Онлайннан – оффлайнға: балаға қауіпті емес пе?
Онлайннан – оффлайнға: балаға қауіпті емес пе?
165
оқылды

Алматы қаласында 3 мың­ға жуық бала індетке шалдық­қан. Оның 195-і ауруханада емделіп жатыр. Оның үстіне, КВИ жұқтырған бір айлық сәби шетінеді. Ал мұның бәрі ата-аналар арасында оф­флайн оқуға қарсылықты кү­шей­тіп жатыр. Мектептегі сани­тарлық талаптың кү­шейе­рін білсе де, көпшілігі жағ­дай тұрақталғанша он­лайн оқуды қалайды. Қала­лар­дағы жедел жәрдем ша­қыр­тудың көбеюі, Шымкент­тегі мәйітхана алдындағы жағдай оларды одан сайын алаңдатып қойғаны бар.

Оқушы қандай жағдайда қашықтан оқиды?

Иә, әлеуметтік желіде үндеу жасап, жанайқайын жоғарыға жеткізгісі келетін ата-ана көп. «Барлық өңір «қызыл аймақта». Ал балалар мектепке барады. Сонда мектеп пен үйдің арасы, мектеп ауласы «жасыл аймақ» болып тұр ма?» – дейтіндері де табылады. Кейінгі кезде «ата-ана ретінде оф­флайн оқуға қарсымын» деп бі­рі­гіп жатқандар бар. Олардың ай­туын­ша, баласын дәстүрлі фор­мат­та оқытқысы келетіндерге ар­найы өтініш жазуға рұқсат беріл­гені дұрыс. Себебі бала денсаулығы бәрінен қымбат деп отыр. Ал мектеп мұғалімдері жағ­дайдың бақылауда болатынына күмәнмен қарайды. Өйткені әр сыныпқа бөлек қоңырау уақыты, асханадағы жаңа тәртіпті оқушыға үйрету үшін біраз уақыт кететін сыңайлы. Осыдан кейін кейбір ата-аналар әлеуметтік желіде дәстүрлі форматты «бұл да бір саясат сияқты, оқушыларға вак­цина салғызудың амалы» деп тү­сі­ніп жүр. «Сабақ оффлайн болатыны мен үшін уайым болды. Пандемия басталғалы бір жарым жылға жуық уақытта тұрғындарды ең болмаса бетперде тағуға үйрете алмадық. Мұғалімдер 100% вак­ци­на алар-ау. Оқушылар ше? Ата-аналар ше? Оқушылардың көбі мектепке қоғамдық көлікпен ке­леді. Қоғамдық көліктегі жолау­шылар 100% вакцина алды демей-ақ қояйын, маска таққан ба? Әрине, конференция барысында министр де, вице-министр де бұл туралы жұмған аузын ашпасы анық», – дейді Facebook парақша­сында белсенді ұстаз Өмір Шыны­бекұлы. Бұл жерде педагогтің конфе­ренция деп отырғаны – жыл са­йынғы Тамыз пленарлық оты­рысы. Ұстаздар мен ата-аналар­дың көпшілігі осы мәселені кө­теріп, жауап алғысы келді-ақ. Бі­­рақ желідегі адамның көптігі, бітпейтін есеп беруден сұрақ­тар­дың назарға ілікпегені бар. Өз тарапымыздан министрлікке осы сауалды жеткізгенімізбен, біз де жауап ала алмадық. Тамыз кон­ференциясындағы қаралым са­нын жеткізу мен жарнамалауға көп уақыт керек-ау деп топшыладық.

«Сыныпта бір оқушыдан COVID-19 табылса, онда сынып то­лығымен онлайн форматқа көше­ді. Ал коронавирус оқушылар мен ұстаздардың 20%-ында анық­тал­са, онда мектепті толығымен жа­бады. Оқушылардың жартысы оқып, жартысы оқымаса карантин болады.

