Биылғы қуаңшылық малға да, жанға да ауыр тиіп тұр. Алдағы қыстан қысылмай шығу мақсатында Қазақстанның сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 тамыздан бастап алты айға жемшөп, атап айтқанда 5-санатты жұмсақ бидай, арпа, сондай-ақ жом мен күнжара экспортына шектеу енгізу туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда Астықты қайта өңдеушілер одағына Ауыл шаруашылығы министрлігінен келген хатта бұл тізімге кебек те енгізіліпті. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер кебек экспортын шектеумен келіспей отыр. Олардың ойынша, бұл шектеу жемазық тапшылығы мәселесін шеше алмайды.
Солтүстікқазақстандық диқандар жыл сайын 5 миллион тоннадан астам астық жинайды. Биыл 3 миллион гектар алқапқа – дәнді дақылдар, 0,9 миллион гектар жерге – майлы дақылдар және 0,3 миллион гектарға жемазық егілген. Дегенмен астықты аймақта жыл сайын мал азығының бағасы шарықтап барады. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметовтің айтуынша, бір тонна шөптің бағасы Айыртау ауданында – 1,9 есе, Тайынша ауданында – 1,8 есе, Жамбыл және Қызылжар аудандарында 20 пайызға қымбаттаған. Бұған фермерлерді кінәлау да орынсыз, өйткені олардың шығындары да биыл 20 пайызға артқан. Кәсіпкерлер қалыптасқан жағдайды тек құрғақшылықпен байланыстыру дұрыс емес деген пікірде. Олардың ойынша, бұл дағдарыс былтыр қыста кебектің бағасы 70 000 теңгеге жеткен кезде басталған. Ал диірмендер өз жұмысын тоқтатқан соң баға тіпті шарықтап кеткен. Соңғы жылдары елімізде диірмендер саны күрт азайды. Қазір қолда бар 270 кәсіпорынның 160-тан астамы жұмыссыз тұр немесе банкке кепілге қойылған. Олардың көбі астық бағасы қымбаттап бара жатқандықтан және экспорт қиындықтарына байланысты жабылып жатыр. Ағымдағы қиындықтар шешілмесе, бұл салада жұмыс істейтін адамдардың 60 пайызы жұмыссыз қалу қаупі бар. Кәсіпкерлер осыны айтып, дабыл қағуда. Тимирязев ұн үгу комбинатының бас директоры Иса Аллахяров шикізат бағасының шарықтауына байланысты жұмысшыларының 80 пайызынан айырылғанын айтады. «Шықпа, жаным, шықпа» деп отырған кәсіпорын бір жылдан бері қалт-құлт етіп, күнін әрең көріп келеді. Иса Мехтиоғлының айтуынша, кебек экспортқа жіберілмесе, қоймалар толып, ұн өндіруге мүмкіндік болмайды. Өйткені кебек сақтауға арналған қосымша қоймалар жоқ. «Қазақстанға ұн да керек. Оңтүстік өңірлерде кебек сатып алушылар аз. Кебек ішкі нарыққа да, экспортқа да жетіп артылады. Ішкі нарық кебектен қор жинауға дайын емес. 3-4 жыл бұрын кебек тасымалына вагон тапшылығы сезіліп, ел басшылығынан көмек сұрағанбыз. Сол кезде 3-4 тонна кебекті далада сақтауға мәжбүр болдық. Жаңбыр мен қардан ол шіріп, шығынға батқанымыз есімізде», – дейді Иса Аллахяров.МӘСЕЛЕ – ШИКІЗАТТА
Қазір астықты өңірде мал азығы тапшы. Бұл – бар шикізаттың, яғни бидайдың экспортқа шығарылғанының нәтижесі. Халық қыс түспей жатып қолдағы малын сатуға мәжбүр. Иса Мехтиоғлының сөзімен айтсақ, тауығын да асырай алмай отыр. Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер бидай экспортына мемлекетік баж салығын енгізу керек деген пікірде. «Одан мемлекет те, халық та ұтылмайды. 20 пайыз болса да бұл қаржы бюджетті толықтырады. Әрі шикізат бағасы ұнның құнымен теңеледі. Сол себепті өзге елдер «Қазақстаннан шикізат алған тиімді ме, әлде дайын өнім алған дұрыс па?» деген ойға қалады. Шикізат үшін бюджетке қосымша төлем төлеу керек. Дайын өнімге басымдық берілсе, елімізде қосымша жұмыс орындары ашылады, салық мөлшері көбейеді» деген ойын білдірді ұн үгу комбинатының бас директоры. Әріптесінің пікірін қолдаған Астықты қайта өңдеушілер одағының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі, «СевЕсильЗерно» ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова да осындай пікірде. «Бүгінде жемазық мәселесі тек ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ғана емес, қатардағы қарапайым тұрғындардың да бас ауруына айналып отыр. Сондықтан Үкіметке шикізат бағасын тұрақтандырып, соның есесінен халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен мал азығын арзандатудың маңызды екенін жеткізгіміз келеді. Бұл әрбірден соң отандық тауарды арзандатуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл ретте шикізат, яғни бидай экспортына шектеу қойып, бағасын реттеу маңызды», – деді ол. Аграрлық-өнеркәсіптік одақтың есебінше, бір тоннаға 8 500 теңге белгіленсе, отандық ұқсатуды ынталандыруға жеткілікті баға айырмашылығы пайда болады. Сондай-ақ одақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге ең төменгі маржалық табыстың 10 пайызы мөлшерінде субсидия беру тетігін қарастыруды ұсынады. Бұл олардың астықты ішкі ұқсатуға беруін ынталандырады әрі бидай құны арзандаса, шығындарын өтеуге сеп. Астық экспортына кеден салығын төлеу тәжірибесі көршілес Ресейде бар көрінеді. Әрі өз жемісін де беріп отыр екен.ДАҒДАРЫСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Ал біздің астық өндірушілерді әзірге импортшылар өзіміздің нарығымыздан ығыстырып отыр. Дейл Карнегидің лимоннан лимонад жаса дегені секілді, олар қазақстандық бидайдан жасалған ұн, кеспе, макарон сияқты өнімдерді өзімізге бірнеше есе қымбат бағаға ұсынады. Сондықтан кәсіпкерлердің пікірінше, астықты қайта өңдеу саласының болашағы – терең өңдеуде. Бұл – импорт алмастырудың негізгі факторы. Әрі мал азығына да қатысты мәселе туындамайды. Астықты қайта өңдеушілер одағындағылардың ойынша, енгізілген шектеулердің осы сала субъектілерін қолдауға да, бағаны ырықтандыруға да көк тиын пайдасы жоқ. Мұны былтыр ұн экспортына енгізілген шектеулер дәлелдеп берген. Ал қазір кебектің тапшылығын кәсіпкерлер диірменнің бос тұрғанымен байланыстырады. «Күзгі орақтан соң жағдай тұрақталады», – дейді олар. «Экспортқа еш шектеусіз-ақ ішкі нарық кебекке лық толады, әрі бағасы арзандайды. Кебек – бидайдан ұн үккен кезде пайда болатын қалдық өнім. Ендеше бидай бағасы қымбаттаған сайын, кебек те қымбаттайды. Соңғы бес жыл ішінде кебек экспортының көлемі азайып бара жатқаны байқалады. Былтыр өндірілген кебектің тек 20 пайызы экспортталды. Мұндай азын-аулақ көлем ішкі нарыққа айтарлықтай әсер ете қоймайды. Оның үстіне, бұл қалдық жемазық болып есептелмейді. Қара мал азығының 8-10 пайызы ғана кебек, ал құс шаруашылығында ол мүлдем қажетсіз, өйткені құс өсірушілер жоғары протеинді ақуызды жемазыққа көбірек қызығады», – дейді Таисия Хонакмедовна. Оның айтуынша, мал азығы мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру қажет болса, оның салдарымен күресудің қажеті жоқ, себебін табу керек. Ал себеп сол шикізатқа келіп тіреледі. «Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – шикізат экспортына міндетті баж салығын енгізу. Сонда ғана жемазық жеткілікті болмақ, жұмыс орындары да сақталады, кәсіпорындар да толық қуатында жұмыс істейді. Ал кебек экспортын шектеу ішкі нарықты мал азығымен қамтамасыз ету мәселесін мүлдем шеше алмайды», – дейді Тимирязев ұн үгу комбинатының бас директоры Иса Аллахяров. Астық өңдеушілердің айтуынша, олар кебектің басым бөлігін онсыз да ішкі нарықта, әсіресе облыс аумағы мен оңтүстік өңірлерге сататын көрінеді. Былтыр Өзбекстан 3,5 миллион тонна қазақстандық бидайды сатып алып, өзін-өзі кебекпен толықтай қамтамасыз еткен. Қытай бағыты теміржолдағы қиындықтарға байланысты қазір жабық. Диірменшілер шенеуніктердің ұқсатылған тауарға тіреліп, ал шикізат экспортын неге шектемей отырғанын түсінбей дал. Олардың жорамалдауынша, егер осылай жалғаса берсе 2022 жылдың қысында мал азығымен және азық-түлікпен қамтамасыз етудегі дағдарыстың жаңа кезеңі басталады. Себебі басқасын айтпағанда, сөз болып отырған кебектің өзін өндіретін шикізат қалмайды.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы