Алматы қаласында 3 мыңға жуық бала індетке шалдыққан. Оның 195-і ауруханада емделіп жатыр. Оның үстіне, КВИ жұқтырған бір айлық сәби шетінеді. Ал мұның бәрі ата-аналар арасында оффлайн оқуға қарсылықты күшейтіп жатыр. Мектептегі санитарлық талаптың күшейерін білсе де, көпшілігі жағдай тұрақталғанша онлайн оқуды қалайды. Қалалардағы жедел жәрдем шақыртудың көбеюі, Шымкенттегі мәйітхана алдындағы жағдай оларды одан сайын алаңдатып қойғаны бар.
Оқушы қандай жағдайда қашықтан оқиды?
Иә, әлеуметтік желіде үндеу жасап, жанайқайын жоғарыға жеткізгісі келетін ата-ана көп. «Барлық өңір «қызыл аймақта». Ал балалар мектепке барады. Сонда мектеп пен үйдің арасы, мектеп ауласы «жасыл аймақ» болып тұр ма?» – дейтіндері де табылады. Кейінгі кезде «ата-ана ретінде оффлайн оқуға қарсымын» деп бірігіп жатқандар бар. Олардың айтуынша, баласын дәстүрлі форматта оқытқысы келетіндерге арнайы өтініш жазуға рұқсат берілгені дұрыс. Себебі бала денсаулығы бәрінен қымбат деп отыр. Ал мектеп мұғалімдері жағдайдың бақылауда болатынына күмәнмен қарайды. Өйткені әр сыныпқа бөлек қоңырау уақыты, асханадағы жаңа тәртіпті оқушыға үйрету үшін біраз уақыт кететін сыңайлы. Осыдан кейін кейбір ата-аналар әлеуметтік желіде дәстүрлі форматты «бұл да бір саясат сияқты, оқушыларға вакцина салғызудың амалы» деп түсініп жүр. «Сабақ оффлайн болатыны мен үшін уайым болды. Пандемия басталғалы бір жарым жылға жуық уақытта тұрғындарды ең болмаса бетперде тағуға үйрете алмадық. Мұғалімдер 100% вакцина алар-ау. Оқушылар ше? Ата-аналар ше? Оқушылардың көбі мектепке қоғамдық көлікпен келеді. Қоғамдық көліктегі жолаушылар 100% вакцина алды демей-ақ қояйын, маска таққан ба? Әрине, конференция барысында министр де, вице-министр де бұл туралы жұмған аузын ашпасы анық», – дейді Facebook парақшасында белсенді ұстаз Өмір Шыныбекұлы. Бұл жерде педагогтің конференция деп отырғаны – жыл сайынғы Тамыз пленарлық отырысы. Ұстаздар мен ата-аналардың көпшілігі осы мәселені көтеріп, жауап алғысы келді-ақ. Бірақ желідегі адамның көптігі, бітпейтін есеп беруден сұрақтардың назарға ілікпегені бар. Өз тарапымыздан министрлікке осы сауалды жеткізгенімізбен, біз де жауап ала алмадық. Тамыз конференциясындағы қаралым санын жеткізу мен жарнамалауға көп уақыт керек-ау деп топшыладық.«Сыныпта бір оқушыдан COVID-19 табылса, онда сынып толығымен онлайн форматқа көшеді. Ал коронавирус оқушылар мен ұстаздардың 20%-ында анықталса, онда мектепті толығымен жабады. Оқушылардың жартысы оқып, жартысы оқымаса карантин болады.