Қош, Үкімет басшысы Асқар Мамин мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырған-ды. Еліміздегі вирус­тың репродуктивтілік индексі – 0,97. Екпе алу қарқыны бойынша Түркістан облысы және Алматы мен Шымкент қалалары алда тұр. Оның айтуынша, Маңғыстау, Аты­рау, Қостанай және Батыс Қа­зақ­стан облыстарындағы вак­цина алу көрсеткішін көтеру керек. Осы тұста жоғарыда аталған мәселелер ойға оралады. Мысалы, биыл 3,4 миллионнан астам оқу­шы мектепке барады. Оның 380 мыңнан астамы 1 сыныпқа қа­был­данған. Яғни, еліміздегі 7 475 орта білім беру мекемелері жұ­мысын бастайды. Бірақ оқушы­лардың әр­қайсысын бақылап, маска та­ғуын, үзілісте етене жа­қын арала­суға жол бермеуді қа­да­ғалау қи­ынға соғары анық. Ұстаз Ақмарал Бүрлібаева, әсіресе мек­тепке де­йінгі білім беру ме­ке­мелерінің оффлайн форматқа дайындығына алаңдаулы. Бұл ретте бәрімізде бір ой туады: бала қандай жағдайда қашықтан оқи­ды? Өйткені ми­нистр ата-ана­лардың өз бетімен онлайн оқуға өтініш жазуға негізі жоқ екенін баса айтқан-ды. «Сыныпта бір оқушыдан COVID-19 табылса, онда сынып то­лығымен онлайн форматқа көше­ді. Ал коронавирус оқушылар мен ұстаздардың 20%-ында анық­тал­са, онда мектепті толығымен жа­бады. Оқушылардың жартысы оқып, жартысы оқымаса карантин болады. Ата-аналардан көптеген өтініш келіп түсті. Олар созыл­малы аурумен ауыратын балала­рын онлайн білім беруге ауыс­ты­руды сұрайды. Егер бұл медици­налық құжатпен расталса, бала үйден оқуға ауыса алады», – деді Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақының жағдайы

Оффлайн оқу барысындағы тағы бір мәселе – педагогтің ден­сау­лығы. Анығын айтқанда, ол ауы­рып қалған жағдайда еңбекке жарамсыздық бойынша жәрде­м­ақының жайы. Мұны белсенді ұстаз Мейіржан Темірбекұлы тәптіштеп түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мұғалім ауырып са­бақтан қалатын болса, жалақы­сынан 10 күнге шамамен 100 мың теңге ұстайды. Сөйтеді де еңбекке жарамсыздығы үшін 43 мың теңге төленеді. Ал бір ай жұмысқа жа­рамсыз болса, 43 мың теңге төле­неді де жалақысы түгелдей ұста­лады. «Егер мұғалім КВИ-мен ауыр­са кемі 10 күн ауруханада жатса, ары қарай сауығуы үшін тағы біраз уақыт керек. Шамамен 25 күн. Сол үшін жарамсыздық парағына көп ақшасы кетіп қа­ла­тын болған соң, ауырса да мек­тепте жүре беруі мүмкін. Себебі жалақыға қарап отыр, бастарында кредиті бар. Ең құрығанда, ко­видпен ауырып жатқан мұғалім­дерге еңбекке жарамсыздық жәр­демақысының ақшасын көбейту керек. Пандемия кезінде респуб­ликаның түкпір-түкпірінде осын­дай жағдай болды. Қазір оффлайн форматқа көшкелі жатырмыз. Сондықтан ойланатын, көңіл бө­летін мәселе деп есептеймін», – дейді ол. оқушы Расымен, індет өршіген тұста ұстаздардың да арасында ауыр­ғандар болды. Алайда жалақы тұрмыс үшін керек болғаннан, ауырып жүрсе де, онлайн сабақ берді. Енді дәстүрлі формат ке­зін­де ауруды жасыру ұзаққа бармас. Сол үшін ұстаздардың жанай­қайына бір сәт құлақ түрген де жөн. Оған қоса вакцина салдыруға денсаулығы жарамайтын педагог­тер апта сайын, бастауыш сынып мұғалімдері 3 күнде бір ПТР-тест тапсыратыны айтылып жүр. Со­лардың арасында ауру күшейсе, жауапты кім болмақ? «Жаз бойы ауырдым. Барлық жерге ақылы түрде емделіп жа­тыр­­мын. Жұмысқа шығатын уа­қытым жақындады. Шығайын десем, ем қабылдауым керек. Шықпай, еңбекке жарамсыздық парағын алайын десем, айлығым аз төленеді. Сонымен, не істеуім керек? Маусым айында екі рет пневмония болдым, енді неврит мазалап жүр. Біраз күннен кейін қайта емделуім керек. Ал оқу жылының басы болса таяп келеді. Бұған кім не дер екен? Біз МӘМС-ке не үшін ақша төлейміз? Ол қайда кетіп жатыр?», – дейді пе­дагог Гаухар Елгонова. Міне, ұстаздар арасында осы­ған ұқсас сансыз сауал көп. Әр­қайсысы кімнен, қалай жауап аларын білмейді. Мәселен, еңбекке жарамсыздық бойынша белгілеп қойған арнайы төлем бар. Одан асып кете алмайды. Сон­дықтан дәстүрлі форматқа көшеміз деп нық айтпас бұрын, осындай ұсақ-түйек мәселелерді шешіп алу керек-ақ...

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