Діни әфсаналарда кездесетін ең алғашқы жеміс – алма болса, оның ең ежелгі арғы атасы елімізде өсетін Сиверс алмасы екені халықаралық ғылыми қауымдастық деңгейінде дәлелденген. Соған теліп, Адам Ата мен Хауа Ана өмір сүрген жұмақ қазақ даласында болған деген де тұжырым бар. Жетісу өлкесін «жер жәннаты» дейтіні де содан болар. Ендеше осынау тарихи да табиғи мұраны қаншалықты сақтай алып отырмыз? Жойылып кету қаупі бар жабайы жеміс бақтарының биоалуантүрлілігін сақтау үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?
Сағындым алма бағын...
Елімізде жыл өткен сайын алма бақтары жойылып барады. Оның бірнеше себебі бар. Ең негізгісі – егілген алқаптардың қысқарып бара жатқаны. Ғалымдардың есебінше, қазір алманың атасы саналатын Сиверс алмасы Тарбағатайда 297,2 гектар жерге таралса, Іле Алатауының баурайында 5 496 гектар жерді, ал Жоңғар Алатауында 14 037 гектар аумақты алып жатыр. Сондай-ақ олар еліміздегі 15 селекциялық-генетикалық учаскеде 1932-2007 жылдар аралығында, яғни 75 жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жабайы Сиверс алмасы Іле Алатауының баурайында 80%-ға, Жоңғар Алатауында 28%-ға қысқарғанын анықтаған. Осы бір көрсеткіштен-ақ жабайы алма жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын байқауға болады. Сондықтан да мұндағы жұмыстарды мемлекет өз қолына алып, молынан қаржыландырып, нақты бағдарлама бойынша жұмыс жүргізуі тиіс. «Қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан алма тұқымдарын зерттеуде бізге кешенді бағдарлама қажет. Өйткені бүгінде мемлекет тарапынан көмек мардымсыз. Тіпті іссапар шығындарына да ақша бермейді. Негізінен, ғылыми жұмыстар шетелдік гранттардың және солардың технологияларының көмегімен жүргізіліп отыр. Оның өзінде де олар ауқымды жұмыстарға жетпейді, былайша айтқанда, жыртыққа жамау. Оның үстіне, шетелдік гранттар үш жылға ғана берілетіндіктен, көп ештеңеге үлгермейсің, ғылыми тізбек үзіліп қала береді. Одан бөлек, ғылыми-зерттеу институттарында молекулярлық деңгейде тексеретін дені дұрыс жабдықтары да жоқ. Шетелдік әріптестерімізге жалынып жүреміз. Сіздерден зерттеп алсақ бола ма, бірге ғылыми мақала шығарамыз сосын деп! Қаншама ұсыныстарымыз бар, ешқайсысына құлақ асып жатқан мемлекет жоқ», – дейді «Қазақ орман шаруашылығы» ҒЗИ Алматы филиалының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Бағила Майсупова. Ғалымның айтуынша, Іле Алатауындағы ағаштармен салыстырғанда Тарбағатай мен Жоңғар Алатауындағы Сиверс алмаларының жағдайы біраз жақсы екен. Бұл бақтың жасымен де байланысты болуы мүмкін. Алматыдағы бақтар ежелден келе жатқан ормандар. Соның ішінде Кузнецов сайындағы резерватта алма ағаштарының жағдайы өте мүшкіл. Соны мемлекет шындап қамқорлығына алуы керек.Қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан алма тұқымдарын зерттеуде бізге кешенді бағдарлама қажет. Өйткені бүгінде мемлекет тарапынан көмек мардымсыз. Тіпті іссапар шығындарына да ақша бермейді.
«Мені осыдан төрт жыл бұрын Үрімшіден келген қытайлар сол жердегі Сиверс алмаларының жағдайын көруге өздеріне қонаққа шақырды. Барсам, бүкіл бақты құрт басып кетіпті. Қаншама жылдан бері ағашты да, алманы да кеміріп жеп, жойып бара жатыр екен. Қаншама химиялық зарарсыздандырғыштарды пайдаланғанмен, пайда болмаған. Бірақ бақ жақсы күтімге алынған, бапталған, жабайы бұталары оталған, бәленбай гектарға созылып жатқан абатты аумақ. Одан соң олар біздің бақтарды көруге келді. Ең жаман деген Кузнецов сайына алып бардым. Бізде жабайы қалпында тұрған ит тұмсығы өтпейтін ну жыныс орман. Бірақ қураңқырап қалған. Құрт жоқ. Іздеп таба алмады. Бірақ дұрыстап тексеру керектігін айтып ескертіп кетті. Ал өзіміз оны табиғи қартаю мен Алматы қаласының экологиясынан көріп отырмыз», – дейді Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бағила Жылысбайқызы. Жабайы Сиверс алмасының сиреп кетуіне көп жағдайда генетикалық эрозияға ұшырауы әсер етеді екен. Мәселен, оны сақтап қалу үшін ізденушілер тау бөктеріне, теңіз деңгейінен 1125-1385 метр биіктік аралығында алма көшеттерін отырғызғанда, көшеттердің 24%-ның әлсіздігін, ал 6%-ның қурап қалғанын байқаған. Сонымен қатар ғалымдар соңғы 20-25 жылда Сиверс алмасының дәні арқылы табиғи жағдайда өсіп-өнуі мүлде тоқтағанын алға тартты. Оған соңғы уақыттары пайда болған ауру түрлері қатты әсер еткені анықталды. Алма ағаштарының жеміс беруіне ауа райының тұрақты болмауы әсер етіп жатыр. Көктемде ауа райы күрт суытқан кезде алма түйнектерін үсік шалып, алма біткеннің бәрі жеміссіз қалатын кездері жиі болған.Сиверс – ғылыми әріптестік мәні
Бүгінде Сиверс алмасын зерттеуді тұрақты жүргізіп келе жатқан аз ұйымның бірі – Caspian University жоғарғы оқу орны. Бұл жобамен олар төрт жылдан бері айналысып келеді. Оқу әдістемесіне Service Learning («қоғамға қызмет ету») деген пәнді енгізіп, 2017 жылдан бері сирек кездесетін алма түрімен айналысатын студенттер даярлайды. Бұл жұмыстарды олар «Халықаралық Сиверс алмасын сақтау қорымен» өте тығыз байланыста жүзеге асырып отыр. Шетелдік ұйым «Өмір сүрудегі қауіпсіздік негіздері» мамандығы бойынша оқыту үшін гранттар бөлген. «Халықаралық ұйым бұл жобаға тікелей араласады. Солардың бастамасымен Іле және Жоңғар Алатауындағы Сиверс алмасы өсетін екі бақты қамқорлығымызға алдық. Онда өнім беріп тұрған 4 000-нан астам Сиверс алма ағашы бар. Студенттеріміз Іле Алатауына, Жоңғар Алатауына барып, алма ағаштарын чип қоятын арнайы аспаппен белгілеп, сынамаға үлгілер алып, идентификациялық анализдер жасап, каталогқа енгізіп қойды. Барлығын құжатқа түсіріп, картаға белгілеп, уақытын, тұрған жерлерін, жағдайын – барлығын жазады. Одан бөлек, күтімі мен бақылауын жүзеге асырады. Осы мамандық бойынша оқып жатқан грант иелері – біздің үздік шәкірттеріміз. Биыл үшінші курста. Келесі жылы диплом алып, осы бағыттағы мамандар болып шықпақ», – дейді Caspian University-нің Академиялық даму жөніндегі проректоры Оксана Киричок.Нұрлан ҚОСАЙ