Қуаңшылық Ақмолаға зардабын тигізді
Қуаңшылық Ақмолаға зардабын тигізді

Елдегі астықты алқап­тың бірі Ақмола облысын­да биыл­ғы қуаң­шылық алаң­­датып тұр. Қауызына сый­май ба­данадай болып пі­сетін бидайдың биыл бой­лары ала­са, масағы си­ре­ген. Жерді ем­ген ди­қан­дардың сеп­кен дәні шықпай, ал шыққа­нының көп бөлігі ыстық­тан күйіп кеткен. Бұдан бөлек, ашық алаңдар­дағы шабындық шөп те шықпай қалған.

Күнкөрісінің негізі мал мен егінге тірелген ауыл халқының жағ­дайы қиын. Шығынға шаш етек­тен батып, еңбегі еш кет­кен­дердің қатары қалың. Мамандар астықтың шықпай қалуының бірнеше себебін айтты. Әсіресе, нағыз жауын қа­жет болған ма­мыр және маусым айл­а­рында мүлде тамбай егін көгермей жатып қурап кеткен. Жауын-шашынның аз болғаны соншалық, облыс бойын­ша 34 мың гектардан астам егістік жер тақыр-таза қалған...

Егін аз, шөп сұйық...

Облыстың Ауыл шаруашы­лы­ғы бас­қармасының мәліметінше, биыл облыста 5 миллион гектар­дан астам алқапқа егін егілген. Оның ішінде 4,5 миллион гек­тарға дәнді-дақылдар себіліпті. Алайда ауа райының тым ысып, қуаң­шы­лықтың қос өкпеден қысуы топы­рағы құнарлы жер­лер­дің өзін қу­ратып жіберген. Әсі­ресе, өңірдің ірі астықты аймақ­тарының ішін­дегі көштің басы саналатын Жақ­сы, Жарқайың, Есіл және Атбасар ауданда­рын­дағы шаруалардың жағдайы мүш­кіл. Ұсақ шаруа қо­жалықтарын айтпағанда, талайдан бері мың­да­ған гектарға егін сеп­кен ірі серік­тестіктер де қиналып отыр. «Биылғы қуаңшылық егінге қатты әсер етті. Жалпы, 25 мың гек­тардан ас­там жерге егін ек­кен­біз. Жылда шама­мен гек­тарына 15 центнерден өнім ала­тынбыз. Биыл егіннің түсімі болма­йын деп тұр. Ша­мамен ары кетсе 8-10 цент­нерден ас­пайды-ау. Оған қоса, малға шөп дайындау да қиын­ға түсіп тұр. Шөп сұйылып кет­кен. Қазір шөпті жүз шақы­рым­нан асатын жерден шауып әкеліп жатырмыз. Ма­ңайдағы бұрын қалың шығатын жерлердің бәрі қу тақыр. 2 мың тонна шөпті әупірім­деп зорға жина­дық. Әлі де осынша көлем­де шөп қажет. Мың тонна­сын халыққа береміз. Қиын болып тұр», – дейді Атбасар ауда­ны «Шуйское» ЖШС-ның бас­шысы Алтын­бек Құрманқұлов. Есіл ауданындағы шаруалар да қуаң­шылықтың қу даланы қуар­тып жібергенін айтады. Жа­уын­ның сирек жауып, тіпті тамбай қалуынан егіннің көбі күйіп кет­кен. Ал шыққан егіннің өнімділігі айтар­лықтай төмен. Бойы аласа, тамырына су жетпегендіктен, са­бағы қатып қалған егіннің өні­мінің төмен болатынын есілдік шаруалар да болжап отыр. Мұны­мен қоса, малға азық болатын шөптің де шықпауы ауылдағы шаруаларды алаңдата түскен.

Былтырғыдан 1,5 миллион тоннаға төмен...

Ал облыстың Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы қуаңшылықпен қоса егін мен шөптің шықпай қа­луының бірнеше себебін атады. «Биылғы жазғы қатты ыстық пен жауынның болмауынан 34 мың гектардан астам егістік ал­қаптары мүлде шықпай қалды. Оның үстіне, киіктер көбейіп, 70-80 мың гектар егін алқабы тап­талып қал­ды. Әсіресе, Қорғалжын, Атбасар, Егін­дікөл және Жақсы аудандарындағы шаруалардың егіні көп зардап шекті. Жылда облыста орташа есеппен гекта­рына 11,6 центнерден айналып, 5 мил­лион тоннадан астам өнім алатынбыз. Ал биылғы болжамға сәйкес, өнім көлемі 7,5 цент­нерден, ал жалпы 3,5 миллион тон­надай астық жиналады деп болжап отырмыз. Алдағы аптада ауыл шаруа­шылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, одан кейін Үкімет басшысы Асқар Мамин келеді. Осыдан кейін мә­селенің бір шешімі болар деп күтіп отырмыз», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшы­сының орынбасары Еркеш Әленов.

Егістіктің 7 пайызы күйіп кетті

Басқарманың берген деректері бо­йынша статистиканы сөйлет­сек... Жа­уын-шашын аса қажет мамыр-маусым айларында 13,1 мм-ден 19,1 мм-ге дейін ғана жау­ған. Бұл өңірдегі қажетті орташа жылдық мөлшерден 2 есе төмен. Ал осыған дейін орташа жылдық жауын-шашын мөлшері 34-35 мм-ден кем болмаған. Қуаңшылықтың салдарынан 2,7 миллион гектар, яғни барлық егістік алқаптың 59,9 пайызы қанағаттанарлық жағ­дайға түссе, 318,6 мың гектары, яғни 7 пайызы ыстықтан күйіп кет­кен. Сондай-ақ қуаңшылық майлы дақылдардың шы­ғуына да кері әсер етіпті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы