«Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қазіргі мәлімдемелеріне қарасақ, олар билік етуге ұзақ уақытқа келгендей. Өткен аптада саясатының негізгі бағыттарын да жариялап үлгерді. Алайда ауған халқы қолына қару ұстап, әткеншек көргеніне балаша қуанатындардан жақсылық күтіп отырған жоқ. Шамасы келсе, аман қалатын жаққа қашып құтылмақшы. Яғни, босқындардың жаңа легі лап бермекші деген сөз. Егер Ауғанстан жұрты Орталық Азия елдеріне бет алса, босқындар қазақ жеріне жете ме? Жетсе, Үкімет оларды қабылдай ма?
Бүгінде Кабул әуежайы әлі де АҚШ әскерилерінің қорғауында. Әуежай – стратегиялық нысан, барлық әуе қатынасы осы жер арқылы өтеді. «Талибан» билікке келгелі оның маңызы арта түсті. Қаба сақал қарулы кісілердің билігінен қашқан ауған халқы кез келген ұшаққа отырып, шетелге көшуге даяр. Мүмкіндік болса, АҚШ-ты бетке алмақ. Жақында әуежайды қоршаған темір сым арқылы нәрестесін АҚШ жауынгерлеріне беріп жатқан ауғандықтардың суреті әлем медиасында тез таралып кетті. Шетелге өзім кетпесем де, балам жетсін деген аналардың әрекеті екені көрініп тұрды. Ал кеше ғана Өзбекстан шекараны заңсыз кесіп өткен 150 ауған азаматын еліне қайтарды. Алайда алдымен «Талибан» өкілдерінен олардың қауіпсіздігіне кепілдік алған. Кейін Өзбекстан тарапы ауғандықтардың үйлеріне аман жеткенін хабарлады. Пәкістан. Бұл мағлұматтар Ауғанстан халқы жаппай босқындар легіне айналғалы тұрғанын көрсетіп тұрған секілді. Елдегі негізгі әуе нысаны – Кабул әуежайы қоршауда екенін ескерсек, «Талибаннан» қашқан жұрт жаяу, жеңіл көлікпен шекара асуы бек мүмкін. Пәкістан жақын болғанымен, ондағы әлеуметтік жағдай мәз емес. Халық саны да көп. Пәкістан жерінде босқындарға арналған лагерь бар. Қазіргі мәлімет бойынша, бұрын-соңды Пәкістанға қашқан ауған азаматтарының 36 пайызы әлі де сол лагерьде тұрып жатыр. 1 миллионға жуық ауған халқы осы елде заңсыз қалып қойған. Жалпы, бұл елдің шенеуніктері көршілерін құшақ жая қарсы алайын деп тұрған жоқ. Ауған жерінен заңсыз миграция, жендеттер өтпесін деп Пәкістан билігі шекара бойымен қалың қабырға соқты. Иран. Сондықтан келесі негізгі екі бағыт қалады – Иран және Орталық Азия. Иранда ауған босқындарына арналған 3 лагерь бар. Алайда онда халық лық толы, 1 миллион шамасында. АҚШ санкциялары Иран экономикасын тұншықтыра бастағалы ондағы босқындардың жағдайы да нашарлаған. Әрине, ауған босқындары бірден Еуропа не АҚШ-қа аттануды жөн көреді. Бірақ жолда кедергі болатын тау-тас, өзен-көл, шекара сымдары, қабырғалары аз емес. Сондай қабырғаның бірін Түркия Иранмен шекара бойында салды. Қабырғаның ұзындығы 300 шақырымдай, биіктігі 3 метр. БҰҰ Иранға ауған шекарасын жаппауды сұрады. Еуропа. Еуроодақ Сирия босқындарынан соң Ауғанстан азаматтарын қабылдауға дайын емес секілді. Алайда дәл осы одақ мүешелері 2001 жылы АҚШ-пен бірге НАТО аясында Ауғанстан территориясына әскер кіргізді. Яғни, белгілі деңгейде енді сол ауған жұртына көмек қолын беруі тиіс, моральдық міндеті десек, артық болмайды. Өткен 20 жылда НАТО елдерінің армиясына көмектескен, оларға жұмыс істеген, тілмаш болған жергілікті жұрт аз емес. Бірақ Ауғанстанды жылдам тастап шығып жатқан Еуропа елдерінің әскері оларды өзімен бірге ала кетуге ниетті емес екен. Мысалы, Bild газеті Ауғанстанда болған Германия жауынгерлері өздерімен бірге жұмыс істеген ауғандықтарға виза бермей, оның орнына ұшақтарға 340 шыны шарап, 65 мың дана сыра артып әкелгенін жазды. Кейін осы елдің сыртқы істер министрі Хайко Масс «біз қазір 2 мың ауғандыққа виза берсек, ертең ол 20 мыңға өсер еді» деп ақталды. Франция президенті Макрон да «Еуроодақ жалғыз өзі заңсыз миграцияны қабылдай алмайды» деген ұстанымын мәлімдеді. Алайда қазір тек Ұлыбритания ғана 20 мың Ауғанстан азаматын қабылдауға даяр екенін хабарлады. Бұл елде 20 жылға жуық әскери операция жүргізген АҚШ ауған мигранттарын қабылдайтын шығар деген сауал туындайды. Бірақ қазір Ауғанстанның өзінде 10 мыңнан 40 мыңға дейін АҚШ азаматы қалып қойған. Себебі бұған дейін түрлі гуманитарлық ұйым, жеке әскери, логистикалық компания қызметкерлерін ауған жеріне жіберген. Президент Байден үшін алдымен сол өз азаматтарын аман шығару маңызды.Нұрмұхамед БАЙҒАРА