Электр энергиясы қымбаттады
Электр энергиясы қымбаттады
© коллаж: Елдар Қаба
1,066
оқылды

Қазақстанда 1 қыркүйек­тен бастап электр энергиясы тариф­­терінің құны қымбат­тайтын болды. Есте­ріңіз­де болса, электр бағасы бұған дейін өңірлерде 1 сәуірде, одан кейін 1 шілдеде екі ке­зең­мен орташа алғанда 3,5%-ға өсірілген еді.

Тарифтерге не түрткі болды?

Энергия өндіруші компания­лардың тарифтері әр өңірдің жағ­дайына қарай әрқалай болады, деген­мен жалпы орташа респуб­ликалық көрсеткіш бойынша 15%-ға артады. Ал түпкілікті тұты­ну­­шыға, яғни сіз бен бізге ол 7,2% көлемінде өсіріп жетеді. Вице-министр Қайрат Рахым­ов­тың айтуынша, жоғарыдағы жайттарға байла­нысты 2020 жылы қыркүйек айында ел аумағындағы энергия өндіруші 45 ұйым­ның 37-сі Энергетика министрлігіне та­рифті көтеру жөнінде өтініш жазған. Ми­нистрлік бұл өтініштің қаншалықты не­гізді екенін жарты жылдан астам уақыт тексеріп, талдау жүргізді. «Электр энергиясын өндіру­ші­лер тарифті 36%-ға өсіруді сұрады. Біз өтініштің орынды-орынды емес екенін жарты жыл бойы сараптаудан өткіздік. Ми­нистр­лік әр жағдайды жекеше алып қарады. Оның ішінде шешімі уақыт күттірмейтін өзекті мәселе­лерге баса назар аударылды. Сөй­тіп, министрдің тиісінше бұйрығы 2021 жылы 5 наурызда ҮЕҰ-дың (үкімет­тік емес ұйымдар) ашық сайтында жарияланды»,– деді Қайрат Рахы­мов. Айта кетейік, тарифті қымбат­тату мәселесі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және министрлікте аккре­дитация­­ланған сарапшылардың қатысуы­мен талқыланған. Мұндай талқылау ҮЕҰ ашық порталының электрон­ды алаңында да өткізіліпті. Талқы­лау барысында электр энергиясы­ның шекті тарифі екі еседен астам төмендетілген. Нәтижесінде, рес­пуб­лика бойынша баға орташа ал­ғанда 15%-ға қымбаттайтын болды.

