Әлем және Абай
Әлем және Абай

Сеул төрінде ұлы хакімнің мүсіні қасқайып тұр. Абай Құнанбаевқа қойылған ескерткіш Сеул Кибер университетінің кампусы алдында орнатылған. Жобаны Оңтүстік Кореяның үздік мүсіншілері қазақстандық эскиз бойынша әзірлеген. Бюст қоладан, ал 1200 метрлік тұғыры мәрмәрден жасалған.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адам­затқа ортақ құнды­лық» деген еді. Абай арқылы әлем қазақтың даралығы мен даналығын таниды. Төрткүл дүниенің бірқатар елінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілген.

Ұлы ойшылдың атындағы көшелер

Мәселен, Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. ТМД елдерінде ұлы ойшылдың атында ашылған алғашқы көшелердің бірі. Ол 1963 жылы қазақ әде­биетінің он күндігі аясында ашылған. Одан кейінгі үлкен көшелердің бірі – Де­лиде. Үн­­діс­танның басты шаһарындағы кө­шенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз жол деген мағына бе­реді. Абай көшесінің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Украинаның астанасы Киев қаласында да ақынның атында көше бар. Сондай-ақ Краматорск, Днепропетровск қалаларында да ұлы хакімнің атымен аталатын көшелер бар. Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы қарсаңында Лон­дон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастама­сымен Абай үйі ашылған. 1998 жылы Каирде ашылса, 200 жылы Берлинде ұлы ақынға арнап көше берілді. Таш­кент, Бішкек қалаларында да Абай атындағы көше атаулары бар. Үндістанның астанасы Нью-Делиде, Әзер­­байжан астанасы Бакуде көше атаулары ұлы ғұла­маның атымен аталады. Әзербайжан халқы ақын шы­ғармаларын сүйіп оқиды. Мажар халқының да Абай Құнанбайұлына деген құрметі бөлек. Олар 2014 жылы Венгрияда қазақтың біртуар ұлына арнап ескерткіш қойған. Көрші өзбек халқы да Ташкентте қазақ ойшылына арнап, үлкен ескерткіш тұрғызды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен марқұм Ислам Каримов қатысқан. Ескерткіш ор­на­тылған қаладағы Шайхан­тахур ауданындағы басты көше­лердің біріне Абай атамыздың есімі берілген. Таш­кент­тегі ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мү­сін­шісі Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев. Ал Мәскеудегі ескерткіш – Ресейдің елімізге тар­туы. 2006 жылы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі кезінде ұлы ақынға ескерткіш орнату туралы келісілді. Ақынның ескерткішін Мәскеудің «Чистые пруды» бульварынан көруге болады. 2014 жылы Қытай астанасы Бейжің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды. Оған сол кездегі Сыртқы істер министрі Ер­лан Ыды­рысов қатысты. Мүсінді жасаған – Юань Си­кунь. Францияның Ренн қала­сында 2016 жылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды. 2007 жылы қазан айында Иран Ислам Республикасы Тегеран қа­ласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітап­ханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған. Абай тек өзінде ғана емес, қазақ жұртын білетін бар­­лық ел таниды. Себебі Абай мен қазақ – егіз ұғым. Ол қа­зақ халқына жаңа ойлау жүйесі мен таным сый­лады. Шы­ғыс пен Батыс мәдениеттерінің алтын көпіріне айналды.

Абай шығысқа ғана тән бе?

Ұлы ғұламаның артында исі қазаққа ғұмырлық руха­ни азық болар өшпес мұра­сы, өлмес ізі қалды. Еліміздің әр өңірінде Абай ескерткіші мен-мұндаласа, ақын атын­дағы қаншама көше, мектеп, оқу орта­лығы бар. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде ұлы ойшылдың 17 ес­керт­кіші бар екен. Оның ең үлкені Ал­матыдағы Республика сарайы алдында тұр. Бұл ескерт­кіштің орнатылу тарихы да ерекше. Әуелде мүсінші Хакімжан Наурыз­баевтың туындысы жазушы Мұхтар Әуе­зовке ұнай қоймаса керек. Тіпті, бірнеше рет өзгертуге тура келген. Абайға арналған тұңғыш ескерткіштің тұғырын сәулетші И.Белоцерковский қойған. Мүсінін Наурызбаев қоладан құйған. Ескерт­кіштің тұтас биіктігі – 13,7 метр. Абайға арналған ескі ескерткіштердің бірі Семей қаласындағы Абай алаңына орнатылған. Тастұғырда данышпанның «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өл­мейтұғын артында сөз қалдырған» деген өлең шумағы жазылған. 1972 жылы ашыл­ған бұл ескерткіштің автор­лары – мүсінші Элбакидзе мен сәулетші Шингарев. Одан кейінгі биік ескерткіштің бірі Орал қала­сында орнатылған. Ол 2002 жылы 17 та­мызда ашылған. Ескерткіш граниттен жасалып, классикалық үлгіде бой көтерген. Қарағанды қаласы мен Өскемен қаласында да ұлы ойшылдың ескерткіші бар. Елімізде Абай есімін иемденген мектеп көп. Кейбір аудандарда бірнеше мектеп ұлы ойшылдың есімін ием­денген. Ондай оқу орындарының көпшілігі ірі қа­ла­лар­да: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте бар. Одан бөлек, Алматы облысы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысында ұлы ғұлама­ның есімін иемденген мектеп, оқу орталық­тары, жоғары оқу орны, көше бар. Ал батыс облыстарда көбіне жергілікті батыр-би­лердің есімін беруге тырысады. Ел мен жер ортақ. Тарихи тұлғалар ортақ. Сол себепті де әр өңірде Абай, Шоқан, Ыбырай есімі алғашқы орында тұруы тиіс. Өйткені Абай – барша қазаққа ортақ тұлға. Тіпті, қазақтың төлқұжаты деп айтуға болады. Төрткүл дүниеде қазақты танитын мемле­кеттер Абай есімін ұлықтап, ескерткіш мүсінін қойып, көше беруге тырысып жат­қанда, елімізде де бұл үрдісті жалғастыр­ғанымыз дұрыс. Бұл олардың ұлы ойшылға деген құрметі болса керек-ті. Қалай десек те, Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. «Адамның өзін-өзі тануы және ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің кө­рінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың ба­ғыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол айтқандай, «келер қазақтың да ішетін уы мен балы Абай» екенін ұмытпаған абзал.

Айым БЕКТҰР