Жас теннисшілер жеңіспен оралды
Жас теннисшілер жеңіспен оралды
143
оқылды

Қазақстандық жас теннисшілер Өз­бекстан астанасы Ташкентте ITF Juniors G3 сериясы бойынша өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. Қазақ­станның теннис федерациясы мәлім еткендей, ITF жастар рейтингісінде 206-орында тұрған отандасымыз Аружан Сағындықова жекелей сында үздік шықты.

Теннисші тартысты өткен финалдық бәсекеде түркиялық Лейла Елмазды 6:4, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Тағы бір қазақстандық Сандуғаш Кенжебаева Беларусь өкілі Александра Азаркомен жұптық сында ешкімді шақ келтірмеді. Олар финалда қазақстандықтар Аружан Сағындықова мен Карина Ризвановадан айласын асырды – 6:4, 6:4. Сандуғаш Кенжебаева жекелей сында ширек финалда Қырғыз Республикасынан келген Владислава Андреевскаяға жол берді. Мұнда Мария Синицына мен Еркежан Арыстанбекова жартылай финалға дейін жетті. Жұптық сында тағы бір қазақстандық, 16 жастағы Максим Батютенко спорттық жолында өзінің екінші титулына қол жеткізді. Ол өзбекстандық Амир Милушевпен бірге финалда қазақстандықтар Никита Сидоров пен Олег Сыроватскийді 6:3, 6:7, 10:7 есебімен ұтты. Сонымен, Ташкентте ашық хард төсенішінде өткен жарыста қазақстандық жастар төрт чемпиондық атақтың үшеуін жеңіп алды. Тағы бір қазақстандық София Исакова Ирпень Украина қаласында ITF Juniors G3. ITF Juniors G3 сериясы бойынша өткен Aizenstadt Memorial 2021 турнирінде жеңіс тұғырына көтерілді. Ол финалда украиналық Полина Кузнецованы 2:6, 6:0, 6:3 есебімен қапы қалдырды. Осылай София Исакова биыл алғашқы табысына қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ Дамир Жалғасбай Арменияда өткен Kuregian Memorial Cup 14&under жарысында соңғы сында армениялық Михаил Аванесянға 7:6, 1:6, 1:6 есебімен есе жіберді.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