Қарасай ауданының тұрғыны, негізгі мамандығы инженер-құрылысшы, соңғы кезге дейін тіршіліктің қамымен біраз қызметтің басын шалған Ғалия Қожамбергенова мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант алып, тігін цехын ашты.
Цех ашып, кәсіпкерлікке бет бұрғанға дейін түрлі салада еңбек еткенімен, тігін ісіне қызығушылығы ерекше болатын. Бос уақытын арнайтын сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдыру мақсатында өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарласып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Бастау Бизнес» жобасына жазылып, кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Тиісінше, онлайн курстан өтті. Кейін бизнес-жоспар әзірлеп, сертификат алды. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобасын сәтті қорғап, 583 400 теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Ақыры «Атамекеннің» арқасында тігін цехын ашып, жұмысын жүргізуге кірісті. Грант қаражатына мамандандырылған тігін машиналары, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алды. Қаскелен қаласындағы бизнес орталықтарының бірінде цех үшін орынжай таңдады. «Тігін цехында үш адам жұмыс істейді. Қазір арнайы киімдерді, әйелдер мен ерлерге арналған киімдерді тігіп жатырмыз. Тапсырыстар жергілікті тұрғындардан ғана емес, Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қалаларынан да келіп түсуде. Сондай-ақ алдағы уақытта тігін ісі бойынша қыз-келіншектерге оқу курсын ашсам деген ойым бар. Қосымша несие алып, цехты кеңейтуді де жоспарлап отырмын», – дейді Ғалия Қожамбергенова. Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы Қарасай аудандық филиалының директоры Орынбай Жанәділдің айтуынша, осы жылы ауданда «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша 484 азамат оқу курсын аяқтап, 70 бизнес-жоба қаржыландырылыпты. Ал облыс бойынша жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында 2 895 жұмыссыз және жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Былтырғы мен биылғы тыңдаушыларды қосқанда 1 050 бизнес-жоба гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие алды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы