Британ сарбазы Ауғанстанда сымға ілінген сәбилерді айтып, көзіне жас алды
Британ сарбазы Ауғанстанда сымға ілінген сәбилерді айтып, көзіне жас алды
© YouTube / Rakesh Samyal
269
оқылды
Желіде Ауғанстандағы аналар мен балалардың Британ әскерінен көмек сұраған видеосы тарады, – деп жазады  life.ru. Басылымның мәліметінше, желіде Ауғанстан астанасы Кабул әуежайының маңында түсірілген видео жарияланған. Онда елден кете алмаған жүздеген адам британ әскерилерінен көмек сұрап жатқан сәтін анық көруге болады. Өкініштісі, әуежайды басып алған халықтың арасында аналар мен балалардың көп екені байқалады. Олар өздерінің басын қауіпке тігіп, британ сарбаздарынан тым құрыса балаларын аман алып қалуды сұраған. Амалы құрыған аналардың бірі сәбиін өз қолымен әскерилерге тапсырса, енді бірі балақайларды тікен сымның арғы бетіне лақтырып жатқан. Британ сарбаздары мұндай сұмдықты бұған дейін көрмегенін айтып, көздеріне жас алған.
"Аналардың көздеріндегі қайғы мен шарасыздықты көрудің өзі қорқынышты болды. Себебі оларды тәлібтер аямай ұрып-соққан. Олар "Баламды құтқаршы" деп айғайлап, сәбилерді бізге лақтырды. Балалардың кейбірі тікен сымға ілініп қалып жатты. Көзбен көрген сұмдық жайттарды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Түн батқанда, біздің арамызда көзіне жас алмаған жан болмаған шығар", – дейді британ әскерилерінің бірі.
Ресейлік басылымның хабарлауынша, британ әскерлері қалай тырысса да, олар елдің барлық тұрғындарын көшіріп әкетуге шамасы жетпейді. Қазір әуежай жанындағы Baron қонақүйінде британ сарбаздары ағылшын азаматтары мен 20 жыл соғыста үкіметке жұмыс істеген ауған азаматтарын жинап жатыр. Ал Ұлыбританияның қорғаныс министрі Бен Уоллес әскерилерге балаларды ата-анасынсыз әкетпеуді тапсырған. Ол сәбилермен бірге бүкіл отбасыны көшіру қажеттігін айтыпты. Сондай-ақ, ол видеодағы балаға алаңдамауды сұраған. Айтуынша, ондағы сәбилердің бәрі ата-анасымен бірге елден кеткен. Сонымен бірге Уоллес бүгінге дейін барлығы 120 отбасыны көшіргендерін, бірнеше сағаттан кейін тағы да 138 отбасы елден кететінін хабарлаған.