Қаңыраған ғимараттар қасқайып тұр
Қаңыраған ғимараттар қасқайып тұр
399
оқылды

Қазақстанның ұлан-байтақ даласында бос қалған немесе тұрғыны аз қалалар жетерлік. Олардың көпшілігі Кеңес Одағы кезінде ірі өндірістік нысандар немесе әскери база негізінде құ­рылды. КСРО-ның ыдырауымен олардың да тағдыры тәл­кекке түсті. Қала құраушы кәсіпорындар тоқырауға ұшыраған соң жұрт жайлы мекен іздеп, жан-жаққа жосылды. Бір кездері тіршілігі қайнап жатқан елді мекен­дерде енді состиып-сос­тиып иесіз ғимараттар ғана қалды.

Апатты үйлерден қалай арыламыз?

Шартты түрде мұндай ғимараттарды үш түрге бөлуге болады: біріншісі – бола­шағы бұлыңғыр қалалар мен елді мекен­дердегі қоныс аударушылар иесіз тастап кеткен нысандар; екіншісі – пайдалану мерзімі бітіп, әбден тозығы жеткен үйлер; үшіншісі, табиғи немесе техногендік апат­тардың салдарынан жарамсыз болып қалған қирандылар. Мемлекет қараусыз ғимараттардың проб­лемасын әр өңірлерде әртүрлі жол­дармен шешіп отыр. Мәселен, өндірісі тұ­ралап, халқының басым бөлігі жан-жақ­қа босып кеткен қала халқын шоғыр­лан­дыра орналастырып, шаһардың тек тұр­ғын­дар тұратын аймақтарына ғана су, электр жарығын береді де, басқа иесіз бөлігін тіршілік көздерінен ажыратып тастаған. Мұндай тәжірибені Қостанай облысы Арқалық қаласының, Түр­кістан облысы Кентау шаһарының, Шығыс Қазақстан облысы Асубұлақ кентінің, Жамбыл облысы Жаңатас қаласының, Семей қаласына қарасты Шаған кентінен көруге болады. Дегенмен өндірісі дүрілдеп тұрған облыс орталықтары мен ірі қалалардың өзінде қаңырап қалған ғимараттар аз емес. Бүгінде республика аумағындағы үйлердің үштен бірі 1970 жылға дейін салынған, сондай-ақ олардың 60%-ы кеңес зама­нындағы тұрғынжайлар. Олардың көпші­лігінің уақыттың пәрменімен әбден тозы­ғы жетіп, апатты жағдайда тұрғаны түсі­нікті. Қазір 24,4 мың адам апатты баспа­нада өмір сүріп жатыр. Мұндай ғимарат­тарды түпорнымен сырып тастап, тұрғын­дарын басқа үйлерге көшіреді немесе реновация бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізеді. Мәселен, бас шаһарымыз Нұр-Сұлтан қаласында апатты тұрғынжайдың саны 200-ге жуық. Жергілікті билік бекіткен жоспарға сәйкес, 2020 жылы 5 апатты үй (209 пәтерлік) сырылса, 2021 жылы – 4 үй (216 пәтерлік), 2022 жылы 16 үй (125 пә­тер­лік) сырылуы тиіс. Ал тұрғындарға «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қордан жаңа баспана бері­летін болды. Ескі астанамыз – Алматыда 2024 жылға дейін 1 034 ескі үйлер рено­вация бағдарламасына енгізілді. Ал Қарағанды облысында апатты үйлерден құтылудың соны тәсілін тапты. 2006 жылы Шахтинск қаласында тұрғын үйлердің орталарында орналасқан апатты алты үйге жарылғыш қойып, түпорнымен жарып жіберді. Бұл операцияның сәтті жүргізілгені соншалық, одан айналасын­дағы бірде-бір ғимарат жапа шеккен жоқ. Мұндай тәсіл Қазақстанда ең алғаш рет қолданғанын да еске сала кеткен жөн.

Үлескерлер мәселесі де бар

Құрылысы ұзаққа созылып кеткен ғимараттардың да жай-күйі мәз емес. Республика бойынша тұрғын үй құры­лысының көпшілігі елордада жүргізіліп жатқандықтан, мұнда үлескерлер мәсе­лесінің де күрделеніп тұрғанын бөле-жара айтқан дұрыс. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында тұрғындар үлескерлік қатысумен ақша салған, бірақ құрылысы жүрмей тоқтап қалған 52 проблемалы үй болды. Елорда әкімдігі осы түйткілді 52 нысанды ведом­стволық бақылауына алды. Бұл үйлерде жалпы саны 16 мыңға тарта үлескер бар еді. Жергілікті атқарушы биліктің көме­гімен оның 22 нысаны (4156 үлескер) бо­йынша жұмыс жоспары бекітіліп, оларда құрылыс қайта жанданды. Ал аса пробле­малы 30 нысанның (11660 үлескер) құры­лы­сын аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ке «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы Үкімет қорынан 40 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы оған қосымша тағы 38,5 млрд теңге беріл­ді. Бұл қаражат проблемалы нысандар­дың құрылысын жалғастыруға және қосымша жаңа тұрғын үй кешендерін салуға жұмсалды. Осы шаралардың арқасында 2019 жылы 2,5 мың үлескері бар 10 көпқабатты үй пайдалануға берілді.

Ел игілігіне  жаратылып жатыр

Енді бір өңірлерде қала орталықтарын­дағы қараусыз ғимараттарды жөндеп, ел игілігіне жаратқан жөн деп шешкен. Мы­салы, Ақтөбе облысының Ембі қаласының әкімдігі отыз жылдан бері есік-терезесіз қаңырап қараусыз тұрған қос ғимаратқа жөндеу жасап, оны әлеуметтік осал топ санатындағы мұқтаж жандарға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының жұрт­шылығы қараусыз нысандар нашақорлар мен жасөспірімдердің жынойнағына ай­налып барады деп көптен бері дабыл қағып келеді. Одан бөлек, шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлер мен білім беру мекемелерінің басым бөлігі жарықтан­ды­рылмаған. Бей­некамералар жоқтың қасы. Сол себепті кейінгі уақытта құқықбұ­зу­шылықтың саны да өсіп кеткен. Қаланың түрлі аудандарында мұндай қараусыз ны­сандар жетерлік. Көпшілігі банк кепіл­дігінде тұр. Алматыдан 70 шақырым жерде құры­лысы аяқталмай қалған нысанның бірі – жоғары технологиялық құралдар кәсіпор­ны. Мұнда өндірістік роботтар шығару жос­парланған. Жобалаумен жапондықтар ай­налысқан. Кеңес Одағы құлағанда за­уыт­тың бес қабатты ғимаратының құ­рылысы да тоқтап қалды. Бұл жерде одан басқа да қараусыз қалған үй-жайлар бар. Олар түнде және кешке «күдікті адамдар» жиналса, демалыс күндері экстрималды ойынсүйер қауымның ордасына айналады. Зауыт қа­раусыз қалған кезде оны металл сынықтарын алуға бұза бастады. Кранмен цех тақталарын суырып, бағаналарын құлатқан. Маңғыстау облысының Жарма, Сазды және Қияқты ауылдарында мемлекеттік бағдарламамен салынған үш дәрігерлік пункт 14 жылдан бері қаңырап бос тұр. Олардың әрқайсысына 21 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бірақ тұрғындар жаңа ғимараттардың игілігін көрген жоқ. Аудан басшылығы бұл нысандарды қалай пайдаға жаратарын білмей дал. Бөбекжай ашуға тырысқан, бірақ оған да сұраныс болмапты. Енді ауыл шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлер болса, ғимараттарды сенімгерлік басқаруға беріп құтылмақшы.

Әлемдік тәжірибе

Қаңырап бос қалған қалалар мен алып ғимараттар, зор конструкциялар өркениет әлемдерінде де жеткілікті. Бұл нысандарды әр мемлекет өздерінің хал-қадірінше кәдеге жаратуға тырысады. Көрші Өзбекстанда ауқымды рено­вациялық шаралар 2019 жылдан бастап қолға алынды. Өзбек билігінің айтуынша, 2021 жылы республика бойынша жалпы саны 211 көпқабатты үйді сүру және 57 үйді жаңадан салу жоспарланған. Апатты үйлердің проблемасы – Ресейде де өте көкейкесті мәселелердің бірі. Бұл елде бос ғимараттардан басқа иесіз қалған қалалар мен жүздеген ауылдың проблемасы да ұшынып тұр. Әзірге шешімін табар емес. Бразилияда ескі ғиараттардың орнына жаппай жаңа үйлер салу бағдарламасының бірінші кезеңі 2009 жылы басталды. Оған мемлекет қазынасынан $17,5 млрд бөлініп, нәтижесінде 1 млн пәтерлі көпқабатты үйлер пайдалануға берілді. Бағдарламаның екінші кезеңі 2011 жылы басталып, жалпы сомасы $35,1 миллиардқа 2 млн пәтерлі тұрғын үйлер бой көтерді. Германия моральдық тұрғыдан тозған, коммуналдық қызмет көрсету қымбатқа түсетін ескі үйлерден арылу науқанын 2002 жылы қолға алды. Бұл уақытта Алмания аумағында одан басқа 1 миллионға жуық бос ғимараттар болды. Бұл елдегі жалпы үй қорының 13%-ын құраған. Оларды сүріп тастауға немесе жаңартуға федерал­ды бюджеттен 2002-2013 жылдар аралы­ғында – €2,7 млрд, ал 2014-2015 жылдары €128 млн бөлінген. Яғни, әлем елдерінде де аталған мә­селеге көзқарас ұқсас. Ескі ғимараттарды не жөндеп, пайдалануға береді немесе мүлдем қиратады. Мүмкіндік болса, орны­на жаңа құрылым салады. Әрине, екі әдістің де шығыны мол.

Сөз соңы. Дегенмен әлемде түрлі та­биғи және техногендік апаттардың салда­рынан қаңырап қалған қалалар мен ны­сандардың бірқатары көпшіліктің қы­зығушылығын тудырған экскурсия орын­дарына айналды. Олардың қатарында Украинадағы Ченобыль АЭС-і, Нами­бия­дағы тұтылған және көмілген Колмскоп, Тайваньдағы «өлім елесі» кезген Сан-Джи, Аустралиядағы улы қала Виттенум, Шы­ғыс-Қытай теңізіндегі жойылған арал қаласы Хашима, Кипрдегі тікенек сыммен қоршалған Фамагуста қаласы, Филадель­фиядағы түрме-мұражай бар.

Дәулет АСАУ