Бақылаушылар бағаға наразы

Дегенмен қоғамдық бақылау­шы­лар электр энергиясының бағасын өсіруге еш негіз жоқ деп санайды. Тіпті, Нұр-Сұлтан қаласындағы қазіргі тарифтің өзін тө­мендету керек деп отыр. «Астанада электр энергиясын тарату­мен «Астана-РЭК» АҚ айна­лысады, ол 100% қалалық әкімдікке қарайды. Моно­полияға қарсы орган тұрғындар үшін тарифті Квт/сағатына 3,25 теңге деп бекіткен. Сондай-ақ қаланың 30% бөлігін электр энергиясымен жекеменшік «Акмолинский РЭК» АҚ («АРЭК» АҚ) жабдықтайды, оның тарифі Квт/сағатын 4,85 теңгені құрайды. Ал жекеменшік компания шығын­дары­ның бәрін есептей келгенде оның қызметінің құны түпкілікті тұтынушы үшін квт/сағаты 11,93 тең­геден айналады», – дейді тұты­ну­шылар құқын қорғау жөніндегі қоғамдық бақылаушы Марат Бөлек­баев. Оның айтуынша, қалалық энергия торабының қуаты елорда тұтынушыларын «АРЭК» АҚ желі­сін пайдаланбай-ақ толықтай қам­тамасыз етуге жетеді. Ол жөнінде 2016 және 2020 жылдарда жасалған энерготехникалық сараптаманың қоры­тын­дысы да, астаналық прокуратура­ның жарлығы да бар. Егер қалалық энергия торабының қуаты толықтай пайда­ланыла­тын болса, ол астаналықтарға тек электр жарығы үшін жылына 5,8 миллиард тең­гені үнемдеуге мүм­кіндік беретін көрінеді. Сондай-ақ қоғамдық бақылау бары­сын­да «Астанаэнергосбыт» ЖШС 2016-2020 жылдар ара­лығын­да, бақандай төрт жыл бойы тұтынушылардың 7,9 миллиард теңге қаржысын тікелей мақсатта жұмса­мағаны әшкере болды. «Астанаэнергосбыт» ЖШС мен «АРЭК» АҚ – кредиттік желі бойынша банк сыйақысын тариф сметасына қосып жіберген үлестес компаниялар. Егер кредиттік желі бойынша банк сыйақысы тұрғын­дар­дың қалтасынан төленетін болса, онда абоненттердің электр энергия­сы үшін төлеген ақшасы қайда кетті?!» – дейді қоғамдық бақылаушылар. «Астанаэнергосбыт» ЖШС жыл сайын «Астанатеплотранзит» АҚ мен «Астана-Энергия» ЖШС-на жалпы сомасы 7,9 миллиард теңгедей қарызға шығады. Ал оның төлемін тұтынушының иығына артып қойған. Сөйте тұра, тұтыну­шы ол жайында мүлдем бейхабар. Қоғамдық бақылаушылар жалғыз электр энергиясының ғана емес, 2016-2020 жылдар аралығын­дағы жалпы барлық тарифтердің қымбаттаушылығы бойынша кешенді қаржылық тексеру жүргізу керек деп санайды. Сондай-ақ Энер­гетика ми­нистр­лігінің және Ұлттық экономика ми­нис­тр­лігінің тарифтерді негізсіз бекіткен лауазым­ды тұлғаларының үстінен процес­суалдық шешім шығару қажет деп біледі. Марат Бөлекбаевтың айтуын­ша, «Астанаэнергосбыт» ЖШС, «Акмолинская РЭК» АҚ, «Астана-ЕРЦ» ЖШС, «Астана-Энергия» АҚ, «Астанатеплотранзит» АҚ арасында жалпы сомасы 29,2 мил­лиард теңгеге астыртын өзара моно­полистік сөз байласу болған.

Делдалдар үстеме қосады

Энергетика министрлігінің сай­тында электр тарифінің қым­бат­тауына жаңар­тылатын энергия көздерінің, тасымалдау және отын бағасының өсуі себеп болғаны айтылады. Жылдағы айтылатын әңгіме – осы. 2019 жылғы, 2020 жылғы және 2021 жылғы қымбат­шылық да осы себепке байланысты түсіндірілген. Сөйте тұра, электр энергиясын өндірумен байланысты шығындардың қайсы тарифке енгізілгені көрсетілмеген. 2018 жылы Қауіпсіздік Кеңе­сінің отырысында Тұңғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаев энергетика саласы­ның жұмысын сынға алып, тарифтердің қымбаттауын қылмысқа теңеген болатын. Ол кейінгі жеті жылда монополистердің өндірісті жетілдіреміз дегенді желеу етіп, миллиардтаған теңге табыс тапқанын, сөйте тұра энергетикалық компаниялар өздері көрсететін жұмыс құнына қызмет­кер­лерінің сыйақыларын, бонустарын, банктердің несиелік сыйақыларын қоса көрсететінін айтқан. Сол кездегі Энер­гетика министрі Қанат Бозымбаев енді 2025 жылға дейін электр энергиясының тарифтері өспейді деп уәде берген еді. Бірақ тариф жылда қымбаттап жатыр. Уәде уәде күйінде орындалмай қалды. Сонда салалық министрлер ауысқанда бірінің сөзін бірі ескере бермесе керек. Бүгінгі қымбатшылық соны көрсетті. Сондай-ақ электр өнімін өндірушілер мен түпкілікті тұтынушы арасындағы көп санды делдалдарды алып тастау керек деген әңгіме де сол күйінде қалды, бұл талап та әлі күнге орындалған жоқ. Ал олардың әрқайсысы ауадан ақша сауып, өз пайдасын жібермеуге тырысатыны түсінік­ті. Сондықтан станса мен тұтынушы ара­сын­да жабдықтаушы делдал қанша­лықты көп болса, баға соншалықты өсе түседі. Яғни, электр энергиясын өндіруші компа­ния­лардың асыра белгілеген баға­сына аралық делдалдар өз үстемелерін қосып, тарифті одан бетер көтеріп жібереді. Мұның бәрі айналып келгенде халықтың сорын қайнатып отыр.

Дәулет АСАУ