«Талибан» АҚШ пен НАТО-ға жәрдемдескендерді іздеуге кірісті
«Талибан» АҚШ пен НАТО-ға жәрдемдескендерді іздеуге кірісті
Сурет: depositphotos.com
178
оқылды

«Талибан» өкілдері АҚШ пен НАТО-ға жәрдемдескен Ауғанстан адамдарын іздеуге белсене кірісті. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметін ВВС мен New York Times жариялады.

Бұл ақпаратқа қарағанда, талибандар қолында америкалықтармен жұмыс істескен адамдардың тізімі бар, олар сол тізімдегі адамдарды тауып, жазаға тартқысы келеді. Егер адамның өзі табылмаса, оның туысын қамауға аламыз, болмаса өлтіреміз деп қорқытады. Әсіресе, биліктен тайдырылған үкіметтің әскери қызметкерлері мен тергеу органдарында жұмыс істеген полицейлерге қауіп күшті. Қазір Ауғанстаннан кетіп қалу үшін Кабул әуежайына ұмтылған адамдардың көбі сол тізімде тұр. Талибандар журналистерді де іздестіріп жатыр. Олар Ауғанстанның батысында Deutsche Welle басылымы журналисінің бір туысын өлтіріп, екіншісін ауыр жаралаған. Бұл жөнінде Германияның медиакомпаниясы хабарлады. Бұл ақпаратқа қарағанда, талибан өкілдері Германияға кетіп қалған журналисті іздеп барған. Оның өзге туыстары соңғы сәтте қашып үлгеріп, жасырынып қалған. DW мәліметінше, Кабул мен провинцияларда талибандар осы компанияның кемі үш қызметкерінің үйін тінтіген. Германия бұқаралық ақпарат құралдары үкіметке ашық хат жазып, Ауғанстанда неміс басылымына жұмыс істеген журналистерді отбасымен қоса дереу әкететін бағдарлама жасауға шақырды. Facebook Ауғанстандағы пайдаланушыларын "достарды қарау" функциясынан ажыратты. Әлеуметтік желідегі киберқауіпсіздік бөлімінің басшысы Натаниэль Глейхер Twitter арқылы мұның "адамдарды қуғын-сүргіннен қорғау үшін" жасалғанын айтты. "Талибан" қозғалысы 15 тамызда Кабулды соғыссыз алған соң, Ауғанстанның бүкіл аумағына бақылау орнатқанын, Ауғанстан Ислам Әмірлігін құратынын мәлімдеген. "Талибан" ұйымы 1996 жылдан 2001 жылға дейін Ауғанстанның басым бөлігінде билік еткен. 2001 жылы Нью-Йорктегі террордан соң АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстан аумағына кіріп, талибандар бұрынғы билігінен айырылған еді. Олар АҚШ әскері Ауғанстаннан шығарылар қарсаңда қайта белсеніп, ірі қалаларды шапшаң басып алған.