Әлемдік рейтингте 112-орында тұрған Зарина Дияс Чикаго WTA 250 турнирінің іріктеу сайыстарын сәтті өткізді.
Іріктеу сайыстарының 4-ракеткасы болып тіркелген З.Дияс алдымен рейтингте 448-сатыдағы ұлыбританиялық Эден Силваны 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Ол іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 254-ракеткасы, оңтүстіккореялық На-Лэ Ханьмен күш сынасты. З.Дияс бір жарым сағатқа созылған матчта 5:7, 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Ол бәсеке барысында 13 брейк-пойнттың 10-ын пайдаланды. Қарсыласы 10 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Теннисшілер бірде-бір эйс жасаған жоқ. Осылайша, Зарина негізгі жарысқа жолдама алды.
Чикаго WTA 250 турнирі 23-30 тамыз аралығында өтеді. З.Диястың негізгі додадағы қарсыласы кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 292-орындағы Анна Данилина Кливленд (АҚШ) WTA 250 додасында бақ сынайды. Оның қарсыласы – әлемнің 130-ракеткасы, америкалық Кэти Макналли.