Осыдан бір ай бұрын өткен ауыл әкімдерінің сайлауында халықтың тікелей дауыс беруімен Шығыс Қазақстанның 77 ауылында әкімдер сайланды. Облыстық сайлау комиссиясының ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, өңірде жаңадан сайланған әкімдердің 60-ы «Nur Otan», 11-і «Ауыл», екеуі ADAL партияларынан және бір-бір адам «Ақ жол» мен Қазақстанның Халық партиясынан ұсынылған. Сонымен қатар өзін-өзі ұсыну арқылы екі әкім сайланған. «Nur Otan» партиясынан сайланған алпыстың бірі – Семей қаласына қарасты Алғабас ауылдық округінің әкімі Төлеген Құсайынов.
1974 жылы дүниеге келген Төлеген Теміржанұлы – осы ауылдың тумасы. Алғаш рет әкім болып сайланып отырған азамат мектепті осы ауылдан бітіріп, еңбек жолын да осында бастаған екен. «Еңбек жолымды 1993 жылы ауылдағы мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастадым. 1995 жылы отбасы жағдайымен Қарағандыға көшіп, сондағы №39 орта мектепте дене тәрбиесінен сабақ бердім. Екі жылдан кейін Семейдің іргесіндегі Озерка ауылдық округіне қарасты Талица ауылына қоныс аудардық. Әуелі осындағы мектепте он жылдан астам уақыт денешынықтыру пәнінің мұғалімі, содан соң 8 жылдай директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Осы жұмыста жүргенімде өзім туып-өскен ауылдың жастары, бірге оқыған сыныптастарым хабарласып, Семейде кездесіп, әңгімелестік. Әңгіме үстінде «Ауылға келсең. Ауылдағы мектепті көтерейік. Директор тұрақтамай кетті. Қиын болып тұр» деген ұсыныс айтты. Бұл 2018 жыл болатын. Өз ауылдастарың шақырып отырса, қалай бас тартасың?! Бәрін тастап, туған жерге тарттым. Бір жыл салт жұмыс істеп, 2019 жылы отбасымды көшіріп әкелдім. Осы ауылдың әкімі болып сайланғанға дейін мектеп директоры қызметін атқардым. Негізі, әкім болу мүлде ойымда жоқ еді. Ауылдың жастары, тұрғындары «сіз әкім болыңызшы» деп өтініш жасағаннан кейін тәуекелге бел буып, сайлауға түстім», – дейді ол. Өзімен бірге екі үміткер бағын сынапты. Ауыл тұрғындары бұрын-соңды әкім қызметін атқармаса да, Төлеген Құсайыновқа үлкен үміт артып, сенім білдіріпті. Осылайша, ол халықтың 94,5 пайыз дауысымен 800-ден астам тұрғыны бар Алғабас ауылының әкімі болып сайланады. Сайлауалды бағдарламасына ауылдағы көп жыл бойы шешімін таппай қордаланған мәселелерді енгізеді. «Жасыратыны жоқ, ауылда халықты толғандырған мәселе аз емес. Соның бірі – жарық. Ауылда қатты жел соғып, найзағай жарқылдаса жарық сөніп қалады. Содан кейінгі үлкен мәселе – ауызсу. Алғабаста әлі күнге дейін бұл мәселе шешімін таппаған. Елді мекендегі дәрігерлік амбулатория да әбден ескірген. Суық. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Жаңадан салса да артық етпейді деп ойлаймын. Мал дәрігерлік пунктінің жағдайы да мәз емес. Ескі, суық. Тозып тұр әбден. Сосын ауылға балалар ойнайтын алаңдар қажет. Екі алаң салсақ жақсы-ақ болар еді. Ауылдың екі жақ шетіндегі қоқыс төгетін алаңның да күйісі кетіп қалған. Халық қоқысты бейберекет төге берген. Ауыл көшелерінде жарық та жоқ. Шамдар орнатылмаған. Ауылдағы шаруа қожалықтарының да шешілмей жатқан мәселелері бар. Егер шаруа қожалықтары ауылға көмектессе, жақсы инвестиция ғой. Бағдарламамда осындай ең өзекті, ең өткір деген мәселелерді көтердім. Алдағы төрт жыл көлемінде шама-шарқым жеткенше осы мәселелерді шешуге бар қажыр-қайратымды жұмсайтын боламын. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, қазір жұмысқа қызу кірісіп жатырмын. Ең әуелі ауылдағы шаруа қожалықтарының барлығын аралап шықтым. Ауыл халқымен кездесіп, мекемелердің жұмысымен таныстым. Дәл қазір өрт сөндіру көлігінің мәселесімен айналысып жатырмын. Өрт сөндіру көлігі деген аты ғана, дұрыс жүрмейді. Жүргенінен тұрғаны көп. 36 жыл болыпты пайдаланылып жүргеніне. Осыны бір жағына шығару керек. Ауылымыз кішкентай, өз бюджетіміз жоқ. Сондықтан Семей әкімдігіне өтінім берсем бе деп отырмын. Алғабасқа жақын Берікқара деген жерден кен орны ашылып жатыр. Құрылыс жұмыстары басталып, ауыл жастары сол жаққа жұмысқа орналасуда. Бұл да ауылға өз көмегін тигізеді деп ойлаймын», – дейді Алғабастың жаңа әкімі. Сайланғанына бір ай да толмаған ауыл әкімінің жоспары көп. Ауылда қараусыз қалған екі қабатты интернат бар екен. Қазір осы ғимаратты қайта жаңғыртып, бір қабатында әртүрлі спорттық, өнер үйірмелерін, тағы бір қабатында балабақша ашу үшін жүгіріп жүргенін жеткізді. «Алғабас ауылының халқы ұйымшыл. Сол ұйымшылдығы ғой, мені сонау жерден шақыртып алғаны. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Отыз алты шаруа қожалығы бар. Алғабастағы негізгі жұмыс көзі – мектеп, дәрігерлік амбулатория, ветеринарлық пункт. Мектепте 200-ден астам оқушы бар. 2018 жылы осында директор болып келгенде мектептің үшінші қабаты жабық тұрды. Кірпішпен жауып тастапты. Былтыр қайта ашып, үшінші қабатты іске қостық. Мұғалімдерге дұрыс кабинет бердік. Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайттық. Үш жылдағы осындай жұмыстарымызды көрген ауыл тұрғындары «Мектепті көтердің, енді ауылды көтер» деп әкім қызметін сеніп тапсырып отыр. Ауылдың ақсақалдары ақ батасын берді. Халықтан үлкен емеспіз. Енді тек жұмыс істеу керек», – дейді ауыл әкімі.А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы