«Құн төлеу» жүйесін қалпына келтіру керек пе?
«Құн төлеу» жүйесін қалпына келтіру керек пе?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
155
оқылды

Қазақстанда «дәрігер­лер­дің кә­сіби жауапкершілігін міндетті сақтан­дыру» енгізілетін болды. Мұны Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой растады. Алайда сарапшылар медицина қызмет­керлері үшін мұның біраз қаупі барын айтуда. ДСМ болса, бұл қадамға ел игілігі үшін барғалы отырғанын алға тартады. Бі­рақ қоғамдық талқылауға қа­тыс­қан мамандар да, жұрт­шылық өкілдері де Цойдың осы бастамасына үдере қарсы шықты. Неге?

Қалжыраған дәрігерді «қара тізім» құртады

Ел Президенті Үкіметке барлық медицина қызметкерінің мәрте­бесін арттыруды, олардың құқығы мен мүддесін қорғауды, еңбек жағ­дайын жақсартуды жүктеді. Мұны ел құптады, жылы қабыл­дады. Осы тапсырманы орындау мақсатында Денсаулық сақтау ми­нистрлігі «Кейбір заңнамалық ак­тілерге денсаулық сақтау мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, қоғамдық талқы­лауға шығарды. Ол жоба елдің қарсылығын туғызып отыр. Біріншіден, жаңа заң жобасы арқылы қолданыстағы Денсаулық сақтау кодексіне маңызды бір өзгеріс енгізіледі: денсаулық сақтау субъектілері – аурухана-емханалар өзінің медқызметкерлерінің меди­циналық қызметті жүзеге асыру кезіндегі кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға міндет­телмек. Төл қызметін сақтандырмаған, сақтан­дыру полисі жоқ қызметкер­лер жұмысқа алынбайды, қызметінен қуылады. Салдарынан пандемия зама­нын­да онсыз да жан-жақтан қысым көріп жатқан ақ халаттылар енді сақтандырушыларға тәуелді болып қалуы мүмкін. Себебі сарапшы-дәрігер Сергей Бочкаревтің айтуын­ша, диагностика қою, емдеу, ота жасау, ем-шараны жүзеге асыру кезінде жаза басып, науқасқа қасақана емес, абайсызда зиян келтірген дәрігерлерді сақтандыру компаниялары «қара тізімге» енгізіп, оны бұдан былай сақтан­дыру­дан жаппай бас тартуы ықти­мал. Мұндай жағдайда тіпті ең білік­ті деген маман үшін де кәсіптің «есігі» жабылмақ. Екіншіден, сарапшылардың пайым­дауынша, бұл жемқорлық­тың өрістеуіне түрткі болмақ: амалсыз, «қара тізімнен» шығудың «айналмалы жолын» іздеген дәрі­гердің тілегін параға орындайтын шенеунік табылуы, осыны бизнес­ке айнал­дыратын делдалдар қап­тауы ықтимал. Үшіншіден, салада бірінші бас­шы­лар мен медицина қызметкер­лерін ротациялау институтын жаппай енгізу көзделген. 2020 жылдың қарашасында билік жұмы­сын­да коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтем­ақы төлеуден бас тартты. Ал биыл қазаннан бастап Үкімет КВИ жұқ­тырған сырқаттарды емдейтін, солар­мен қоян-қолтық араласатын медицина қызметкерлеріне үстеме­ақы төлеуді де тоқтатпақ. Бұл жағ­дай­да әбден қалжыраған медқыз­меткерлер басын бәйгеге тігуден бас тартып, ковид-ауру­ханалардан және жедел жәрдем қызметінен кете бастауы мүмкін. Ал ротация тетігі ақ халаттыларды «лас» аймақ­та жұмыс істеуге мәжбүр етпек: «не жіберген жерге барасың, не лауазымы­ңнан кетесің» деген кесір таңдау қойылады.

Мәжбүрлі ротация астарында не жатыр?

