктің тағы бір жолаушысы жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.