Нұр-Сұлтанда бойжеткенмен ғаламтордағы арнайы сайтта танысқан жігіт оны бірінші кездесуінде тонап кеткен. Бұл туралы Полиция департаменті хабарлады.
«Бойжеткен жігітпен «Badoo» қосымшасында танысқан. Онлайн арқылы біраз араласқан олар кездеспек болған. Серуен кезінде жас жігіт дөрекі мінез танытып, қыздың қолынан ұялы телефонын жұлып алып, кетіп қалған. Сол күні қаскүнем мобильдік банкингті пайдаланып, сол арқылы дүкендерден тауар сатып алып жүрген кезінде бейнетаспаларға түсіп қалған. Келесі күні ұрлаған «Samsung-12» телефонын көшедегі адамға сатып жіберген», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
28 жастағы ер адам жедел-іздеу шаралары барысында ұсталды. Оған қатысты «Тонау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында жас ер адамның елорда аумағында осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп жатқаны анықталды.