Осы бастама дәрігерлердің ковид-стационарлардан жаппай кетуіне тосқауыл қоюға бағыттал­ғанын шенеуніктер жасыр­майды: «Бұл норма мемлекеттік меди­цина­лық ұйымдардың қолданыстағы кадр тапшылығын төмендету, сондай-ақ COVID­-19 індетімен күрес бойынша эпидемия­ға қарсы іс-шараларды жүргізу аясында медұйымдардың кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттілігінен туындап отыр», – деген түсініктеме берді Денсаулық сақтау министрлігі. ДСМ-ның бұл ұсынысын Парламент құптаса, онда облыстар мен мегаполис­тер­дің әкімдіктерінің қарамағындағы денсау­лық сақтау ұйымдарының, медкол­ледж­дердің бірінші басшылары және медицина қызметкерлері арасында лауазымдық ауысулар жүргізіледі. Дәрігердің қандай аурухана не емханаға баратынын жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасы шешпек. Ал олар басшылыққа алатын «Ротация жүргізу қағидаларын» Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп, бекітеді. Біраз жыл ДСМ-нің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» дирек­торының орынбасары болған, психиатр-нарколог, патологоанатом-дәрігер, сот сараптамасы саласында қызмет еткен маман Руслан Сатывалдеев мұндай қадам­нан абай болған жөн екенін айтады. «Медицина қызметкерлері ротация­сының біраз қауіп-қатері бар. Мысалы, лауазымдық ауысу салдарынан тұрғын үй, материалдық және басқа да жағдайы нашарлаған медицина қызметкерлері кәсібін тастап, мамандықтан кетуге мәж­бүр болады. Сондықтан ротациялауға жататын қызметкерлерді ынталандыру тетіктерін, әлеуметтік қолдау шараларын енгізетін норманы қоса қарастырмаса, бұл іс бекер болмақ. Жергілікті атқарушы органдарды осы бағытта тиісті шаралар қабылдауға міндеттеген жөн», – дейді ол.

 Сырқаттың өмірі 1 мың АЕК-ке бағаланды

Жаңа заң жобасының ұсыныстары қоғам өкілдерінен де қолдау таппады. Қоғам белсендісі Лаура Сәрсенбаева кәсіби жауапкершілікті сақтандыруды дәрігерлер, қарапайым мейірбике-сани­тарлар есебінен сақтандыру компания­ларының қалтасын толтыру талабы деп бағалады. «Министрлік мұның озық шетелдік тәжірибе екенін алға тартады. Алдымен біздің ақ халаттылардың еңбекақысын сол озық дамыған елдердегі деңгейге көтеріп алсын. Сақтандыру дегеніміз – ауқатты сақтандыру компанияларының әмиянын толтыру. ДСМ-ның бастамасы арқасында олар одан ары байымақ. Ал медицина қызметкерлері төмен жалақы алуын жалғастырады, сырқаттар болса сапасыз медицинадан зардап шеге береді. Қылмыс жасап, адам өлтірген дәрігер де қылмыскер, оны қатаң жазалау керек. Оның жауап­кершілігі мен жазасын жеңілдетуге, құн төлеуді енгізуге мен қарсымын!» – дейді ол. Бұл жерде Цой ведомствосының «пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін төлем мөлшерін есептеу тетігін қолдану» ұсынысы әңгіме болып отыр. Оған сәйкес, 1 сақтандыру жағдайы бойынша сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемі, яғни сақтандыру сомасы келесіні құрамақ: пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян өлімге әкеп соқса – 1 000 АЕК (2021 жылы 2 917 000 теңге). Мүгедек­тік­ке соқтырса: І топ үшін – 800 АЕК (2 333 600 теңге); ІІ топ үшін – 600 АЕК (1 750 200 теңге); ІІІ топ үшін – 500 АЕК (1 458 500 теңге); мүгедек бала үшін – 500 АЕК. Пікір білдірген қазақстандықтар «құн төлеу» жүйесі енгізілсе, дәрігерлердің жауапкершілігі төмендейді деп алаңдайды. «Өз ісіне адал емес дәрігерлер бұдан соң пациенттерді емдеуге тіптен салғырт қарауы, өз ісіне ұқыпсыздық танытуы мүмкін. Дәрігер сырқаттың денсаулығына келтірген зияны үшін заң жүзінде қатаң жаза тартуы керек. Адам өлтірсе, соттал­сын. Жаңа тетіктер жауапсыз дәрігерлердің шідерсіз кетуіне жол ашпай ма? Жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып, қатырып өлтірген дәрігерлерді еске түсіріңізші, егер олар үшін перзентхана құн төлеп, құтқарса, масқара емес пе! Мұндай өзгерістерге үзілді-кесілді қарсымын!» – дейді Светлана Котлярова. Дегенмен ДСМ науқасқа аңдаусыз зиян келтірген медқызметкерлер де жазадан құтылмайтынына сендіріп отыр. Мұның сыртында дәрігерлерді түрмеге отырғызуды қарастыратын Қылмыстық кодекстің 317-бабы шамалы жұмсарғаны­мен, ары қарай сақталады. Жоғарғы Соттың сот актілерінің банкі статис­тикасына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша 2017-2020 жылдар аралығында соттарға медқызметкерлерге қатысты 50 қылмыстық іс түскен. Соның 43-і бойынша 70 адамға қатысты үкім шығарылыпты. 14 адамға қатысты 7 іс прокурорға қайтарылды. Нәтижесінде, 2 медқызметкердің бас бостандығы шектелген. 17 адам шартты жаза алды. 11-і сотталды, бірақ рақымшылыққа ілігіп, жазадан босады. Сотталған тағы 22 адам ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты жазадан құтылды. Сот залында 13 адам ақталды. 5 «ақ халатты» «темір торда» отыр.

Айхан ШӘРІП