Қош, Үкімет басшысы Асқар Мамин мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырған-ды. Еліміздегі вирустың репродуктивтілік индексі – 0,97. Екпе алу қарқыны бойынша Түркістан облысы және Алматы мен Шымкент қалалары алда тұр. Оның айтуынша, Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарындағы вакцина алу көрсеткішін көтеру керек. Осы тұста жоғарыда аталған мәселелер ойға оралады. Мысалы, биыл 3,4 миллионнан астам оқушы мектепке барады. Оның 380 мыңнан астамы 1 сыныпқа қабылданған. Яғни, еліміздегі 7 475 орта білім беру мекемелері жұмысын бастайды. Бірақ оқушылардың әрқайсысын бақылап, маска тағуын, үзілісте етене жақын араласуға жол бермеуді қадағалау қиынға соғары анық. Ұстаз Ақмарал Бүрлібаева, әсіресе мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің оффлайн форматқа дайындығына алаңдаулы. Бұл ретте бәрімізде бір ой туады: бала қандай жағдайда қашықтан оқиды? Өйткені министр ата-аналардың өз бетімен онлайн оқуға өтініш жазуға негізі жоқ екенін баса айтқан-ды. «Сыныпта бір оқушыдан COVID-19 табылса, онда сынып толығымен онлайн форматқа көшеді. Ал коронавирус оқушылар мен ұстаздардың 20%-ында анықталса, онда мектепті толығымен жабады. Оқушылардың жартысы оқып, жартысы оқымаса карантин болады. Ата-аналардан көптеген өтініш келіп түсті. Олар созылмалы аурумен ауыратын балаларын онлайн білім беруге ауыстыруды сұрайды. Егер бұл медициналық құжатпен расталса, бала үйден оқуға ауыса алады», – деді Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.Еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақының жағдайы
Оффлайн оқу барысындағы тағы бір мәселе – педагогтің денсаулығы. Анығын айтқанда, ол ауырып қалған жағдайда еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақының жайы. Мұны белсенді ұстаз Мейіржан Темірбекұлы тәптіштеп түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мұғалім ауырып сабақтан қалатын болса, жалақысынан 10 күнге шамамен 100 мың теңге ұстайды. Сөйтеді де еңбекке жарамсыздығы үшін 43 мың теңге төленеді. Ал бір ай жұмысқа жарамсыз болса, 43 мың теңге төленеді де жалақысы түгелдей ұсталады. «Егер мұғалім КВИ-мен ауырса кемі 10 күн ауруханада жатса, ары қарай сауығуы үшін тағы біраз уақыт керек. Шамамен 25 күн. Сол үшін жарамсыздық парағына көп ақшасы кетіп қалатын болған соң, ауырса да мектепте жүре беруі мүмкін. Себебі жалақыға қарап отыр, бастарында кредиті бар. Ең құрығанда, ковидпен ауырып жатқан мұғалімдерге еңбекке жарамсыздық жәрдемақысының ақшасын көбейту керек. Пандемия кезінде республиканың түкпір-түкпірінде осындай жағдай болды. Қазір оффлайн форматқа көшкелі жатырмыз. Сондықтан ойланатын, көңіл бөлетін мәселе деп есептеймін», – дейді ол. Расымен, індет өршіген тұста ұстаздардың да арасында ауырғандар болды. Алайда жалақы тұрмыс үшін керек болғаннан, ауырып жүрсе де, онлайн сабақ берді. Енді дәстүрлі формат кезінде ауруды жасыру ұзаққа бармас. Сол үшін ұстаздардың жанайқайына бір сәт құлақ түрген де жөн. Оған қоса вакцина салдыруға денсаулығы жарамайтын педагогтер апта сайын, бастауыш сынып мұғалімдері 3 күнде бір ПТР-тест тапсыратыны айтылып жүр. Солардың арасында ауру күшейсе, жауапты кім болмақ? «Жаз бойы ауырдым. Барлық жерге ақылы түрде емделіп жатырмын. Жұмысқа шығатын уақытым жақындады. Шығайын десем, ем қабылдауым керек. Шықпай, еңбекке жарамсыздық парағын алайын десем, айлығым аз төленеді. Сонымен, не істеуім керек? Маусым айында екі рет пневмония болдым, енді неврит мазалап жүр. Біраз күннен кейін қайта емделуім керек. Ал оқу жылының басы болса таяп келеді. Бұған кім не дер екен? Біз МӘМС-ке не үшін ақша төлейміз? Ол қайда кетіп жатыр?», – дейді педагог Гаухар Елгонова. Міне, ұстаздар арасында осыған ұқсас сансыз сауал көп. Әрқайсысы кімнен, қалай жауап аларын білмейді. Мәселен, еңбекке жарамсыздық бойынша белгілеп қойған арнайы төлем бар. Одан асып кете алмайды. Сондықтан дәстүрлі форматқа көшеміз деп нық айтпас бұрын, осындай ұсақ-түйек мәселелерді шешіп алу керек-ақ...Айзат АЙДАРҚЫЗЫ