Еліміздің несие жүйесінде күрделі мәселе көп
Еліміздің несие жүйесінде күрделі мәселе көп
©А.Ахметқазы
274
оқылды

Бүгінде жұмыс істеуге қабілетті жандар арасында несиесі жоқ адамдар саусақпен санарлық. Қалтасы жұқарған жұртшылық еліміздегі екінші деңгейлі банктердің ұзын құрығына еріксіз түсіп жатыр. Әлемді тұқырта тізерлеткен коронавирус пандемиясының да салдары халықтың тұрмысын тұралатып кеткен. Әрі карантиндік шектеулер кәсібімен нәсіп тапқандардың жұмысын тежеулетіп, бұл жұмыссыздықтың да белең алуына әкеліп соқты.

Ұлттық банктің деректеріне сенсек, 2020 жылы екінші деңгейлі банктерге қарызын уақытында өтей алмағандардың саны 2019 жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға өскен. Ал, жеке кәсіпкерлерді қоса алғанда, жеке тұлғалар банктерге 347,2 миллиард теңгеге қарызданған. Бұл өз кезегінде банктердің «қара тізіміне» кіріп, істері кредиттік бюроның қарауына түскендердің қарасын көбейтіпті. Ал биылғы жылғы жарияланған деректер қарыздарын қайтара алмай қалғандардың одан сайын көбейгенін айғақтайды. Мұны төменде екінші деңгейлі банктердің несиелік қарыздары бойынша Ұлттық Банктен алынған деректермен түйіндейміз. Халықтың тұрмыстық әлеуетінің төмендеуіне әрі несиелік тарихтың бұзылуына макро экономикалық факторлардың да ықпалы үлкен. Карантиндік талаптардың күшеюі мен түрлі шектеулерден 19 - 62 жас аралығындағы экономикалық белсенді халық тұрақты жұмысынан айырылған. Ал банктер қарыздың қайтару мүмкіндігі төмендегендіктен несие беру талаптарын көтеріп жіберген. Сонымен қатар банктер беретін несиелердің негізгі бөлігі тұтынушылық мақсатта беріле бастаған. Ал бизнес саласын дамытуға қаржы беруге банктердің кежегесі кейін тартып тұр. Өйткені, берген несиесін қайтара алмай қаламыз ба деген қауіп басым. Мұны қаржы саласының жілігін шағып, майын ішкен белгілі сарапшылар да растады. «Жалпы банктердегі ортақ несиелендіру жүйесі бойынша несиенің 30 пайызы халыққа тұтынушылық мақсаттарға, ал 70 пайызы бизнес саласына берілуі тиіс. Бірақ, өкінішке орай, қазіргі таңда бұл қағида керісінше болып тұр. Банктер тұтынушылық несиелерді көбірек бере бастаған. Шамамен 60-70 пайызға дейін халықтың тұрмыстық тұтынуына беріліп жатқаны шындық. Бұл орайда, мемлекеттік саясат бойынша жүргізілген макро экономикалық шаралардың да нәтижесіздігі сезіліп тұр. Бұған карантиндік шектеулер де өзінің ықпалын мейлінше тигізді. Сондай-ақ, халықтың қаржылық сауатсыздығы да халықтың басым бөлігінің несиелік тарихының бұзылуына әкеліп соғып жатыр. Халық әлі де болса көз жұма қарайды. Микро несие беру ұйымдарынан артық құжат сұрамағандықтан несиені ала береді. Ал оның пайыздық үстемесі 56 пайызға дейін баратынын ойлап жатпайды. Бұл орайда, банктерге талаптарды күшейту қажет», – дейді сарапшы қаржыгер Бауыржан Ысқақов. Қаржы сарапшысының пікірінше, несие алу кезінде қол қойып толтырылатын 25 беттен кем емес келісімшарт көп жағдайда бір жақты болып жатады. Тұтынушыларға олардың құқықтары мен салыстыруға болатын қолайлы тұстары айтылмай қалады. Бұл да тұтынушылардың қарыз алу кезіндегі сауаттылығының кемшіндеу болып жатқанын білдіреді. «Мәселен, несие алғанда оны ануитетті немесе дифференциялық түрде алуға болады. Бірақ банктер өздеріне тиімді болғандықтан клиент үндемесе ануитеттік төлем түрінде келісімшарт жасайды. Ал, дифференциялық төлем жасалса, бұл тұтынушыларына қолайлы болып, бірден негізгі қарыз сомасын төлей алатын еді. Сондай-ақ, банктер арқылы