Полицияның “102” арнасына күндізгі уақытта дүкендердің бірінен белгісіз жігіттің сатушыны пышақпен қорқытып, 100 мың теңге ақша алып кеткені туралы қоңырау түскен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу нәтижесінде күдікті “ізін суытпай” ұсталды. Тергеу барысында 17 жастағы жігіттің дүкенге кіріп, сатушыдан сатылымға қойылған ас үй пышағын көрсетуді сұрағаны анықталды. Пышақты қолына алған ол сатушы әйелді қорқытып, ақша талап еткен. Әйел жасөспірімнен пышақты тартып алуға тырысқан. Алайда осы сәтте күдікті оны қолынан жарақаттап, кассадағы ақшаны алып, қашып кеткен. Қаскөйді патрульдік полиция полкінің қызметкерлері ұстады.
– Дүкенде бейнебақылау камералары болған жоқ. Бірақ сатушы күдіктінің белгілері мен киімдерін есіне сақтап қалған. Шұғыл түрде бағдарлау жасалды. Жедел уәкілдер күдіктінің нақты белгілерін анықтады. Күдікті отырған такси көлігі анықталып, ол ұсталды, – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дмитрий Демидов.