Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаевтың бастамасымен Маңғыстау облысы кәсіпкерлік палатасы жанынан «Маңғыстау облысында климаттық технологияны пайдалану мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Депутаттар жауын-шашын мөлшерін ең кемі 20-50 пайызға ұлғайта алатын Clear Sky Manager 5 климаттық технологияны аппробациядан өткізуді ұсынды. Технология АҚШ, Жапония, Еуроодақ және Ресейде патенттелген, Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Жаңа Зеландия, Ресей және басқа елдерде сынақтан өткен. Маңғыстауда екі күрделі мәселе болса, оның біреуі – құрғақшылық. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері басқа өңірлерден жемшөп тасу арқылы Маңғыстаудағы бар малды аман алып қалу мүмкін емес екенін алға тартады. Олардың ойынша, бұл – бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау. – Егер жемшөп тасу құрғақшылықтан құтқармайды екен, «қандай ұсыныстарың бар?» деген сұрақ халықтың көкейінде тұрғаны белгілі. Егер малдың бәрін басқа облыстарға көшіріп алып кетсе? Онда бізге дайын тұрған жер бар ма? Барған отбасыларына ол жақта жағдай бола ма? Мал да ол жақтың жерін жерсіне ме? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Ал бүкіл малды сатып жіберсек? Азғантай малына қарап отырған ел күнін қалай көрмек? Халықтың бәрі жұмыс істеп, үлкен жалақы тауып отырған жоқ. Малды бағу қалай? Оған инфрақұрылым жоқ, жемшөп тағы керек. Біздің діңкемізді құртып отырған малға қажет шөптің жоқ екені жауын-шашынға келіп тіреледі. 2017 жылдан бері Маңғыстауда жауын-шашынның түсімі 1,5-2 есе азайып кеткен, – дейді «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин. Осы орайда ол мәселенің шешімі – климаттық технологияларды пайдалану деп есептейтінін айтады. – Бұл жағдай әріптесім, Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев екеумізді біраздан бері толғандырып жүр. «Қандай жолдары бар?» деп екеуміз біраз ақылдастық. Мамандармен, ғалымдармен пікірлестік. Іздендік. Соның нәтижесінде ең тиімді әдіс – климаттық технологияларды пайдаланып, Маңғыстауға қажетті мөлшердегі жауын, қар жаудыру,– дейді ол. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері бұл бастаманы жүзеге асырудың тетіктерін жан-жақты қарастырған екен. – Бірнеше компанияларды таптық, байланыстық. Маңғыстауға шақырдық. Өткенде мамыр айында екі-үш компания технологияларын онлайн таныстырды, олардың дүниесі локалды жерді ғана қамтитын болды және жауын жаудыруға кепіл бере алмайды екен. Күні кеше біздің шақыруымызбен Central Asian Center of Climate Change Technologies ЖШС өкілдері Ақтауға келді, – дейді Еділ Жаңбыршин. Климаттық технологияның авторлары инженер-физик Рафаэль Газетов (Литва) пен метеоролог-аэролог, климатты басқару саласының белгілі докторы Сергей Бологуров (Мәскеу) өз технологияларын Қазақстандағы өкілдерімен бірлесіп, Маңғыстау облысы үшін арнайы жасақтаған бағдарламасын таныстырды. Мамандар мен ғалымдар тарапынан сұрақ қойылып, мәселе жан-жақты талқыланды. Қорыта айтқанда, қазір басқа оңтайлы альтернатив нұсқа жоқ екенін ескере отырып, климаттық технологияны Маңғыстауда демонстрация жасау, тиісті мемлекеттік органдарға жүгініп, арнайы жоспарға қосу және қаржыландыру қажет деп ұйғарым жасадық, – дейді депутат Еділ Жаңбыршин.Мадияр ТӨЛЕУ