тауарлық несие алған кезде де зауыттан онсыз да болатын сақтандыру үшін де несиенің үстіне қаржы қосатындары бар. Міне, мұндай жағдайлар туындамас үшін, меніңше, мемлекеттік органдардан банкте кеңесшілер отырғаны жөн болар ма еді деген ойдамын», – дейді Бауыржан Ысқақов. Халықтың несие қарыздарын төлеуде карантиннің кері ықпал еткенін Ұлттық банк те мойындады. Яғни, екінші деңгейлі банктерде несиесін уақытында төлей алмай қарызға белшесінен батқандардың қатары еселеп өскен. Ұлттық банктің 1 шілдеге келтірілген деректерге сенсек, берешегінің төленбегеніне үш айдан асып кеткендердің мерзімінен бұрын төленбегені үшін қосылған сыйақысымен бірге жалпы берешегі 7,13 пайызға артып, 936 миллиард теңгеден асып жығылған.  Дегенмен, ұлттық банк төлеу мерзімі 90 күннен асқан қарызы барлардың үлесі 6,8 пайыздан 4,8 пайызға дейін төмендегенін атап өтті. Ал Moody’s агенттігі проблемалық несиелердің көлемін бағалауда керісінше қарыз төлем қабілеттілігінің төмендеп кеткенін келтірді. Қазақстанның банк секторы бойынша рейтингтік агенттіктің жетекші сарапшысы Семен Искаковтың пікірінше, қарыздардың мұндай деңгейі 18 пайызға жеткен. Жыл бойына біртіндеп төмендегенімен кемінде 16 пайыздан төмен түспейді. Ал аса ірі Fitch Ratings рейтингтік агенттігінің бағалауынша, үшінші кезеңдегі яғни қайтарылмаған қарыздардың орташа деңгейі өткен жылдың соңында еліміз бойынша 15 пайызға жетіп жығылған. Агенттік өкілі Дмитрий Васильевтің жақында өткен вебинарда айтқан деректеріне сенсек, проблемалық несиелердің өте жоғары болуы пандемиядан ғана емес, көптен бері жинала беруінен болған. «Керісінше, пандемия жағдайында және ішкі жалпы өнімдердің төмендеуімен банктер өздерінің теңгеріміндегі проблемалық несиелерінің көлемін төмендетті. Негізінен, ішінара мемлекет тарапынан активтерді сатып алу және қарыздарды біртіндеп болса да өндірудің есебінен болды», – дейді Дмитрий Васильев. Сонымен бірге, сарапшының пікірінше, несиелік қауіп-қатердің аса жоғары деңгейі бөлшек  емес корпоративтік несиелерден болып жатады. «Корпоративтік қарыздар әдетте ұзақ мерзімге берілетіндіктен доллар түрінде беріледі. Бұл көп жағдайда жобалық қаржыландыруларға тән болып келеді. «Банк секторында активтердің сапасымен негізгі мәселелер де осы корпоративтік қарыздармен байланысты болады. Ал бөлшек несиелерден келетін несиелік қауіп-қатер олардың көп бөлігі қамтамасыз етілмегеніне қарамастан өте азғантай», – деп толықтырды Дмитрий Васильев. Бірінші несиелік бюро сарапшысы Руслан Омаров та корпоративтік қарыздардан келетін қауіп салдарынан проблемалық несиелердің артатынын айтады. «Корпоративтік несиелер өте үлкен сомада беріледі. Сондықтан бір борышкердің ғана дефолт болуы қаржылық институт үшін үлкен шығындарға әкеліп соғады. Сондықтан да бір қарыз алушыға барынша жоғары қауіп пруденциялық нормативтермен реттеледі. Банктердің аталған талаптарды орындауын қадағалау қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігімен жүзеге асырылады», – дейді Руслан Омаров.
P.S. Сонымен... Несиені алу бар да оны төлеуде де орын алатын қауіп-қатердің болатыны анық көрінеді. Сарапшылардың да пікірі банк жүйесінде несие беру кезіндегі мемлекеттің бақылауы ауадай қажеттігін дәлелдейді. Бұл орайда, әрбір адамның қандай да болсын несие алғанда да оны уақытында төлей алатындай болып алып, көрпеге қарай көсілудің артықтық етпейтіні тағы бір мәрте айқын көрінеді...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы